Бүгін — мұсылмандар күнтізбесі бойынша Миғраж түні

Пайғамбар жеті көкке көтерілген түн (сейсенбіден сәрсенбіге қараған түн) (2011 жылғы маусымның 28-нен 29-ына қараған түн — 1432 хижра жылының 26- 27-ші ережебі) — мұсылман мерекесі.

Һижраттан бір жарым жыл бұрын ережеп айының жиырма жетінші түнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) — миғраж мұғжизасы берілді. Алла тағаланың құдыретімен, қалауымен ғана болатын кереметтерді, аянды мұғжиза деп атайды. Адамзатқа екі дүниеде шапағатшы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) теңдесі жоқ ірі-ірі ғажайып мұғжизалар берілді. Оның бастысы — Құран. Одан кейінгісі — миғраж мұғжизасы. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) миғражда үш үлкен сыйлық берілді: біріншісі — бес уақыт намаз. Екіншісі — Аллаға шерік қоспаған жанның жәннатқа кіретіні жайындағы сүйінші хабар. Үшіншісі — Бақара сүресінің соңғы екі аяты (Амәна-расулу). Исра және Миғраж оқиғасы миләди 621 жылы ережеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбіде, Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрын болып еді. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен атап өткізу мұсылмандар үшін дәстүрге айналды. Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам меші­тінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда «исра» деп аталады). Одан миғражға — жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі — аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза — Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Алла тағала жеті пайғамбарды миғражбен сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әртүрлі болған. Соның ішінде біздің пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы ерекше өткен. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. ҚазАқпарат.

Поделиться в соц. сетях

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір жазу