Пайғамбар жеті көкке көтерілген түн (сейсенбіден сәрсенбіге қараған түн) (2011 жылғы маусымның 28-нен 29-ына қараған түн — 1432 хижра жылының 26- 27-ші ережебі) — мұсылман мерекесі.
Һижраттан бір жарым жыл бұрын ережеп айының жиырма жетінші түнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) — миғраж мұғжизасы берілді. Алла тағаланың құдыретімен, қалауымен ғана болатын кереметтерді, аянды мұғжиза деп атайды. Адамзатқа екі дүниеде шапағатшы пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) теңдесі жоқ ірі-ірі ғажайып мұғжизалар берілді. Оның бастысы — Құран. Одан кейінгісі — миғраж мұғжизасы. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) миғражда үш үлкен сыйлық берілді: біріншісі — бес уақыт намаз. Екіншісі — Аллаға шерік қоспаған жанның жәннатқа кіретіні жайындағы сүйінші хабар. Үшіншісі — Бақара сүресінің соңғы екі аяты (Амәна-расулу). Исра және Миғраж оқиғасы миләди 621 жылы ережеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбіде, Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрын болып еді. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен атап өткізу мұсылмандар үшін дәстүрге айналды. Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда «исра» деп аталады). Одан миғражға — жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі — аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза — Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Алла тағала жеті пайғамбарды миғражбен сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әртүрлі болған. Соның ішінде біздің пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы ерекше өткен. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. ҚазАқпарат.