Шәууәл айының нәпіл оразасы

Дінімізде кейбір уақыттардың өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Рамазан айының артынша келетін Шәууәл айының да өзіне тән артықшылықтары көп.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады,» - деп бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген (Сахих Мүслим). Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» - деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз.

Шәуууәл айының нәпіл оразасын арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде ұстауға болатыны секілді қатарынан ұстауға да болады.

Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі қазасын өтейді ме, әлде осы нәпіл оразаны ұстайды ма деген орынды сұрақ туары сөзсіз. Бұл сұраққа ғалымдардың жауабы мынандай:

Рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы. Оны орындау - парыз. Ал Шәууәл айында 6 күн ораза тұту - Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) сүннеті. Ол мол сауабы бар нәпіл оразаға жатады.

Ораза қазасы неғұрлым ерте өтелгені абзал. Себебі адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс. Бұған қоса жоғарыда келтірілген хадисте «Рамазан оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса» делінгенін ескерсек, әуелі Рамазанның қазасын өтеудің абзалдығын ұғамыз. Сондай-ақ алдымен Шәууәл айының оразасын ұстап, содан соң парыз оразаның қазасын өтеуге болады дейтін ғалымдар да бар.

Ал осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ бұл нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Әсілінде, әр оразаны жеке-жеке ұстау қажет. Бұл жоғарыда келтірілген бір жылдық сауаптың математикалық есебіне де сай келіп тұр.

Алла Тағала ниеттерімізді қабыл еткей. Әмин!

ҚМДБ Уағыз-нәсихат бөлімінің бас маманы

Ұтысхан Алтынбек


Мақаладағы пікірлерге RSS арқылы жазылу
  1. Ассалаумағалейкум қадірлі жамағат! Қасиетті Рамазан айындағы Алла ризалығы үшін тұтқан оразаларыңызды Алла Тағала қабыл еткей! Әмин! Мен қасиетті Рамазан айы туғанда кеудемді қуаныш кернеп, шын жүрегімменен ниет етіп оразамды ұстап бастаған болатынмын. Оразаның алғашқы түнінде аузынан Алласын тастамаған күйінде әкем Отарбай қайтыс болды. 10 - 15 минуттай бұрын ғана әкемнің қол аяғын сипап, құранымды оқып Алладан жәрдем сұраған болатынмын. Алла Тағала сездірді ма қайдам, әкемнің ағасы бөлмеге кіріп мені бөлмеден шығарып жіберді. Мен құранымды құшақтап ас үйде отырып 10 - 15 минуттай уақыттан кейін әкем жатырған бөлменің алдына келсем үлкендер әкемнің о дүниелік болғанын ыммен түсіндірді. Ораза басталған күні таңертең әкемді қасиетті Рамазан айының басталуыменен құттықтап, әкеме арнап жүрекжарды ақ тілектерімді айтып, өзімнің Алланың қалауыменен ораза ұстағанымды толқып тұрып жеткізген болатынмын. Мүмкін емес, таңертең ғана ерекше қуанышпен басталған күнімнің кешкісінде орны толмас қайғы құштым. Бір қуаныш, бір қайғы. Екі көзімнен жас парлап бұл фәни дүниенің еш мәні қалмағандай болды. Жан әкемнен айырылып, жүрегім қан жылап қапыда қалдым. Әкем Отарбай біреудің ала жібін аттамаған, шыншыл жан болды. Әкемнің бізді, яғни балаларын үнемі қалай айналып толғанатынын сөзбен жеткізе алмаймын. Бала десе ішкен асын жерге қоятын өте мейірімді адам болды. Ес білгелі бетімізге бір шапалақ беріп, қатты сөз айтып айқайлап көрген жоқ. Аузынан үнемі Алласы түспейді, аузына сусын беріп тамақтандырған Алласына шүкірлік етіп мадақ айтпай, ешқашан тамақтанып көрген емес. Әкемнің жақсы қасиеттерін жазып тауыса алмаспын. Рамазан айында тозақтың есіктері құлыпталып, жәннаттың қақпалары айқара ашық тұрады, әкем Отарбайдың жанының жәннаттан болуын дұға етіп Алладан тілеймін! Әкемнің Рамазан айының алғашқы күнінде қайтыс болуының өзі тетен тек емес, бұл да бір Алланың әкеме берген үлкен сыйы болар деп өзімді жұбатып, сабырға келдім. Алла қаласа енді Шәууәл айының да 6күн оразасын тұтып, Алла қаласа 1 жылдық оразаның сауабын жинасам деген ниетім бар! Раббым - Алла, пайғамбарым - ардақты Мұхаммед ( с.ғ.с ), дінім - Ислам екеніне шүкіршілік етемін, разымын! Барша адамзат баласына Алла Тағалам хақ дінді - Ислам дінін нәсіп еткей! Әмин! Ата - анамызды тірісінде аялайық, сыйлайық, жақсы көрейік, қадірлейік, сұм ажал ойда жоқта ата - анамызды жұлып әкетіп орны толмас өкініште қалмайық ағайын!

Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*