Оразаның мақсаты - адамды тәрбиелеу

Бүгін қасиетті Рамазан айының 19-шы күні. Алла Тағаланың разылығы үшін ораза тұтқан жамағат күні бойы ішіп-жеуден, жат қылықтан тыйылып, кешкісін «Тарауих» намазын оқу үшін мешіттерге жиналады.

Мұсылман қауымы тамыз айының 26-нан 27-сіне қараған түні  «Қадір түнін» қарсы алғаннан кейін, тамыздың 30-ы күні ауыздарын ашып, айт мерекесінде қауышады. Рамазан айының ғибадаттарын астаналықтар қалай өткеріп жатқандығын білу және осы айдың қасиеттері мен ерекшеліктері туралы айтып беру үшін әңгімеге «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Төлеби Оспанды тартқан едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

- Төлеби мырза, биылғы оразаның ерекшеліктері туралы айтып берсеңіз.

- Кеше ғана табалдырығымызды аттаған Рамазан айының орта белінен де астық. Бұл айдағы исі мұсылман баласы үшін аса маңызды ғибадаттар ретінде ораза ұстау, тарауих намазын оқу, пітір садақасын беру, ауызашар дастархандарын жаю деп білеміз. Биылғы Рамазанның ерекшелігі сол - осы айда құлшылыққа білек сыбана құлшынып кіріскен жамағаттың ниеті мен ақ жарқын көңілінің жыл санап артуы. Сондай-ақ, биылғы ораза жаз айына тура келіп отыр. Ал енді ораза ұстау ішіп-жеуден тыйылу болғандықтан, күннің аптап ыстығында ауыз бекіту аса қолайлы еместігі түсінікті жайт. Демек, мұсылманның нәпісі сынға түсетін уақыт. Жалпы, кеңсе қызметкерлеріне бұл аса байқала қоймағанмен дала шаруашылығында, қаладағы тазалық жұмыстары мен құрылыс нысандарында және түрлі ауыр жұмыста істейтін мұсылмандар үшін жаз айында ораза ұстау біршама қиындық туғызатыны сөзсіз. Аштықпен қоса аузы кезеріп шөліркегеніне қарамастан бір Алладан сауабын үміт етіп, Рамазан айының парыз болған оразасын ұстауда. Міне, биылғы оразаның бір ерекшелігі осы болса керек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза жайлы айтқан бір сөзінде: «Кімде кім жаман сөз бен теріс іс-әрекеттен тыйылмаса, оның тамақ жемей және су ішпей отырғанының Аллаға керегі жоқ», - деген екен. Демек, әдептілікке қайшы келетін әрбір сөз бен іс-әрекет бұл рухани құлшылықтың сауабын кемітеді. Оразаның мақсаты - адамды тәрбиелеу. Адамның жан дүниесін түрлі жат қылықтар мен жаман әдеттерден тазарту. Оразаның осы қағидаларын басшылыққа алып, ауыз бекіткен мұсылман баласы нағыз ораза құлшылығының дәмін тартуға тырысуы қажет. Ораза ұстаушы жоғарыдағы хадиске сай әрекет етсе, күні бойы аш жүргені ақталып, мол сауапқа кенеледі.  Бұл әрбір адам оразасының ерекшелігі болмақ.

 

  - Хақ дінімізге бет бұрушылардың саны артып келе жатқаны сөзсіз. Биыл ораза ұстаушылардың саны қаншаға жетті деп ойлайсыз? 

- Мұндай статистикалық мәлімет келтіру өте қиын. Жалпы, намаз оқушы, зекет беруші және қажылық парызын өтеушілер сырт көзге сол ғибадаттарды іс-әрекеттерімен орындауы арқылы байқалады. Алайда, ораза ұстаушыны бұлай аңғара алмайсыз. Оразалы адам ішіп-жеуден тыйылғандықтан оны тек өзі және Алла тағала ғана біледі. Сондықтан да Жаратқан қудси хадисте: «…Ораза - Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін…», - деген. Мұсылман баласының әрбір құлшылығы мен іс-әрекеті шынайы түрде бір Алланың ризалығы үшін орындалады. Алайда, оразаның жаз айына келуіне қарамастан шөл мен аштық машақатына төзіп, ораза ұстап жатқандардың саны жылдан жылға артып келе жатқаны байқалуда. Астана қаласындағы басқа мешіттерді айтпағанда «Нұр Астана» орталық мешітінің өзінде 30 мыңға жуық ораза кестесі таратылды. Бұл кесте ауыз бекіту мен ауызашар уақыттарына арналғандықтан ораза ұстаушылар ғана алды деп үміт етеміз. Ал енді бір үйде бір ғана адам ауыз бекітпейді ғой. Мұның өзі көп нәрсені аңғартады.

