Иман - Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі

Қазақстандағы дәстүрлі ислам: ерекшеліктері мен құндылықтары.

Дін - кез келген жеке адам, қоғам, ұлт өміріндегі ең маңызды фактор. Дін, сенім болмаса, үлгілі мәдениет құру да мүмкін емес. Тарихта дінге немқұрайды қара­ған мемлекеттер қанша алып болса да, ұзақ салтанат құра ал­маған. Ал бүкіл адамзат тарихында Ислам дінінің алар орны ерекше. Оның ғылым мен білім, мәдениет пен өркениеттің сарқылмас кәу­сар бұлағы екендігін әлем әлде­қа­шан мойындаған. Мың жылдан астам уақыттан бері ата-бабала­рымыз осы Ислам дінін ұстанып, жоғары бағалап келеді.

Дін - кез келген жеке адам, қоғам, ұлт өміріндегі ең ма­ңыз­ды фактор. Дін, сенім бол­маса, үлгілі мәдениет құру да мүмкін емес. Тарихта дінге немқұрайды қара­ған мемлекеттер қанша алып болса да, ұзақ салтанат құра ал­маған. Ал бүкіл адамзат та­рихында Ислам дінінің алар орны ерекше. Оның ғылым мен білім, мәдениет пен өркениеттің сарқылмас кәу­сар бұлағы екен­дігін әлем әлде­қа­шан мойын­даған. Мың жылдан астам уа­қыттан бері ата-бабала­рымыз осы ислам дінін ұстанып, жо­ғары бағалап келеді.

Ислам - адам баласына ай­наладағы жанды-жансыз бар­лық жаратылысқа қамқор­лықпен, жанашырлықпен қа­рап, оларды заңды жолдармен және белгі­ленген мөлшерде пайдалануды әмір ететін дін. Демек, ол тек адам­­­дар арасын­дағы емес, бүкіл жаратылыс арасындағы ғажайып үйле­сім­ділік пен үндестік не­гі­зінде құрылған.

Адамзаттың қазіргі биігінен көз салсақ, тарих көшінің бет алысын түзеп, әлемге ұлы өз­геріс енгізген ірі құбылыстар­дың бірі - Ислам діні екенін көреміз. Бақытқа бастаймыз деген талай идеологиялар тоқырауға ұшырап жатқанда, Ислам діні жаңа із­деністерге жол ашып, жыл өт­кен сайын әлемді баурап бара жат­қаны баршамызға аян. Өйткені асыл дініміз адам баласын үнемі тазалыққа, адалдыққа шақы­рады. Алла тағала мен пайғам­бар­ларға және дүниедегі бүкіл жаратылыс­тарға әділетті болуға үндейді.

Ислам дінінің алғашқы бұй­рығы «Оқы!» болды. Сондықтан мұсылман үмбеті Құранға үңі­лу­мен қатар мына алып ғалам кіта­бын да қоса зерделеуге кірісті. Ұлы шебердің құдіретіне саналы түрде бас июдің ар­тық­шылық­тарын бүкіл адамзатқа түсіндірді. Қа­сиетті Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зү­мәр» сүресі, 9-аят); «Бұлар­дың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый бе­реміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят) деген аяттарды, сондай-ақ «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Ажлуни) деген секілді хадистерді кө­кей­ге түйген мұсылмандар ілім үй­ренуге талпынды. Сондықтан бо­лар, мұсылмандар тәпсір, қи­рағат, фиқһ, кәлам, хадис секіл­ді ислами білімдерді дамыт­қан.

Сондай-ақ ислами ілімдер­мен қатар медицина, мате­ма­тика, астрономия, химия, фи­лософия, тарих, география се­кілді жара­ты­лыс пәндерін де дамытты. Әсіре­се, халифа Ха­рұн Рашид пен Мә­мун кезең­де­рінде мұсылмандар білім де­генде алдарына жан сал­маған. Әр салада әлем мойында­ған озық ғұламалар жетілген. Ай­талық, медицинада - Әбу Бәкір әр-Рази, Ибн Сина; мате­матикада - әл-Хо­резми, Ибн Жәмшид, әл-Би­руни; химияда - Жәбир ибн Ха­йян, әл-Мақсиди; пәл­сапада - Әбу Насыр әл-Фараби, Әл-Кин­ди; астро­но­мияда - әл-Баттани, Али Кушшы; тарихта - әл-Масуди, ат-Табари, Ибн Хал­дун; гео­гра­фия­да - Ибн Батута, Ибн Хаукал т.б.

