Ербосын Орын: «ҚАБЫЛ БОЛАТЫН ДҰҒАЛАР»

Қасиетті Ислам дінінің қазақ даласына келіп, тарала бастағанына он үш ғасырға жуық уақыт болды. Осынау аралықта дін мен халықтың салт-дәстүрлер өзара бірігіп, біте қайнасты. Дін халқымыздың діңгегі болса, ұлттық ғұрыптар ұстыны болды. Ислам дінінің ханафи мәзһабын ұстанған халқымыз өзінің рухани өрлеуін дін мен дәстүрді қатар ала жүріп, өрістетті.

         Дін мен дәстүрді бір арнада тоғыстырудың нәтижесінде қазақ даласында соңғы ондаған ғасырлардың көлемінде қандай да бір діни, ұлттық алауыздықтарға жол берілген жоқ. Қайта қос құндылықты өзара астастырудың нәтижесінде ұлттылығымыз ұлықталып, халықтық бірлігіміз арта түсті. Дәстүрлі дініміз бен халықтық ғұрпымыздың арқасында үлкенді сыйлау, қонақжайлылық, қиналғандарға көмек көрсету, т.б. қасиеттеріміз қалыптасты.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадисінде «Үш адамның дұғасы қабыл болады, ол кісілермен Алла тағаланың арасында перде болмайды. Олар:

—         ата-ананың баласына жасаған дұғасы;

—         мүсәпірдің дұғасы;

— зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы», -делінген. Яғни, бұл үш кісінің қандайда бір дұғасының қабыл болатындығын білдіріп тұр.

Байқаған жанға бұл айтылғандардың қай-қайсысының болмасын, ізгілікті мұрат тұтатындығы аңғарылады.

Қай ата-ана болмасын, өз баласына тек қана жақсылық тілері анық. Өрісінің кеңейіп, ұрпағының жалғауын тілеген кез-келген ата-ананың тілектері сондай болмақ. Ал қасиетті Құран Кәрім ата-ана мен бала жайлы не айтады? Құранның «Исра» сүресінің 23-24 аяттарында Ұлы Аллаһ тағала: «Раббың өзіне ғана құлшылық қылуларынды әмір етті. Ал егер ол екеуінің (ата-ананың) бірі немесе екеуі де жандарына кәрілік жетсе «түһ» деме. Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөйлеп, екеуіне кішірейіп, мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегендей сенде оларды кеңшілігіңе бөлей гөр де!», — делінген. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Ата-анаға мойынсұнбау – Аллаһ тағала мойынсұнбағанмен тең», — делінген.

Міне, осылайша қасиетті Құранда Аллаһ тағаланы бір деп танығаннан кейін ата-анаға бойсұну, оларды құрметтеу, т.б. жақсылықтарды жасау бұйырылған. Бұл — Алланың жолы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті.

Жоғарыда аталып өтілгендей, қабыл болатын дұғалардың бірі – мүсәпірдің дұғасы. Қазақта «мүсәпір» деген сөз құлаққа түрпідей тиеді. Көптеген азаматтар мүсәпір дегенде үй-жайсыз қалған бейбақты, ешкімі, ештеңесі жоқ бейшара ғаріп жанды түсінеді. Ал мүсәпір дегеніміз – арабшадан аударғанда «сапарда жүрген жолаушы» немесе «сапар қиыншылығын көрген жолаушы» деген мағыналарды білдіреді.

Шын мәнінде, жолаушының жолы өте үлкен. Өз кезегінде ата-бабаларымыз «қырықтың бірі қыдыр, мыңның бірі уәли», — деп жолаушыны қонақ етіп, барынша күтіп, малын сойып, қазанын көтеріп күткен. Бар дәмдісін қонағының алдына тосқан. Мұның барлығы да дініміздегі Алланың  бұйрықтарының дәстүрлі түрде халықтық қасиетімізге енгендігін көрсетеді.

Қасиетті Құранда зекет берілетіндерінің қатарында жолаушыларға да зекет беру мәселесі бұйырылған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  хадистерінде Хазіреті Айша (р.а) анамыз риуаят етіп  айтады: «Бірде үйіме қасында қаршадай екі қызы бар бір жарлы мүсәпір әйел келді. Оларға үйімде бар үш тал құрма бердім. Әлгі ана құрманың екеуін екі қызға берді де, үшіншісін өзі жемек болды. Сөйтіп әлгі құрманы аузына сала бергенде, екі сәбиі бірдей қолдарын созды. Сонда бейшара ана өзі жемекші болған құрманы теңдей етіп екіге бөлді де балаларына берді.  Әлгі әйелдің аналық мейірімі мені қатты тәнті етті, болған оқиғаны Пайғамбарымызға (с.ғ.с)  айтып бердім. Сонда Ол (с.ғ.с):  «Аллаһ тағала ол әйелге аналық мейірімі үшін жәннатты нәсіп етті, яки оны тозақ отынан құтқарды», — деп айтты».

Пайғамбарымыздың қонақты күту жайындағы хадисінде: «Қонақ бір үйге келер кезде он несібемен келеді, оның біреуін ғана өзі пайдаланып, қалғанын сол үйге тастап кетеді», — делінсе, ата-бабаларымыз: «Қонақ есіктен кірсе, несібе тесіктен кіреді», — деп пайғамбарымыздың сөзін қуаттаған. Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде: «Кімде –кім қонағым разы болсын деп дастархан жайып, сол дастарханға 1 дирхам шығын шығарса, Аллаһ тағала ол кісіге 1000 дирхам садақа берді деп сауап жазады», — делінген. Міне, шаңырағымызға келген қонақты күтіп, разы қылып шығарып салып жатсақ, ол кісілердің Сіз үшін жасаған дұға тілектері күмәнсіз қабыл болады. Ал енді үйге жолаушылап қонақ келгенде: «Қонағын жақтырмаған үйдің көрпесі құлайды немесе баласы жылайды», — дегендей көрпенің құлауы, баланың жылауы, ыдыс-аяқтың сылдырауы, т.б. мәселелер қонақтың көңіліне қаяу түсіріп жатса, олардың кері қарай айтқан сөздері де қабыл болып жатады. Құдай осыдан сақтасын.

Қабыл болатын дүғалардың бірі — зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы. Зұлымдыққа ұшыраған адам деп біреуден жәбір көрген, нахақтан-нахақ жала жабылған, біреу үшін күйген, т.б. жандарды айтамыз. Қазіргі қоғамымызда мұндайлардың көптеп кездесіп жатқаны жасырын емес.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  хадисінде: «Шынайы мұсылман болған адам-тілімен және қолымен өзге мұсылман бауырына зияны тигізбеген адам», — делінген.

Сонымен қатар, Аллаһ Елшісі тағы бір хадисінде мынадай 6 нәрсені ұстануды бұйырады:

  1. Ауырып қалған науқастың халін сұрау; Бұл бұйырылған нәрсенің түбінде бауырмалдық, тақуалық пен татулық, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін ояту мәселелері жатыр.
  2. Бір кісі қайтыс болса жаназа намазына қатысып, марқұмның артынан дұға ету;
  3. Бір кісі түшкіріп қалса: «Әлхамдулилләһ» («Аллаһ сізді мейіріміне бөлесін») деп айту;
  4. Зорлық-зомбылық көрген адамға көмек, қолдау көрсету;
  5. Сыйлап, шынайы ықыласпен шақырылған жерге бару;
  6. Мұсылмандардың бір-біріне сәлем беріп, жақсы тілектерді жолдап, тілектестік жасауы.

Зұлымдық, аманатқа қиянат жасау  – халқымыздың табиғатына жат. Бұл мәселе асыл дінімізде де нақтылы көрсетілген.

Қасиетті Құранда: «Сондай ақ жауыздық (зұлымдық жасау) кісі өлтіруден де зор (ауыр күнә) («Бақара» сүресі, 217 аят)», — делінген. Сондай-ақ, «Залым болғандарға (адамдарға жәбір көрсеткендерге қиямет күні де, бұл дүниеде де) жанашыр дос та, сөзі өтетін шапағатшы (ара түсуші) да табылмайды» («Мүмин» сүресі, 18 аят), — делінеді. Түсінген адам үшін зұлымдық жасаушылардың ертеңгі күнінің қалай болатындығы осыдан — ақ анық көрінеді. Ондайларға қиямет-қайым кезінде ешкімнің де арашашы бола алмайтындығы Құранда былай айтылады: «Қиямет күні залымдарға, қиянатшылдарға қол ұшын беретін бірде-бір жәрдемші болмайды » («Хаж» сүресі, 71 аят).

Ежелден имандылықты уағыздаған, достықты, мейірбандықты мұрат тұтқан халқымыздың «Біреудің ала жібін аттама, аманатқа қиянат жасама» деп айтқан өсиеттерінің бүгінгі күнге дейін маңызын жоймай келе жатқаны дін мен дәстүрдің бір арнада тоғысқандығы емес пе?!

Ендеше, қоғам өмірінде кейіннен пайда бола бастаған түрлі келеңсіздіктер мен жат әдеттердің, теріс пиғылдардың халықтығымызға, діншілдігімізге мүлдем кереғар екендігін ұғынатын уақыт жетті. Сондықтан, баршамыз да дәстүрлі дінімізді сақтай отырып, ұлттығымызды ұлықтайық дегім келеді.

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамының

орынбасары, Шымкент қалалық «Абдул Хамит Қаттани»

мешітінің бас имамы                                                              Ербосын Орын

 

 

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу