Мақтарал ауданы: Колледждегі кездесу

Үстіміздегі жылдың ақпан айының 26 жұлдызында, Ғ. Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық колледжінде ҰҚК ОҚО бойынша департаменті Мақтарал аудандық бөлімінің қызметкері Қарабаев Дәуренбек, Жетісай  қаласы әкімдігінің бас маманы Спанов Әбілда, Мақтарал аудандық орталық «Өткелбай» мешітінің найб имамы Шындаулиев Уалихан,   «Педагогика», «Спорт және өнер» бөлімдерінің оқытушылары мен студент жастардың қатысуымен «Қазіргі қоғамдағы ланкестік пен экстремистік іс-әрекеттер» тақырыбында кездесу болып өтті.

            Кездесуді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н. Б. Жетібаева ашып, жүргізіп отырды. Кіріспе сөзінде қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мұраттың ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Әрине, ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі. Сол болашақтың иелерін тәрбиелей отырып, әлемді, сонымен қатар елімізді бүгінгі таңда алаңдатып отырған түрлі ланкестік іс -әрекеттер мен қоғамға жат қылықтардан сақтандыру – барша саналы азаматтардың қоғам алдындағы борышы. Ал, енді бүгінгі бас қосуымыздың басты мақсаты – барша жастардың бойында экстремистік көзқарастар мен іс-әрекеттерге қарсы тұру қасиеттерін қалыптастыру, әлеуметтік өмірге дайындау, елін, жерін, халқын, жалпы әлемді, адамзатты сүюге, қадірлеуге бағыттау екендігін айта келе келген қонақтармен таныстырды.

Күн тәртібіне байланысты колледждің педагог-психологі Абилкасымова Клараның «Еліміздегі діни секталар әрекеті және олардың қазақ қоғамына әсері» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Баяндамада Алла Тағаланың қалауымен өмірге келген кез-келген адам алдымен жүрекке Аллаһқа деген махаббат, сенім ұялатып, сол сенімнің арқасында ата-анаға, туған жерге, Отанға, тілге деген құрмет қалыптастындығын, соңғы кездері халық арасында, әсіресе жастардың санасын кері бағыттағы мәліметтермен улап, Аллаһқа, Ислам дініне деген сенімге селкеу түсіруге тырысып жатқан кері ағымдардың әрекеттерін, қазіргі таңда шетелдің сыпайылық пен әдептен жырақ дүниелеріне қызығушылығы күн санап артып келе жатқан жастарға материалдық көмек көрсету арқылы санасын улаған секталар өз жұмысын ашықтан ашық жүргізіп жатқандығын, ондай секталар ілімі төмен жандарды Алланың ақ жолынан адастыру арқылы өз топтарына қосатындығын айтты.  Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің көптеген уағызшылары үгіт-насихат жұмыстарын жүзеге асырып келеді.

Дегенмен қазіргі таңда аталған секталарға қарсы күрес жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқандығына тоқталды.

«Орталық Азия аймағында, әсіресе Қазақстанда діни экстремизм мәселесі кең етек жаюда, себебі экстремизм салдары аймақтағы елдерге кері әсерін тигізуде. Сондықтан бұл мәселе әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпай отыр» деп Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев айтқандай, құрметті жастар осындай кері әсерін тигізетін теріс ағымдардан сақ болыңыздар және қоғамға пайда келтіретін салауатты жастар болып жетіле беріңіздер, — деп сөзін қорытындылады.

Шындаулиев Уалихан  — Мақтарал ауданы орталық «Өткелбай» мешітінің найб имамы: Өмірге келгенде әрбір адам мұсылман болып туылады. Балиғат жасына жеткеннен кейін ол өзінің таңдауын жасайды. Сол таңдауды жасау кезінде  адам қателеспеуге тырысу керек, ол үшін ата-ана, қоғам ықпал жасауы қажет. Қытайдың бір аңыз әңгімесінде былай дейді: Таңертең тұрғанда үйге таза ауа кіру үшін терезені ашамыз. Таза ауамен бірге үйге лас ауа да кіреді. Сол сияқты Тәуелсіздік алғалы дініміз, әдет-ғұрпымыздың қайта оралуымен бірге теріс діни ағымдар да көбейді. Сондықтан олармен күресу баршамыздың Отан алдындағы да, дін алдындағы да борышымыз. Сіздердің бірінші міндеттерініз тәртіпті болу, одан кейін білімді болу. Б. Момышұлы айтқандай «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Мұсылман ұрпағы сабырлы болу керек, бір — бірін кемсітпеу керек. Абай Құнанбаев айтқандай адамзаттың барлығы бір-біріне бауыр. Бидайдың сабағы көк кезінде жел тұрса да сынбайды, себебі ол майысқақ келеді. Сол сияқты сіздер де бір-біріңізді сыйлап, үлкендер алдында бидайдың сабағындай иілгіш болыңыздар, — деп сөзін қорытындылай келе жалпы дін туралы мағлұматтармен танысу үшін, білімдерін жетілдіру үшін төмендегі әдебиеттерді пайдалануды ұсынды: «Иман», «Рахмет самалы», жұрналдары, «Ислам және өркениет» газеті, «Дін мен Діл», «Ислам негіздері» кітаптары, «Muftiуat kz», «Kattani.kz» сайттары.

Кездесу барысында келген қонақтарға студенттер тарапынан тақырыпқа байланысты сұрақтар қойылып, қанағаттанарлық жауаптар алынды. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтар төмендегіше болды.

  1.  «Модельер-конструктор» мамандығының 2 курс студенті Тағантұрды Балжан: Теріс ағымдарға заң не дейді?
  2. «Мектепке дейінгі тәрбие беру» мамандығының 2 курс студенті Төлтай Гүлмира:  Қазіргі зерттеулер бойынша теріс діни ағымдағы жастардың сол топқа кіруінің басты себебі неде?
  3. «Технология» мамандығының 1 курс студенті Халходжа Балнұр: Хиджап кию дінге қайшы келе ме?
  4. «Бастауыш сыныптарда шет тілі мұғалімі» мамандығының 1 курс студенті Сұлтан Жазира: Төрт мазһабтың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

 

Кездесуді қорытындылау мақсатында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жетібаева Н. Б. сөзге шықты. Келген қонақтарға колледж әкімшілігі тарапынан ризашылығын білдіріп, Ислам — әлемдегі ең бейбіт, ең таза дін екенін жадымыздан шығармайық! Әр кезде Отан, ел-жер, ата-ана алдындағы парызымызды бәрінен биік ұстап, өмірге адам болып келген соң адамдық құндылықтармен өмір сүруге жастарды шақырды.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу