Ораза ұстайтын орыс жігіті…

Солтүстікқазақстандық Павел Лященко денсаулықты қалыпты ұстаудың жолын біледі. Ол ораза айында ауыз бекітіп, мешіттен Рамазанға қатысты әдебиеттер алып оқиды. Орыс жігітінің бұл саналы әрекеті бөгде адамдарға қызық көрінгенімен, әріптес-достарына жақсы таныс. Өйткені Павелдың рамазан айында ораза тұтқанына биыл жетінші жыл.

Ақерке Қабыкеева, тілші:

Павел Ляшенко – еркін күрестен жаттықтырушы. Күніне екі рет боз кілемде балаларға күрестің амал-айласын үйретеді. Шеберлікті шыңдау үшін өзі де бір мезгіл жаттығады. Оның пікірінше, ораза тұту ғаламдық тәрбие мен имандылықтан бөлек физикалық тұрғыдан да аса қажет шарттардың бірі. «Бұл әсіресе спортшыларға керек-ақ», - дейді Павел.

Павел Ляшенко, СҚО спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жаттықтырушысы:

Оразаны бірінші рет ұстаған кезім. Жаттығуға келдім. Өзімді соншалықты жеңіл сезінем деп ойламаппын. Сальто жасау кезінде тура 12-13-тегі баладай сезіндім өзімді.

Алғашында өзінің ерік- жігерін сынау үшін мұсылман достарына еріп қызығушылықтан ауыз бекітсе, кейін кәдімгідей иланды. Өйткені жақсылығын көрді. «Оның шарттарын оқып білді. Ораза тұту – ағзаны ғана емес, ойыңды өзге пиғылдан да тазартады», - дейді ол. Кесте бойынша сәресі ішіп, ауыз ашатын Павел бұл айда  доңыз етінен де бас тартатын көрінеді.

Павел Ляшенко, СҚО спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жаттықтырушысы:

Мешіттен барып кестесін аламын. Ораза ұстау уақыты жылда 11 күнге шегеріліп отырады. Қыста оңай, жазда биыл алғаш рет ауыз бекіттім. 16 сағат нәр сызбай шыдау арқылы спортшы аса қажет жігерді қайрайтыны анық. Менің егізім бар. Оразаны екеуіміз бірге ұстап жүрміз.

«Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Қасымхан Исаевтың сөзіне қарағанда, соңғы жылдары өзге дін өкілдері арасында ауыз бекітушілер көбейген. Оларды облыстағы дін өкілінің айтуынша ораза тұтушылар қатарына қосуға болатын сияқты. Ал ораза ұстаудың пайдасының көп екені сөзсіз.

Қасымхан Исаев, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

Француз ғалымы, доктор, Нобель сыйлығының иегері Алексей Корель ораза ұстаған кезде организм жаңарады, дейді. 11 ай бойы ағзада жиналған қор шығады. Жалпы, ораза ұстау бір халыққа, не болмаса бір тайпаға берілген жоқ. Ниеттенген адамның қайсы болмасын ауыз бекіте алады. Бірақ, Исламда сырқаттарды, алыс жолға шыққандарды, жүкті әйелдерді бұл парыздан босатады.

Павел Ляшенконың солай айтуға болатын болса, биыл ораза ұстағанына жетінші жыл.  Жан-тәнім тазарып, бір жылға жетерлік қуат алдым, дейді жаттықтырушы.

Ақерке Қабыкеева. Ақпарат көзі…


Мақаладағы пікірлерге RSS арқылы жазылу
  1. енди орыстын ораза устаганы да дареже болды ма бейшара казак

  2. бірақ, исламды әлі қабылдамаған ба?

Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*