Ата-бабаларымыз да сан ға­сыр бойы Ислам дінінің осы және өзге де құндылықтарын өмі­р­мен біте қайнастыра ұста­нып, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай ауыз­бір­ші­лікпен бейбіт өмір сүріп келді. Діни дүрдараздық деген ұғым қазақ даласында күні кешеге дейін болып көрген емес. Бар қазақ бір дінді, бір мәз­һабты, бір ақиданы ұстанып келді. Намаз оқыса да, Құран оқып, бет сипаса да, тәспі тар­тып, дұға етсе де ешкім бір-бі­ріне: «мынауың не, сен қате­лесіп отырсың, адасып жүрсің» деп білгішсінгендер атымен болған жоқ. Үлкендер жасы кішілерді мәңгілік тоз­байтын мұсылмандық құнды­лық­тарға тәрбиелеп отырды. Әке ұлын, шеше қызын иманды­лық­қа, көркем мінезділікке, адам­ның қадірін білуге баулыды.

Шариғат ілімінен терең ха­бары жоқ адамдар өзі білмейтін дін ісіне орынсыз араласқан жоқ. Әркім дінді білетін имам-молда­лардың айтқанын заң деп білді. Құранды қастерледі. Намаз оқи­тын адамды сыйлады. Осылайша, мамыражай отыр­ған кезде тарих­тың қараңғы парақтары ашы­лып, Кеңес өкіметі орнады. Нәтиже­сінде дін­ге шектеу қойылды. Ме­шіт­тер қиратылып, Алланың атын айтқан адам қатаң жазала­на­тын болды. Халық діни құнды­лық­тарға қатты шөліркеген за­ман­дар келді. Бірақ ең бастысы, қа­зақ халқы қанша қиналса да, қанша тепкі-теперіш көрсе де, еш уақытта жүрегіндегі иманын ұмытқан жоқ. Осыған өз басым кәміл сенемін.

Кеңес өкіметі тарқаған соң, оның құрамында болған мемле­кет­тердің әрқайсысы өз елде­рінің діни мәселелерін шеше бастады. Әсіресе, тарихи та­мыр­­лары Ис­лам­мен астарла­сып жатқан жұрт­тар өз салт-дәстүрлері, ұлттық өнерлерімен бірге адам рухының негізгі қуаты саналатын дініне де көбірек көңіл бөлді. Ұлтаралық, дін­аралық қақтығыстардың орын алмауы үшін әркімнің се­німі мен ар-ожданына бос­тан­дық берілді. Алайда Кеңес одағы кезінде пайда болған рухани бос кеңістік (вакуум) дәстүрлі емес кейбір діни көзқарастармен толыға бас­тағаны жасырын емес. Өйткені «Құдай жоқ» деген қоғамнан булығып шыққан халық, әсі­ресе, жастар өздерінің дінге арналған жүрек қоймаларын асығыс жағ­дайда толтыруға кірісті. Халық­тың дағдылы түсінігіне жат діни көзқарас­тардың салдарынан кон­фес­сияаралық қақтығыстарға жол бермеу үшін бұрынғы Кеңес құрамындағы мемлекеттердің көп­шілігі қоғамның рухани өмі­рін өз бетінше жібермей, белгілі бір жүйемен басқаруға тыры­с­ты. Сөйтіп, зайырлы мем­лекеттер­­дің өзінде Діни бас­қармалар, мүф­тияттар, мүф­тилер кеңестері құ­рылды.

Ата-бабаларымыздың өмір­лерімен біте қайнасып жатқан Ислам дінімен қайта қауышаты­нына қазақ елі де қуанды. Сөй­тіп, діни сауат ашу, иман шарт­тарын қайта жаңғырту, жо­ғалған діни-рухани құнды­лық­тардың орнын толтыру секілді «қалпына кел­тіру» жұмыста­ры шұғыл қолға алынды.
Дегенмен еліміз егемендігін алып, өз тізгіні өз қолына тиген­де, діндерге рұқсат берілуімен бір­қатар проблемаларға да жол ашыл­ғанын ешкім ә дегеннен се­зіне қойған жоқ. Мәселен, ер­кіндікті пайдаланып, діни сауа­тына қарамай, әркім дін жайлы пікір айта бастады. Дін саласы­ның маманы болсын, болмасын, кез келген адам діни көзқарасын еркін білдіруге құқықты болды. Тіпті тек көз­қарас білдірумен шектелмей, қарапайым халықты түрлі ағымдарға тартқандар да аз болмады. Бірте-бірте дінді емес, өз пікірлерін негізге алып сөз таластыру көбейді.

