Исламның атынан жасалған қастандық, исламның абыройына жасалған қастандық - Әбсаттар қажы Дербісәлі

Исламның атынан жасалған қастандық, исламның абыройына жасалған қастандық.

Бүгін Қазақстан дінтанушыларының бірінші форумында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі осылай айтты.

«Діннің атынан жасалған қастандық, ең біріншіден дінге қарсы жасалған қастандық. Исламның атынан жасалған қастандық, исламның беделіне, абыройына жасалған қастандық»,-деп атап өтті қажы.

«Қазір исламға жала жабу оқиғалары кездесіп жатыр. Исламдық фундаментализм және басқа да осындай ұғымдар жала ретінде жариялануда»,-дейді ол.

Ислам -  бірігудің, ынтымақтың әрі бірліктің діні, -деп тоқталған Бас мүфти, «қазақ халқы өте сабырлы әрі тәубешіл халық. Сондықтан халқымыз еліктеудің орнына байыппен қарайтын ел. Арасында желпілдеп, еліктейтіндер бар шығар. Ондайлар әрбір халықта болады ғой. Бірақ өкінішке қарай діннің атын жамылған ағымдар мен секталар бар»,-деп қынжылыс білдірді басқарма төрағасы.

Бас мүфтидің пайымдауынша, жастардың кейде теріс ағымдарға баруына  шетелдік сайттардың да рөлі бар.

«Қазақ халқы исламды тек қабылдаушы ғана болып қалған жоқ, сонымен қатар біз ислам өркениетін байытуға үлес қосқан халықпыз»,-деді Әбсаттар қажы Дербісәлі. Осы орайда ол ислам діні келгеннен кейін еліміз аумағында бірқатар атақты ғалымдар шыққанын еске салып өтті. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/



Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*