ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АҒАЙЫН!

Бисмилләһир рахманир рахим!

        Бүкіл әлемді жаратқан Аллаһ тағалаға сансыз мақтаулар, соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасалламға  Алланың сәлемі болсын! Әмин!

Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі жерлестер!

Күллі мұсылман әлемінің асыға күткен қасиетті мерекесі – Құрбан айты мүбарак болсын! Баршаңызды әлем мұсылмандарының ұлық мерекесі - Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күнді барша мұсылман бауырларымыз асыға күтті. Себебі, бұл Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер қасиетті Қағбаға жүзін қаратып, Арафат жазығында күні бойы құлшылық жасап, Жаратушы Иемізден ізгі тілек тілейді. Құрбандық шалудың мәнісін ұғыну үшін, ең алдымен, құлшылықтың не үшін жасалатынын білген абзал. Бүкіл ғаламды жаратқан құдіретті Тәңіріміз жер бетіндегі саналы пенделерін тектен-текке жаратпаған. Олардың әділетті қоғам құрып, саналы да, салауатты өмір сүруі үшін Алла тағала тура жол көрсетуге хақ дін жіберген. Мұны қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят),- деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түпкі мәні - Жасаған Иеміздің әміріне бойұсынып, ризалығына жетуге тырысу арқылы тиісінше сауапқа кенелу. Құрбандық шалу мал бауыздаумен шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалылығы мен жалпы адам баласына жанашырлығы таразыланады. Сонымен қатар, пенденің пендешілігі мен тақуалығы, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседі. Мұсылман үшін жеке басының ғана қамын күйттемейтін: «Өзім ішіп-жесем, тоқ болсам басқаларда шаруам жоқ. Олар қалай күн көрсе, солай күн көрсін» дейтін тоғышарлық ниет-пиғыл оған жат. Өйткені: «Көршісі аш кезде өзі тойып түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелерінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады»,- деген хазреті Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері барша мұсылмандарды бір-біріне жанашырлықпен қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, тұрмысы төмендерге қарайласуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Айт намазынан кейін құрбандыққа мал шалу - шамасы келетіндер үшін уәжіп. Алла тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 3-аят),- деп бұйыруы - құрбан шалудың міндеттілігін білдіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!»; «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті»,- деуі де бұған дәлел. Хадисте айтылған «сүннет» - жол деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу - Ибраһимнен (ғ.с.) жалғасқан жол дегенді меңзейді. Мұнымен қатар, құрбандық шалуға байланысты мына екі аятты да ой зердесіне салайық: «Барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген түрлі пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малды белгілі бір күндерде Алланың атымен құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» («Хаж» сүресі, 27-28-аяттар).

Құрбан шалуға жағдайы келмейтін бауырларымызға да жеңілдік бар. Ол - айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі. Абдулла ибн Әмр ибну-л-Астың (р.а.) айтуынша, хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үммет үшін мереке етті», - деді. Осы кезде бір кісі: - Уа, Алланың Елшісі! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан құрбандық шалуыма бола ма?» - деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): - Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін қырынғаның да жеткілікті. Бұл Алла есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең, - деді.

Айт күні ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киім киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару - мұстахаб (жақсы амалдарға жатады).

Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін кембағалдарға таратады. Бұл күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырып, мерекемен құттықтайды. Ол күні мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысуы керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскені абзал. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бару, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қолұшын беріп көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру - сауапты амалдарға жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасына, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да, сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап жатса, нұр үстіне нұр. Бұл мерекеде осындай сауабы мол амалдар - адамдардың бір-біріне деген жылылығы мен сыйластығын барынша арттыра түсері хақ.

 

Ескерту: Құрбан айт намазы 2012 жылғы 26 қазан күні, таңғы сағат 8.30-да облысымызға қарасты барлық мешіттерде оқылады. 

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Мақаладағы пікірлерге RSS арқылы жазылу
  1. ӘССӘЛӘМУ АЛЕЙКУМ
    АЙТ НАМАЗЫ САҒАТ ҚАНШАДА ОҚЫЛАДЫ

Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


9 + = 18