Мәбрур қажылық

Исламның бес негізінің бірі  қажылық  мал-мүлікпен һәм тән арқылы орындалатын ғибадат. Сан алуан сырларымен ерекшеленген қажылықты лайықты түрде орындай білу, тек қана шынайы жүрек пен кәміл иман әрі жоғары парасаттылық арқылы мүмкін болмақ.

Пайғамбарлардың  алғашқысы хазреті  Адамнан  (ғ.с.)  ақырзаман пайғамбарына дейін өз жалғасын тауып, мына дүниенің өзінде махшарды көз алдына елестетіп, «өлмей тұрып өліңіз!» деген сөздің ішкі сырын түсінуге себепші болатын ұлы ғибадат.

Хазреті Адам мен Хауа анамыздан бастау алатын адамзат дін нәрі мен бақытын сезініп өмір сүру үшін қазіргі қасиетті Меккедегі Қағбаның орнын алғашқы ғибадатхана ретінде қолданған. Уақыт өте келе адам баласы әртүрлі аймақтарға тарыдай шашылып,  қоныс тебеді. Сосын араға қаншама ғасырлар салып, ұрпақтар хақ діннен ажырап, танымастай дәрежеде өзгерді. Тіпті, Қағбаның орны тегістеліп,  ұмыт болды.   Ибраһим (ғ.с.)  пайғамбар Аллаһ тағаланың әмірімен Қағбаны қайта қалпына келтірді. Дұға етіп, аймақтың гүлденіп, берекеттенуіне дәнекер болады. Аллаһ тағала мұны Құран кәрімде былайша  баяндайды:

«Кезінде Ибраһим былай деген: «Тәңірім!  Бұл жерді і тыныштық мекені  етіп бер (Меккені). Мені де менің ұрпақтарымды да пұтқа табынудан аулақ ет.

Тәңірім! ( Сағат ғибадат етсін деп)  ұрпағымның бір бөлігін  Сенің қасиетті үйіңнің  (Меккенің)  төңірегіндегі  егін салынбаған  бір алқапқа орналастырдым.  О, тәңірім!  Кейбіреудердің назарын (жүректерін) енді соларға бұр.  Түрлі жемістермен ризық бер, соларға қарап шүкіршілік ететін болсын! ( «Ибраһим» сүресі, 35, 37-ші аяттар). 

 Қажылық  құлшылығы  Исламнан бұрын да болған. Алайда, мүшіріктер оны ғибадат ерекшелігінен ажыратып, бейне бір елдің белді де беделді адамдарына қарсы адамның арын арлайтындай салтанатты түрде өтетін рәсімге айналдырды.  Негізінде  арабтар арасындағы беделді тайпа құрайшытықтардан өзгелерінің  ер-әйелдерінің барлығы жалаңаш күйде Қағбаны тәуәп  ететін.  Олардың киінуі  құрайыштардың рұқсаты мен жомарттығына байланысты еді.  Құрбандық шалғанда, малдың қанын Қағбаның есігі мен қабырғасына жақса, ал, оның  етін алаулаған отқа тастайтын.

Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) Пайғамбар болып келуімен мұндай әрекеттердің барлығына тыйым салынды.  Исламдағы әрбір ғибадаттың негізгі мақсаты – Аллаһты зікір етіп, кешірім тілеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке мен Мәдинада салауатты өмір сүріп, өзгелерге де осының озық үлгісін көрсетті.

Қажылықты орындау ниетімен осы қасиетті топыраққа аяқ басқандар Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың:

«Ей, Раббым! Күнәларымызды кешіре гөр! Сен Рахман және Рахымсың. Ей, Раббым! Менің ұлымды да менің жолыма, менің дініме еруші етші!» - деген дұғасына қосылып, бұл дұғаның берекетіне бөленеді.

Осы іспетті сансыз нығметтер мен ерекше көріністер мүміндердің сол жерге деген құштарлығы мен сағынышын арттырады. Қасиетті мекенге деген ыстық лебізі мен ішкі тебіренісін жасыра алмай:

Бір көрсем деп қасиетті Қағбам сені,

Жаулап алды бойымды арман легі!

десе, енді біреулері Пайғамбарымызға  (с.ғ.с.) дұғай сәлем айтып былай деп ағынан жарылады:

Ей Таң самалы! Егер Мекке мен Мәдинаға жолың түссе, бізден адам мен жынның пайғамбары  Мұхаммед(с.ғ.с.)  Мұстафаға сәлем айтқайсың!

Қажылыққа сапар шегушілерді қасиетті сапарға аттандырар сәттің өзінде неше түрлі ыстық лебіздер айтылып, сол жерге деген сағыныштарын жеткізуді сұрап, оларды салтанатты түрде шығарып салу халық арасында дәстүрге айналған.

Осыншалықты сағыныш пен махаббаттың ыстығына күйіп өртеніп, тыным таппаған көптеген Аллаһтың достары осы қасиетті өлкеге  қас қағым сәтте бару мүмкіндігіне ие болып, бес уақыт парыз намаздарын сонда оқитын.  Тіпті, мұндай Аллаһ достарының кейбірі сол жерге деген сағынышпен күн кешіп, қажылыққа баруға дүниесі жетпей, күйбең тіршілікпен  жүрген көптеген ғашықтардың осы ізгілікке бөленуіне дәнекер болған. Бұл туралы  хазреті Азиз Махмут Һұдайының рухани әлемге қанат қағуына түрткі болған мына бір оқиға жиі  айтылады:

 Хазреті Һұдайы Бурсаның қазысы болып тұрғанда  бұрын-соңды естіп-көрмеген бір дауға төрелік етуіне тура келеді.  Бір күні бір келіншек  күйеуі туралы:

– Қазы мырза! Күйеуім жыл сайын қажыға барам деп ниет етеді. Бірақ, жағдайы  келмегендіктен  бара алмай, қалып қойып жүрді.  Биыл  да жылдағы әдетіне басты. Тіпті: «Егер осы жылы қажыға бара алмасам, сенімен ажырасамын!», –  деді де құрбан айтқа жақын қалғанда жоғалып кетті. Бес-алты күннен кейін «қажыға барып келдім» деп келіп тұр. Осылай болуы мүмкін бе? Айтыңызшы! Мен бұдан былай мұндай өтірікшімен бірге тұра алмаймын!,– деп шағымданады.

Қазы Махмут мырза істің мән жайымен толығырақ танысу үшін күйеуін шақыртып, одан  мән-жайды  сұрайды. Ол былай жауап қатады:

- Қазы мырза! Жұбайымның  да, менің де айтқандарым дұрыс.  Мен шынымен  қажыға барып қайттым. Тіпті, онда  осы жерден барған қажыларды да көріп, сол жерден  бір зат сатып алып, оларға аманаттап та  кеттім.

Қазы мұны естігенде қатты таңырқап:

– Бұл қалай болғаны,–  деп сұрағанда, әлгі жігіт:

– Жыл сайын қажыға барғым келгенімен, бұл жолы да бара алмай қалып қойдым. Сосын ұнжырағам түсіп Ескіжі Мехмет Атаға бардым. Ол менің қолымнан ұстады да көзіңді жұм деді. Көзімді ашсам Қағбада тұр екенмін.

Дегенмен, бұл айтқандарына сене қоймаған қазыға әлгі адам:

–  Құрметті қазы! Аллаһ тағаланың дұшпаны шайтан бір сәтте дүниенің түкпір-түкпірін аралап шыққанда, Аллаһтың сүйікті құлдары бір сәтте Қағбаға барып келе алмағаны ма?!– дейді.

Оның берген жауабы  қазыны  қатты ойландырып тастайды.  Ал,  даудың  шешімін бурсалық  қажылардың қайтуына дейін қалдырады.  Араға біраз уақыт салып, бурсалықтар  елге орала бастайды. Олар жігіттің айтқанын растағаннан кейін, дау өз шешімін табады.  Бірақ  шоқ басқандай   өзін жайсыз сезінген қазы  Ескіжі атаның жөн сілтеуімен  хазреті  Үфтадәнің рухани мәжілісіне қатысып,  көңілі жай табады.

 Қажылықта  жүргенде  Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.) өнегеге толы өмір жолын көз алдыңыздан өткізесіз.  Мысалы, нағыз иманның дәмін татқан әрқайсысы жұлдыз іспеттес сахабалардың  артынан ілесіп, олардың Мәдинадағы күндері ойша  көз алдыңыздан  кино лентасындай тізіліп өтеді.   Олардың қайта Меккеге оралып, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге қасиетті шаһарды мүшіріктерден азат еткенін  де сезінесіз.

Сондай-ақ сол маңдағы тауларға қарап, Мекке қаласын алуға келген мұсылман әскерінің мүшіріктердің жүрегіне қорқыныш ұялату үшін жаққан сансыз оттың көріністерін сол жерде болғандай күй кешесіз. Сосын Біләлдің (р.а.) Қағбаның үстіне шығып айтқан азанының даусын естігендей аңтарылып қаласыз.  Хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):

«…Ақиқат (Ислам) келді. Негізсіз нәрселер жойылды…» («Исра»  сүресі, 81-аят) деген мағынадағы аятты оқып, Қағбадағы пұттарды құлатқанын есімізге түсіре аламыз.

Санамызбен мұндай ойларға шомып шыққан соң өз көңіліміздің Қағба іспеттес екенін ескеріп, оның да құлқынның құлы болып, дүниеден басқа ештеңені көре алмайтындай нәпсілік пұттарға толып кететінін аңғарып, қажылықтан алған рухани нәр арқылы ішкі «пұттарды» жоюымыз керек. Сонда ғана жүрегіміз Аллаһтың назар салатын орны болмақ.

Міне, алуан түрлі сырларға жетудің табалдырығы болған қажылық - әрбір жан үшін рухани кірден арылып, анадан жаңа туғандай пәк күйге еніп, рухани тірілтетін құлшылық.

Қажылық – өз болмысынан, нәпсі деген бөгеттен асып, руханият әлеміне саяхаттау. Қажылық – адам жанының тазарып, өзінің шынайы қалпына келіп, Аллаһтың берекесі  мен мейіріміне  шомылатын ерекше бір құлшылық.

Осман Нұри ТОПБАШ

Ілмектер: , , , , , , ,


Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*