ҚМДБ баспасөз қызметі:

2011 жылы 16 қарашада Астанада өткен форумда Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі төмендегідей мазмұнда сөз сөйледі: «Исламда 4 мәзһаб бар. Соның ішінде біз Әбу-Ханифа мәзһабын ұстанамыз. Біздің жолымыз – осы мәзһаб және Әбу Насыр әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати, Ұлықбек сияқты бабаларымыз ұстанған ғылым жолы. Ал хижаб мәселесіне келсек, қазақ әйелдері, апаларымыз ешқашан жалаңбас, ашық-шашық жүрмеген. Сәукеле киген, орамал тартқан. Бірақ, ол хижаб деп аталмаған. Біздің қыздарымыздың киімі шариғатқа және әлбетте ұлттық әдет-ғұрпымызға, салт-дәстүрімізге сай болған. Міне соған басымдық берілуі керек. Жуырда діни басқарма Алматыдағы Балуан-Шолақ спорт сарайында «Әсем киім – әйел көркі»  деген байқау өткізді. Онда әйел затына сәнді, әрі шариғатымызбен де үйлесетін киімдер үлгісінің бай көрмесі көрсетілді.

 Сонда мақұлданған киім үлгілері киюге ұсынылды. Әйтсе де, біз оларды ки де ки деп тықпаламаймыз. Бұл хижабқа қарсымын дегенді де білдірмейді» - деді Дінбасы. Сол себепті, Бас мүфтидің сөздерін әркім үзіп-жұлып өз мақсаттарына пайдаланбасын.

 Дін істері агенттігі төрағасының азан дауысын сәл бәсеңдету жайлы ой қозғағаны рас. Бірақ, бұл пікір ешқандай деңгейде талқыланған жоқ және діни басқарма, Бас мүфти азанға байланысты ешқандай нұсқау берген де емес.

 Бас мүфтидің барлық шешімдері, әдетте, muftiyat.kz,  meshet.kz сайттары, төл басылымдарымыз «Ислам және өркениет» газеті мен «Иман» журналында жарияланады. ҚМДБ баспасөз қызметі.



Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*