 

  - Рамазан айына қатысты ғибадаттардың арасында пітір садақасын атадыңыз. Осы жайында қысқаша тоқталып өтсеңіз.

- Пітір садақа Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында төрт түрлі азықтан берілген. Олар: бидай, мейіз, құрма және арпа. Алайда, қазіргі уақытта бұл азық-түліктің кейбірі жергілікті базарда саудаланбайды және күнделікті қолданыстан шығып қалған.

 

Мәселен, Астана қаласында үш ірі («Шанхай», «Артем», «Еуразия») және онға жуық шағын  базарлар бар. Сол базардың біреуінде де бидай да, арпа да сатылымда жоқ. Бұл жағдай басқа облыс пен аудандарда да солай. Осы жағдайға байланысты Ханафи фиқһ пәтуаларын негізге ала отырып, бидай орнына пітірді күнделікті қажеттілігімізге айналған бидай өнімі ұнмен есептеп шығаруда. «Әл-бәхрур-раиқ шарху кәнзид-дақаиқ» кітабында: «Бидайдан  жарты «саъ» етіп берілетіні секілді бидай ұны мен талқанынан да жарты «саъ» етіп беріледі. Олардың (бидай, ұн және талқан) арасындағы баға айырмашылығы еш рөл атқармайды», - деп баяндалған.

 

Пітір садақа мөлшері Астана қаласы мен Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан,  Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстарында 150 теңге болса, Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында 100 теңге болып бекітілді. Бұл - адам болып жаратылғанымызға шүкіршілік ету және мол сауапқа кенелу мақсатында берілетін Рамазан айына тән садақа.

 

Алайда, мейіз және құрмамен де пітір садақасын беруге  болады. Астана базарындағы нарықпен есептегенде 2 келі мейіз бойынша 3000-6000 теңге (1500тг/кг х 2кг - 3000тг/кг х 2кг) аралығында.  Ал 4 келі құрма бойынша пітір садақа мөлшері 11200 теңгені (2800тг/кг х 4кг) құрайды. Шамасы жететін қалталы мұсылмандар осы екі азық түрімен өлшеп пітір садақасын берулеріне болады. Бұл пітір садақаны алушы мұқтаж адамға еш болмаса бір күндік отбасылық қажеті мен азық-түлігіне жәрдем болып, олардың көңіліне қуаныш сыйлайтыны сөзсіз. Садақа берудің мақсаты да сол. Егер кімде-кім бұл бағаны ауырсынса, білсін, пітір садақасын беру күнделікті қажетінен артық байлығы нисапқа жететін қалталы мұсылмандарға ғана міндет. Ал, жағдайы жоқ азаматтар өздерінің қалауы бойынша белгіленген пітір садақаның ең төменгі мөлшерімен бере алады.

 

  - Еліміздің Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі биыл да Рамазан айының қарсаңында кәсіпкерлерге жеңілдік жасау жөнінде үндеу жариялады. Осы үндеуге үн қосып жатқан астаналық кәсіпкерлер бар ма? Жалпы, үндеу бізге не береді?

- Иә, Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің бұл жолғы үндеуі «Жарылқаушы айда жұртқа жеңілдік жасайық» деген атпен жарияланды. Үндеуде Рамазан айының құрметіне ел кәсіпкерлері мен тиісті мекемелерге азық-түліктің, қонақүйлер мен қоғамдық қызметтердің бағасын 10 пайызға жеңілдетуге шақырған. Қоғамдық көліктерде жүру ақысы, коммуналдық төлемақылар және телекоммуникациялық байланыс тарифтерін де төмендетуге үндеген. Бұл тұтынушылардың бүйірін қампайтып, байытып жібермесе де, едеуір жеңілдік болары сөзсіз.

 

Бұл үндеуге үн қосқан мекемелер ретінде «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы,  «Рамстор» сауда орталығы, «Кәусар» халал комплексі, «Бакара» ет комбинаты, «Төрт түлік» халал ет дүкендерін атауға болады. Мұнан басқа да үлкенді-кішілі түрлі деңгейдегі дүкендер жеңілдіктер жасауда. Республика мұсылмандары өз қолдауларын баспасөз құралдары арқылы білдіріп жатыр. Үндеуге үн қосу осы емес пе?! Үндеудің негізгі мақсаты - Рамазан айының қадір-қасиетін арттырып, мұсылмандарға ораза айы кіргендігін шынайы сездіру деп білеміз. Сондықтан үндеу өз миссиясын орындады деуге толықтай негіз бар.

 

Кейбір мерекелер кезінде әр-әр жерден құлағы қылтиып, қылаң беріп қалатын арсыз акциялар мен ұлттық санамыз бен діни қағидамызға жат көріністер орын алып жатады. Өткен жылы Астанада бір сауда орталығында тырдай жалаңаш шешінгендерге тегін киім таратты. Акцияны ұйымдастырушылар «тыр жалаңаш шешінгенде, тәніңді жұртқа көрсеткенде тұрған еш нәрсе жоқ. Қайта біз халыққа мереке қарсаңында осындай шараға қатысып, сыйлық алуына мүмкіндік жасадық. Біздің енді бұл шараны одан әрі дамытсақ деген жоспарларымыз бар», - деп осы бір адамгершілік аясына сыймайтын жиіркенішті қылықтарын үрдіске айналдырсақ деген арам пиғылдарын паш етті. Қайда сондай акция жасағыш жанашырлар? Осындай сауабы еселеп жазылатын айда жұртқа жағымды акцияларды неге жасамасқа?! Міне, Бас мүфтидің үндеуі - мұсылман баласы аламан бәйгеге түскендей игі іс жасауда жарысып, атымтай жомарттықты жанына серік етсе деген ойдан туған дүние.

 

  - Ораза ұстаушының екі қуанышының бірі болған ауызашар жайында айтып өтсеңіз. Жекелеген үйлерден басқа қалада көпшілікке жайылып жатқан ауызашар дастархандары бар ма?

  - Ауызашар дастарханы адамдар арасындағы татулық пен достықты нығайтушы бір фактор. Өйткені күні бойы аш жүрген ораза ұстаушылар уақыт кірісімен алақан жайып, Алладан дұға тілеп, бір дастархан басында ауызашады. Мұның бір көрінісі - «Нұр Астана» орталық мешітінің алдында әр күні 500 кісіге беріліп жатқан ауызашар дастарханы. Бұл дастархан басына мемлекеттік қызметкерлер, іссапарда жүрген жолаушылар, қала тұрғындары мен түрлі әлеуметтік топтағы адамдар жиналады. Мұнда олар байлығы мен мансабы, атағы мен абыройына қарамастан бір-бірін құттықтап, мәре-сәре болып жатады.

 

Сондай-ақ, Астана қаласы, Есіл ауданы әкімі Қайрат Жаңабергеновтің ұйытқы болуымен осы ауданға қарасты 20 дәмхана мен мейрамханада 5-тамыздан бастап 29-тамызға дейін ауызашар дастархандары жайылуда. Оған бас-аяғы 1200 ораза ұстаған кісі қатысады деп күтілуде. Бұл аудан көлімінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шара. Алла разы болсын! Ауызашардың бісмілләсін «Алаша» мейрамханасы бастап, оған қаладағы Ислам дінін қабылдаған өзге ұлт өкілдері шақырылды. Шара барысында орыс тілінде уағыз айтылып, орыс тіліндегі кітаптар сыйға таратылды. Сүйікті Алла Елшісінің (с.а.с): «Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді», - деген хадисін басшылыққа алған мұсылмандардың арасында өз ниетерімен қаланың әр-әр жерінде ауызашар дастархандарын жайып жатқандары да бар. Алла Тағала баршамызға ораза ұстаушыға тән екі қуаныштың келесі бірі болған жәннаттың Рәийан қақпасын қағуды нәсіп етсін!

 

- Сұхбатыңызға рахмет. Алла Тағала мұсылман үмметінің құлшылықтарын қабыл етіп, асыл дінімізге күш-қуат бергей!

АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат

/Гүлмира Алякпарова/



Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*