Марқұм болған өнер саңлақтарына арнап ауызашар берілді

Шардара өңірі саңлақтарынан қашаннан кенде болмаған. Арыға бармай - ақ өткен ғасырдың екінші жартысында туылып, ғұмыр кешкен ауданның бүкіл Қазақстанға әйгілі азаматтары жазушы Жәлел Кетттебеков, композитор Мамыр Жалаңбасов, суырып салма ақын Камал Ендібаев, әнші  жырау Зұлпыхар Исаев бастаған өнер саңлақтары қаншама. Шардара 1969 жылы өз алдына аудан атанып, шаңырақ көтергелі бері бірнеше өнер саңлақтары өмірге келіп, қаншасы бақилық болып кетті.  Содан бері ел еркесі болған өнерпаздардың отызға жуығы өмірден озды. Бақилық болды. Солардың дарыннан үлгі алып,  алғашқы өнер табалдырығын аттаған өнер қуған жастардың алды жігіт ағасы жасқа жетіп, ел арасына кеңінен танымал болды.

Егеменді ел болып дін мен тіліміз бостандыққа қол жеткізгелі қазақтың байырғы салт - дәстүрі қайта жаңғыртылды. Соның бірі ата - баба әруағына беру дәстүрі. Қазақта «Өлі разы болмай - тірі байымас» деген нақыл сөз бар.  Сол өз өнерлерімен туған өлкенің серілері мен салдарының көпшілігі жігіт ағасы жасынан  аспай бақилық болған. Қазіргі осы өңірге белгілі өнер иелері Әбдіғаппар Айдаров, Нұрмахан Қары және Аманғали Ниязов бастама көтеріп, өнер жолында жүрген азаматтардын  қаржы жинап, өмірден озған саңлақтарға арнап, «Тұран» тойханасында 200 - ден аса кісіге ауыз ашар берді. Ауыз ашарда аудан имамы Асылхан қажы Данияров өнер саңлақтарының әруақтарына арнап құран оқыды.

Аудан әкімі Марайым Марғұлан Зұлқарнайұлы мәдениет және әдебиет саласы қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. Ифтарға арнайы шақырылған ауданның құрметті азаматтары атынан Шерехан Бекшораев, Жамал Төлешова марқұм өнерпаздардың әруағына иман тілеп, естеліктер айтты. Осы асты ұйымдастырушылардың атын атап атауды жөн көрдік. Оңласын Төлегенов, Нұрғалы Мырзахметов,  Аманғали Ниязов, Бекжан Сманов тағы да қазіргі ауданға  игі шара ұйымдастыруға қосқан үлестері алғысқа лайық. Аудан өнерпаздарының ақсақал Тәшман Шекеров өмірден озған өнерпаздарға арнап жазған термесін алғаш рет домбырамен орындап берді. Асқа арнайы  шақырылған марқұмдардың туыс, бауырлары, ұл - қыздары ұйымдастырушыларға жүректен шыққан алғыстарын, көздеріне  жас ала тұрып жеткізді. Аудан өнерпаздардың жақсы бастамасын қолдап, алғыс айтпаған жан болған жоқ. Көпшілік «Өркендерің өссін», шығармашылықтарың жарқырай түссін! деген тілекпен тарады.

 Шардара қаласы аудандық өскен өңір газеті Б. Шырынбеков



Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*