Сондай-ақ ашық ақпарат­тық жүйедегі еркіндікті пай­далан­ған кейбір радикалды топ­тар Ислам дінін халық ара­сына теріс бағытта жая бастады. Олар мыңдаған жыл­дар бойы дінмен біте қайна­сып келген кей­бір ұлттық қазына­ларды мансұқтап, түкке алғысыз етіп көрсетті. Ал шындығында, ұлт­тық құндылықтар Исламға жат емес еді.

Сондықтан Қазақстан мұ­сыл­мандары діни басқармасы мен оның қарауындағы бүкіл мешіттер ата-бабаларымыз ұс­танып келген Ханафи мәз­һабы мен Матуриди ақидасын бас­шылыққа алып, соған сай қыз­мет етеді. Бұл - ел бірлігі мен ынтымағын одан әрі күшейте түсуге қызмет ету деген сөз. Сондықтан да бұл мәзһаб ар­қылы ұлттың шариғатқа қай­шы келмейтін салт-дәстүрлерін де одан әрі жалғастыруға тиісінше үлес қосу - діндарлар алдында тұрған міндеттің бірі. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2009 жылы Ислам діні мен өркениетіне арналған «Ислам - ынтымақ пен бірлік діні», «Имам Ағзам Әбу Ханифаның туғанына 1350 жыл» атты халықаралық кон­фе­рен­циялар өткізді. Оған алыс және жақын елдерден дінбасылары мен исламтанушы ғалымдар қатысып, келелі ой толғады. Бұл алқалы жиын­дар­дың мате­риал­дары арнайы жинақ болып жа­рық көрді.

Осы тұста тағы бір рет та­рихқа шегініс жасайық. Ислам діні қа­зақ еліне VІІІ ғасырда келді. Ба­ба­ларымыз исламды ұлттық бол­мысына соншалықты жақын бол­­ғандықтан, жүрек қалауымен қабылдаған. Соның нәтижесінде қазақ сахарасына Ислам біржола орнығып, ежелгі Отырар-Фараб, Исфиджаб, Тараз өлкесінде мә­де­ниет пен білім-ғылым бірте-бірте өр­кендей бастады. Мед­реселер мен мешіттер бой көтерді. Оның қабырғасынан Ислам әле­­міне танымал талай ғұла­ма­лар шықты. Мысалы, біз қазір Фа­раб­тан шыққан 30-дан астам Фа­рабилерді, 50-ге жуық Тара­зилер, 40-тан астам Исфиджа­би, Сы­ғанақи, Йассауи, Түр­кістани, Жен­ди секілді бірқатар даналарды білеміз. Әрине, орта ғасырларда Мауараннаһр бір жұрт, бір ел еді. Бұхара мен Са­марқанд, Ташкент пен Мар­ғұ­ланда қаншама ұлан­дарымыз дәріс алды, халқына, асыл ді­ніне беріле қызмет етті. Олар­дың тағы бір тобы білім із­деп Шамға, Бағдад пен Мысырға сапар шекті. Сонда күн кешіп, өш­пес шығармаларын туындат­ты. Сон­дықтан олар Ислам мә­дение­ті мен ғылымының - ұлы өркениетінің үздік өкілдері са­налады. Дәстүрлі Ислам де­генде, әрісі ардақты пайғам­барымыз (с.ғ.с.), берісі осы ғұ­ламалар са­лып кеткен сара жол­ды еске алсақ керек. Бүгін­де әлем халқы­ның төрттен бірі мұсылман болса, солардың жар­тысына жуығы осы мәз­һабта. Бір мәзһабта болу­дың ар­тықшылығы - халықтың бір­­тұтастығын сақтайды, ын­ты­ма­ғы мен бірлігін күшейтеді. Орта Азия мен Қа­зақстанда қан­ша ға­сырлардан бері діни ала­уыз­дық­тың болмай, ұрыс-керіс, дау-жан­жалдан іргесін аулақ ұста­уы­ның да бірден-бір сыры осында. Өйт­кені құл­шы­лық амалдары­ның бір болуы жат пиғылдың тууы­на да, соны себеп етіп, бөлі­нуіне де жол бермейді. Ханафи мәзһабы өзге діни мектептермен са­лыс­тыр­ғанда көп жеңілдік бе­ретін­дігімен әрі демократия­лылы­ғымен де ерекшеленеді. Біздің жар­тылай көшпенді хал­қы­­мыз­дың бұл мәзһабты қабыл­да­уы­ның тағы бір себебі - өз дүние­танымы, болмысына оның тон­ның ішкі бауындай жақынды­ғында. Ха­на­фи мазһабы бо­йынша кімде-кім Алланың бір­лігі мен хазреті Мұ­хаммед (с.ғ.с.) пайғам­бары­мыздың хақ­тығын тілімен айтып, жүрегімен бекітсе, сол - м­ұ­сыл­ман.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ханафи мәз­һа­бын ұстануға бүкіл елді жұ­мыл­дыруға тырысуының себебі осы. Ендеше, елдегі діни ала­уыздықты болдырмай, жұрт­тың ынтымағын одан әрі кү­шейте беру үшін мем­лекет та­ра­пынан да осы мәзһабты қол­дау қажет екені даусыз.

«Бірлік деген сөз - біздің ата-бабаларымыздан қалған өте ұлы, терең мағыналы ұғым. Біз тәуел­сіздігіміздің 20 жыл­ды­ғы ішінде бірліктің арқа­сын­да іргелі ел болдық» деді Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақстан халқы­ның бірлігі ме­рекесінде сөй­леген сөзінде. Сондай-ақ, Ел­­басы «Бірлігі бар ел озар, бір­лігі жоқ ел тозар» деген аталы сөзді жиі айта­ды. Ра­сында да, қа­зақ халқы атам за­м­аннан бері бірлікке, тұтас­тық­қа, ба­уыр­мал­дыққа ерекше ден қо­йып келеді. Бірлік - біздің ел­­дігіміз бен азат­тығымыз­дың ақ туы. Қандай заман болсын, қазақ халқы бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шы­ғаруға да­йын тұрған. Осы қасие­тімізді ешқашан жоғалтып ал­ма­уымыз қажет. Біз қандай жағ­дайда болсын, алға ұмты­лып, мемлекеттік идеяның төңі­регіне топтасып, жылдар бойы тарихтың сынағынан сүрінбей өткен Ата заңымыз бен басқа да заңдары­мызға құрметпен қарап, өмір сүр­геніміз абзал. Біздің мақсаты­мыз - ради­кал­ды идея­ларға зейін қоймау, өйткені бұл - біздің жү­ретін жолымыз емес. Ислам - із­гілік пен бейбітшілік діні. Бұл Құ­ранда да анық көрі­ніс тапқан. Исламның мағынасы­ның өзі кез келген адамға жақсылық пен бей­бітшілік тілеу дегенді білді­реді. Ислам дінінің бірлік пен татулыққа, бейбітшілік пен ба­уырмалдыққа үндей­тінін оның тек бір ру, тайпа, халық не елдің ғана діні емес, ке­рісінше, Жарат­қанның барша адам­дарға бір-бірімен бауырласуы, дос­тасуы, бірігуі үшін жіберген діні деген ұғым­нан да анық көрінеді. Енде­ше, осындай асыл дінді атам за­маннан бері ұстанып келе жат­қан қазақ халқы өзінің ізгі­лігінен, қа­йырымдылығынан, татулы­ғы­нан, сабырлылығы­нан ешқа­шан да ай­нымауы қажет.

Бүгінгі күні елімізде Ислам діні дамып, өркендеп, өсу жо­лын­да. Мұны өз еліміз тұрмақ сырт көз сыншыларымыз да та­нып-біліп, мойындап отыр. Мұн­да дініміздің қамқоры, әрі сү­йеніші Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың рөлі өлшеу­сіз. Былтыр ғана оның тікелей тап­сыр­масымен Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры құрылып, ел мұсылман­да­ры үшін сұра­ныс­тағы көптеген діни кітаптар мен кітапшалар мол таралыммен шы­ғарылып, мешіттер арқылы жа­мағатқа тегін таратылу үстінде. Қордың алдағы жоспарында қажетті діни кітаптар, оқулықтар шы­ға­румен қатар қазақ топы­ра­ғындағы Ислам ғұламалары­ның еңбектерін шетелдік мұрағат­тардан тауып, зерттеп, зерде­леп, тәржімалап, араға қаншама ғасырлар салып, халқымен қайта қауыштыру міндеті тұр.

Діни басқарманың ұсынуы, Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен соңғы жыл­дары дініміздің ең ұлық мерекесі - Құрбан айт еліміз бойын­ша демалыс күні болып жариялан­ды. Бұл да дәстүрлі Ислам дінін өркен жайдыруға қосылған үлес деп білемін.

Сондай-ақ 2011 жылы мау­сым айында Астанада өткен бү­кіл­әлемдік Ислам экономи­ка­лық форумында Елбасымыз бүгінгі Ислам әлемінің ахуа­лына жа­на­шырлықпен қарап, былай дегені есімізде: «Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын мұ­сылман әлемі өзінің экономика сала­сын­дағы әлеуетіне мүлдем сай кел­мейді. Мысалы, үлкен се­гіз­діктің ішінде мұсылман үм­бе­тінен бірде-бір ел жоқ. Бұл - Ис­лам экономикасының әлем­дік ауқымдағы нақты салма­ғы­ның айқын көрінісі. Үздік жо­ғары оқу орындарының ал­ғаш­қы жүз­дігінде қанша Ислам мемлекет­терінің универ­си­теттері бар? Ис­лам дүниесінің ішінен соңғы жиырма жылда жаратылыстану және техника ғылымдары саласы бойынша Нобель сыйлығының қанша иегері шықты? Ислам әле­мінің қанша жаһандық тех­но­ло­гия­лық инновация өмірге жол ашты? Біз бұл сауалдарды алды­мен өзімізге қойып, таяу бола­шақ­та лайықты жауабын беруі­­міз қажет деп санаймын». Сон­дай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ислам діні лаңкестікті лағнет­тейтінін бә­ріміз білеміз. Тек бі­леміз деу жет­кіліксіз деп ой­лай­мын. Ата дініміз лаңкестік тұр­мақ, кез келген зорлық-зом­бы­лыққа жол беруді жөн көр­мейді. Сондықтан өз ішімізден шыққан дін атын жа­мылып, лаңкестік жасаушы қан­дайда бір ұйымдар мен жекеле­ген топтардың бейбастақ әрекет­теріне тойтарыс беруге тиіспіз» деген ойын ортаға салды.

Иә, осы олқылықтарды оң шешу үшін де дәстүрлі Ислам ді­нінің нығая түсуі тиіс. Мұсыл­ман­дар жік-жікке бөлініп, әрі-сәрі болып жатса, ондай биік мұраттарға қол жеткізу мүмкін емес. Ал елімізде дәстүрлі Ис­лам діні қанат жаяр болса, елдің эко­номикасы да, әлеу­меттік тұр­мыс-тіршілігі де, білім-ғы­лым саласы да, адамдар ара­сын­дағы қарым-қатынас та қар­­­қындап дамитыны шы­н­дық. Өйткені Ислам діні сыртқы тазалықпен қатар ішкі ру­хани тазалыққа да шақыратын­дық­тан, мұсылмандар жүрек та­залығына да қатты көңіл бөледі. Сол себепті өтірік, өсек, біреуді біреумен шағыстыру, балағат сөз, күндеу, қызғаныш секілді жек­сұрын қылықтардан бойды аулақ ұстайды. Әрдайым азды қанағат тұтып, ешкімнің ала жібін аттамауға тырысады.

Ислам діні қоғамда жауап­кер­­шілік деген ұғымның маңы­зын ұқтырды. Хадисте: «Патша мем­лекетке жауапты. Отағасы отба­сына жауапты. Малшы малына жауапты. Әйелі отаға­сы­ның мүлкіне жауапты. Әркім қара­ма­ғындағыларға жауапты» (Бұхари, Жұма, 11) делінгендік­тен, әр мұ­­сыл­ман өз ісіне үлкен жауап­кер­шілікпен қарады. Әбу Бәкір (р.а.) халифа тағайын­дал­ғанда, жа­уапкершіліктің зіл бат­пан ауырлығын сезіп: «Уал­лаһи, осын­шалықты жауап­кершілік жүк­телген адам болып жаратыл­ған­нан гөрі түйе жей­тін жантақ бол­самшы?!» деп әр­дайым терең күй­зелісте жүр­гені белгілі. Ал ел бас­қарған кезінде халифа Омар­дың (р.а.) «Егер Евфрат өзенінің жа­ға­сында бір түйе жоғалса не­месе өздігінен суға батып өлсе, Алла оның да есебін менен сұрай ма деп қорқам»; «Ең жақсы адам - маған кемшіліктерімді айтқан адам» деген мазмұны терең сөздер айтқаны мәлім. Бұл - Исламда жа­­уапкер­шіліктің маңызы қан­ша­лықты жоғары екендігіне дәлел.

Дәстүрлі Ислам діні сондай-ақ түрлі азғындықтарды ауыз­дап, қоғамда ізгіліктің үстемдік құ­руын қамтамасыз етеді. Исламға дейінгі араб қоғамы­ның «қараң­ғы­лық дәуір» деп аталғаны тарих­тан белгілі. Небәрі 23 жыл ішінде араққұ­мар­лық, нәпсіқұмарлық, зина­қор­лық, әділетсіздік, қаті­гез­дік, қыз баланы тірідей топы­рақ­қа көму секілді көптеген қо­ғам­дық індеттер түп-тамырымен жойылды. «Жәннат - аналар­дың та­ба­нының астында» (Нә­саи, Жи­һад, 6) дейтіндей ана­ның, қыз баланың құрметі өсті. «Ұят - иманнан» (Бұхари, «Иман») де­лініп, ибалылық пен ұяттылық артты. «Көршісі аш кезде өзі тоқ жатқан адам біз­ден емес» (Хаким, ІІ, 15) делініп, мұсылмандардың бір-біріне деген жанашырлығы молайды. «Өзеннен дәрет алсаң да, суды ысырап етуге болмайды» (Ибн Әби Шайба (713) Әбу Дар­да) де­ген сыны биік, сыры терең ұс­танымдар жолға қойылды. Дәс­түрлі дінімізді дамытсақ, бұ­ған қол жеткізуімізге бо­лады.

Қорыта келгенде, Ислам діні - адамзат ойлап тапқан ешбір жүйемен салыстыруға кел­мейтін, жан-жақты толысқан иләһи жүйе!
Кемел мәдени феномен!
Гуманизм мен бейбітшілікті жақтайтын татулық діні!
Өнерді қолдаған, ақыл-ойды кемеліне келтірген, ғылымды дамытқан ұлы дін!
Дәстүрлі Ислам діні - әрісі пай­ғамбарымыздың, берісі Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Сүлеймен Бақырғани, Сұлтан аз-Захир Бейбарыс, Ха­физ ад-Дин Кердери, М.Х. Ду­лати, Хасан Әли Жалайыри секілді ата-бабаларымыздың, бәрінен бұрын ұлы Алла тағала­ның асыл аманаты, ертеңгі нұрлы болашағымыздың үміті, баянды бақытымыздың кепілі. Бүгінгі ұрпаққа дейін келіп жеткен осы қасиетті аманатты көздің қара­шығындай қорғау, рухани құн­дылықтарымызды дәріптеу - қазіргі әрбір иісі мұ­сылман бала­сының қасиетті борышы. Бұл бо­рыш біздің қоғамда жүрегі Алла деп соққан, «мұсылман үм­беті» деген атқа лайық азаматтар қатары көбейген сайын өз дең­гейінде атқарыла берері сөзсіз.

Сөз соңында, бір ұсынысым­ды да жеткізе кетейін. Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қармасы ғылыми-зерттеу орта­лығын аш­қалы отыр. Мемлекет тарапы­нан осы ғылыми орталық толық­тай қаржыландырылса деген ойдай­мыз. Бұл орталықта халқы­мыз­дың ғасырлар бойы ұстанып отыр­ған мәзһабымыз бен имам Ағзамның өзі жайлы, имам Мату­риди ақидасы жайлы зерттеу жұ­мыстары жүргізіліп, құнды ең­бектер жарық көретін болады. Сондай-ақ осы қазақ топыра­ғынан шыққан Орта Азияға танымал дін ғұламала­рының ең­бектерін халықпен қауышты­руы­мыз керек. Хусам ад-Дин ас-Сығ­нақи, Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби, Хи­батулла ат-Тара­зилер, сол секілді Женди, Кер­дерилер бәрі де көрнекті Ислам ғұла­ма­лары болған. Олардың бірталай қолжазбаларын елге алып кел­дім. Енді оларды қазақ тіліне ау­дарып, елге тарату кезек күт­тірмейтін іс болып отыр. Олар­ды қарапайым халықтың қо­лына жеткізсек, онда шетел­дер­ден келіп, өз идеологияларын тықпыштап отырған келімсек ағымдардың әсері жойылатын болады. Қазіргі радикалды топ­тардың әсерінен құтылу тә­сілінің бірі осындай ағартушы­лық жол деп білеміз. Жаратушы иеміз хал­қымызды бірлік-ынтымағынан ажыратпасын! Әумин!

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти

Айқын.кз



Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*