Аристанов У: Бүкіл қорлаушы (масқаралаушы), өсекшіге нендей өкініш

Ислам дінінде адамдардың арасындағы ауызбіршілікті сақтап, бір-біріне деген көзқарасты жақсарту мақсатында алға қойылған себептердің бірі өзгелерді қорламау, тәлкек етпеу. Өйткені бұл қоршаған ортаның бірлігін сақтауда, адамдар арасындағы бір-біріне деген көз қарасты жақсарту, мейрімділікті арттыру, махабатты күшейтуде және дұшпандық, бір-біріне деген алауыздықты, келіспеушіліктерді жоғалтуда үлкен орын алады. Қорлау, тәлкек ету кейде сөзбен және амалмен, қолмен көрсету, ымдау, лақаб есім қоюмен де болуы мүмкін.

Аллаһ тағала Құраны кәрімнің Хужурат сүресі 11 аятында «Эй мүміндер. Бір ел, бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір біріңді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман. Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар»- деген.

Бұл аятта Аллаһ тағала мұсылмандарға бір-бірін құрметтеуді, өзінен басқалардың абыройын төкпеуге, жерге ұрмауға бұйырады. Ол еркек болсын әйел болсын ешбір пендені сөзбен, қолмен ымдап басқа да жолдармен қорлап оны кемсітіп, масқаралауға болмайды. Мүмкін масқараланған, кемсітілген адамның сырт көрінісі көрімсіз болып, өзі бейшара болып көрінсе де негізінде масқаралаушы, қорлаушыдан жақсырақ болар. Сондықтан Абу Хурайра (р.а)-ден жеткен Пайғамбар (с.а.у)-ның бір хадисінде «Шын мәнінде Аллаһ тағала сіздердің сүреттеріңізге де, малдарыңызға да қарамайды, сіздердің жүректеріңізге және амалдарыңызға қарайды» деген. (Муслим). Бұл жағдайда масқаралаушы білместен Аллаһ тағала абыройын, дәрежесін көтеріп қойған адамды пәс санаған болып қалады. Ондай адамды Пайғамбар (с.а.у) Амр ибн Шағуан (р.а)-нан жеткен хадисінде «Мен мына жеті адамды лағнеттедім. Елшінің дуғасы қабыл болады» деп солардың «жетіншісі Аллаһтың құрметті қылғанын масхаралаған, масхаралағанын құрметті қылғысы келген залым» деген. (Табарани, Хайсами) Оның үстіне қорланған адам ашу-ызасы келіп масқара етушінің де айыптарын іздеуі, егер айып таппаса оған жалған айыптарды таңып оны адамдарға жайуы мүмкін. Абу Хурайра (р.а)-дың жеткізген хадисінде Пайғамбар (с.а.у) «Мұсылманның ар-намысы, дүние мүлкі мен қаны өзге мұсылмандарға харам»-дегеннен кейін қолымен көкірегін нұсқап: «Міне тақуалық мына жерде. Мұсылман үшін мұсылман бауырын өзінен төмен санап, менсінбеуден өткен жаман (қылық) жоқ» деп айтты деген. (Термизи)

Аллаһ тағала Һүмәзә сүресінің 1 аятында «Бүкіл қорлаушы (масқаралаушы), өсекшіге нендей өкініш»-деп олардың жағдайы өкінішті екенін білдірген болса. «Ал адаб ал муфрад» кітабында Айша (р.а) анамыздан руаят етіледі: «Басына қайғы түскен адам бір топ әйелдердің алдынан өтіп бара жатқанда, әйелдер оның үстінен күліп масқаралады (кемсітті). Нәтижесінде олардың кейбірінің басына да қайғы түсті» деген. Сондай екен масқаралаушы, біреуді тәлкек етуші ең алдымен өзіне зиян жеткізеді десек қате айтпаған болармыз. Біреуді масқаралаушы адам жүректерге жамандықтың ұрығын салады және адамдар арасындағы достықты, ауызбіршілікті бұзады.

Аяттың жалғасында Аллаһ тағала біреудің айыбын ашпауға бұйырады.

