Ербосын Орын: «ТІЛ — АЛЛАҺТЫҢ АДАМҒА БЕРГЕН НЫҒМЕТІ»

  Аллаһ тағала жер бетіне адам баласын халифа (басшы) етіп жіберді. Жаратушы иеміздің адамға берген нығметінің өлшеусіз екендігі соншалықты, жер бетіндегі кез келген нәрсе адам баласының пайдасы үшін беріліп, соған ғана қызмет етеді.

         Аллаһ басқа жаратылыстардан адам баласын артық етіп, бір-бірлерін тану үшін ұлтқа, ұлысқа бөлді. Бір-бірімен сөйлесу үшін ыммен емес, сұлу да сазды әдемі дауыспен (яғни, тілмен сөйлеу) сөйлесу нығметін берді.

        Ал пенде Аллаһтың берген нығметтерін құрмет етіп, тура жолға пайдаланып жатыр ма? Әлде тілім бар екен деп  жақсылығынан жамандығын асыруда ма?

         «Бал тамған тілден у да тамар» демекші, біреуді тілмен азғырып, жазғырып, ренжітудің нәтижесінде дос пен жақын-жұрағаттардың, ағайын-туыстардың араларының алшақтап кетіп жатқаны жасырын емес. Боғауыз сөз, өтірік-өсек, артық ауыз сөздердің ретті-ретсіз қолданылуының салдарынан қаншама жан жапа шегуде десеңізші?! Бұлардың барлығы да Аллаһ тағаланың біздерге берген ақыл, сана, тіл нығметтерін орнымен, дұрыс пайдалана алмауымызда жатыр.

         Халқымызда тілге қатысты нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Солардан: «Адамға келген он пәленің тоғызы-тілден», «Басқа пәле — тілден», «Тәрбие –тілден басталады», «Тілсіз жерде тіршілік жоқ», «Тіл-сүйексіз, ақыл-түпсіз», «Тіл-татулық тірегі» «Тіл сүйексіз болса да, өзі сүйектен өтеді», т.б. Осы сөздерден-ақ, тілдің маңызының қаншалықты екенін аңғаруға болады.

          Тіліңнің өзіңе дос болуы, жалған дүниеде де, ахирет күні де жақсылыққа жетелейтіндігі сөзсіз. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) уақытында кейбір сахабалардың ауыздарына тас салып жүргендігі туралы айтылады. Себебі түсінікті: тіл арқылы адам баласы көптеген күналарға батады.

          Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде: «Кімде-кім өзінде бар екі нәрсені күнәдан сақтайтын болса, мен оның жаннатқа кіруіне кепілдік беремін дейді. Бірінші-тілі, екінші жыныс мүшесі», — делінген. Қазіргі қоғамда күнә біткеннің басым көпшілігінің осы екі нәрседен орын алып жүргенін ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Аллаһ Елшісі тағы бір хадисінде: «Расында, мен үшін ең сүйіктілерің, әрі қиямет күні маған ең жақын болатындарың – мінез-құлқы ең көркем болғандар. Сондай ақ, мен үшін ең жеккөрініштілерің, әрі қиямет күні менен ең алыс болатындарың  — көп сөйлейтін мылжыңдар, ділмәрісіп аузын көпіртіп сөйлейтін лепірме мақтаншақтар және басынан сөз асырмайтын тәкаппар сөзшеңдер»– деген (Тирмизи жинағы).

        Тілде — сүйек жоқ. Тіл – нәпсіге еру арқылы тәкәппарланады, мақтанады, өсек-аяң айтады, біреуді кемсітеді, біреуге зәбір көрсетеді. Адам тіл арқылы Аллаһ тағала сүймейтін  амалдармен күнәға батады. Ол бір қарағанда байқалмайды да.

         Кей жағдайларда үлкен-кішінің басы қосылып  әңгіме айтыла бастаса –ақ, оның соңының,  мейлі ер адам немесе әйел адам болсын, ғайбатпен бітетіні бар.

          Ғайбат — тілден келетін апаттардың бірі. Ғайбатты (өсекші) әдетке айналдыру, оның әрдайым қайталана беруі — қалыб (иман тұратын ыдыс) рухани ауруына айналады. Ол барша күнәнің рөлі тіл арқылы болмақ.

         Құранда Аллаһ тағала: «Ей, иман еткендер! Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді іздестірмеңдер. Біреуді біреу ғайбаттамасын»,- дейді («Хужрат» сүресі, 12 аят).

        Шариғат бойынша жазықсыз өсектелген адамның күнәсінің жартысын Аллаһ тағала кешіреді де, өсек айтқан адамның сауабының бір бөлігі өсектелген адамға беріледі. Осыған қарап, өсек айтқан адамның жақсылық пен сауаптарын жан-жаққа шашқан адам сияқты деп бағалауға болады.

         Бірде бір адам Хасан Әл- Басриге: «Пәленше деген көрші сені өсектеп жатыр», — деп келеді. Бұған жауап ретінде Хасан Әл-Басри өсекші көршісіне бір табақ халуа апарып береді де: «Сауаптарыңды маған сыйлағаның туралы хабар келді. Соған рахмет ретінде осыларды алып келдім», — деген екен.

        Қазақ халқында: «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Болатын елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, болмайтын елдің баласы бірін-бірі қатын дейді», — деген сияқты ауыр, ауыр да болса ойлантарлықтай нақылдар бар.

            Шын мәнінде, ғайбат айту — тілден келетін апаттардың бірегейі ғана. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) нағыз мұсылман болған пенденің бейнесін былай жеткізеді: «Шынайы мұсылман  — тілімен және қолымен өзге мұсылман бауырларына зәбір тигізбеген адам».

            Өлшеніп берілген осынау қысқа ғана ғұмырымызда Аллаһ тағаланың берген нығметтерін аманат ретінде сезініп, шүкіршілік ету – кім-кімге болмасын, парыз. Қоғамдағы тілден келетін рухани кеселдерден сақтану — әрбіріміздің борышымыз.

Аллаһ тағала баршамызды тілден келетін кесепаттан аулақ етсін, әмин!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамының

орынбасары, Шымкент қалалық «Абдулхамид Қаттани»

мешітінің бас имамы                                                                         Ербосын Орын

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу