ХАТ ҚОРЖЫН: - «Осы біз, селқос болып бара жатқан жоқпыз ба?»

«Қоғамды құртатын күнә жасайтын адамдар емес, бәлкім соларға селқос қараған адамдар құртады» Дана сөз.

 Осы біз, селқос болып бара жатқан жоқпыз ба? -деп өзімнен бір күні сұрадым. Селқостық, немқұрайлық сөздері бір-біріне туыстас болып келеді ғой. Сосын осы сұрақтың дұрыс (объективті) жауабын табу үшін айналама көз жүгірттім……

Күннен-күнге құлпырған қаланың көшелері, сол көшелерді жағалаған зәулім ғимараттары мен түрлі түсті бояуларға сәнделген дүкендері көзге түсті. Я…нендей керемет! Қарасаң көніліңе қуаныш ұялатады. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Сол көше бойларында денеге жабысқан сүліктей құшақтасып сүйісіп тұрған жастарды көріп, бөтелкені құшақтап, аузында бықсыған темекісі бар кетіп бара жатқан ұл-қыздарымызды көріп, бағанағы қуаныштан еш нәрсе қалмады. Бұндайды көргеннен кейін қалайша қуанасың.

Ия, шындығында, имандылықтан, ұйяттан жұрдай болған адамдар қоғамызда көп. Олар аспаннан салбырап, я болмаса басқа планетадан келіп жатқан жоқ қой?! Олардың осындай болуын біз өзіміз жасап жатырмыз. Егер біз селқос болмасақ, жастарымыз осылайша бұзылып, дүкендерімізде темекі мен арақ шарап сатылар ма еді? Қыздарымыз ақша үшін көріңгенін ойыншығы болар ма еді? Түрмелерді қылмыскерлерге толтырып, көшелерде бұзақыларды жүргізіп, жетімханалар мен қарттар үйін салдырар ма  едік?

Я, рас, селқостық бізді осындай жағдайға алып келді. Адамдар ұйятсыздықты, әділетсіздікті және жаман күнә істерді көріп «бұл Демократия», я болмаса «біреуде не шаруаң бар» деп айтады. Балаларамызға «көрсеңде көрмедім деп айт» деп ақыл насихат береміз. Япырай! Өз заманында осы елдің келешегін зарлаған Абай мен Ыбырай бабаларымыз көрсе ғой қазіргі біздің жағдайды.

Осындай кезде «Енді не істейміз? Бұдан қалай құтыламыз? Бұдан шығар жол қандай?» деген сұрақтар туындайды

Әр аурудың емі бар дегендей бұнында жалғыз ғана тиімді емі бар. Бұл қасиетті Құран мен Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарымыздың асыл насихат сөздері болып табылады. Еліміздің асыл діңгегі болған Ислам дініміз біздерді селқос болмауға үйретеді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Сендерден қайсы біреулерің жаман істің жасалып жатқанын көрсе қолымен тыйсын, егер оған шамасы келмесе, тілімен айтып  тыйсын, егер оғанда шамасы келмесе ол (жаман) істі жүрегімен жек көрсін, бұл иманнын ең төмен деңгейі», тағы бір хадисінде: «Жамандық жасаушылар мен жамандақтан қайтарушылардың мысалы, бір кемеде кетіп бара жатқан адамдарға ұқсайды. Кеменің астыңғы қабатындағы кісілер су алу үшін үстіңгі қабатқа шығып алып туратын. Бір күні олар:«үстіңгі қабаттағы кісілерді мазаламай, астымызды тесіп су алайық» деп шешім қабылдаған еді. Содан кейін Пайғамбарымыз сөзін жалғастырып:  «Егер үстіңгі қаббатағы кісілер астынғы қабаттағы кісілерді тоқтатпаса, онда барлығы суға батады» деп айтқан еді.

Осылайша асыл дініміз селқостықпен күреседі. Біз күнә немесе ұйятсыздық істерді көргенімізде қысылмай, ұйялмай  дұрысын айтып, қолдан келіп жатса тосқауыл қоюымыз кажет. Міне осылайша өзіме қойған сұрағыма жауап іздедім.

Орынтайұлы Қанат. Астана қаласы.



Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*