Абу Хурайра (р.а)-ден жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.у) «Кім бір мұсылманның бұл дүниедегі қиыншылығын кетірсе, Аллаһ т оның қияметтегі бір қиыншылығын кетіреді. Кім бір кембағалдың ісін жеңілдетсе, Аллаһ т оның бұл дүние және ахыреттегі істерін жеңілдетеді. Кім бір мұсылманның айыбын бекітсе, Аллаһ т оның айыбын бұл дүние және ахыретте бекітеді. Пенде өзінің бауырының жәрдемінде екен, Аллаһ т-да оның жәрдемінде болады»-деген. (Муслим, Абу Дәуіт және Термизи) Өйткені біреудің айыбын ашып ар-намысын төгу адамдардың арасында көреалмаушылықты, кекшілдікті келтіріп шығарады. Аллаһ тағала мұсылдмандар бір жан, бір тәнге ұқсайды, сондықтан олар өздерін-өздері айыптамасын дейді. Егер бір мұсылман басқа бір мұсылман бауырын айыптаса өзіні-өзі айыптағандай болады. Адам баласы өзі біліп-білмей қателерге жол қоюуы мүмкін. Сол жіберген қатесі үшін ұялып әрі қателіктерін бекіту үшін әрекет етіп жатырма, ол адамда жақсылық бар. Сондықтан оның айыбын ашуға, баршаға жаюға әрекет ету дұрыс емес. Егер бір адам күнә және кемшіліктерді, істерді ашық жасап жатқан болса, одан жақсылық күтіп болмайды.   Біреудің айыбын жасырған адам негізінде өзінің айыбын жасырған болады. Өйткені Аллаһ т сол істеген ісі үшін оның бұл дүние және ахыреттегі айыбын жасырады.

Сондай-ақ Аллаһ тағала адамдарды өзі жақтырмаған лақаб есіммен атауды да құптамайды. Адамды өзі жақсы көрген есіммен шақыруды пайғамбар (с.а.у) жақсы көретіндігі жайлы Ханзала ибн Хизам (р.а) жеткізген хабарда «Пайғамбар (с.а.у) адамдарды өзі жақтырған есіммен шақыруды, өзі жақтырған куниямен атауды жақсы көретін еді» деген. (Имам Бухари. Ал-Адаб ал-Муфрад).  Омар ибн Хаттаб (р.а) «Үш нәрсе сен үшін досыңның жақсы көруін арттырады. Оған жолыққанда алдын сәлем беруің, жиында оған жай беруің және оны өзі үшін ең жағымды есіммен шақыруың» деген екен.

Мужахид айтады: «Лақаб есім қою бір мұсылман адамды күпірге тиісті есімдермен шақыру» деген. (Ибн Жарир, Табари, Ибн Мунзир)

Ато (р.х) «Бір-біріне лақаб есім қою, бір мүминді Исламға лайық болмаған есімдермен – «эй шошқа, эй ит, эй есек» деп шақыру» деп айтқан. (Ибн Мунзир)

Бұл аятта келген істердің баршасы адамдар арасында келіспеушілікті, көреалмаушылықты, кекшілдікті шығарады. Аллаһ тағала масқаралау, біреуді айыптау және біреуге лақаб есім қою бұзықшылық істерден екенін, кім бұл істерге қол ұрса  Аллаһ тағаланың тура жолынан шығу екендігін баян етеді. Бір адам иманды болғанан кейін оны пасықтық атымен атау дұрыс іс емес екендігін ескертіп, кім сол жаман істерден өзіні тыймаса өзіне зүлім еткен болатындығын және Аллаһ тағаланың ашуына лайықты залым адам болатындығын ескерткен. Сондықтан ондай істерден бойымызды аулақ ұстап. Бір-бірімізді тәлкек етіп абыройын түсірместен, қолдан келсе ауырын жеңілдетіп, айыбын жасырып, жақсы есімдермен шақырып жақсы қарым-қатынаста болайық.

Сарыағаш ауданы Келес өңірі

«Ешан баба» мешіті бас имамы Аристанов У.

Сурет: www.on.kz

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу