ҚҰРМЕТТІ ДІНІМІЗДІ ҚҰБЫЖЫҚ ҚЫЛУ Батыс ақпарат көздерінің басты тақырыбына айналған ба?!

Өзекті

ҚҰРМЕТТІ ДІНІМІЗДІ ҚҰБЫЖЫҚ ҚЫЛУ

Батыс ақпарат көздерінің басты тақырыбына айналған ба?! 

Соңғы күндері Ливияда орын алып жатқан жағдайлар әлемде мұсылмандарға күйе жағу, Исламды құбыжық дін етіп көрсету секілді әрекеттердің әлі де қарқынды жалғасып жатқандығын айқын көрсетіп берді. Кеше ғана аталмыш елді 40 жылдан астам билеп келген Каддафиді көтерілісшілердің қолға түсіріп, аяусыз ұрып-соғып, ойларына келгенін жасағандарын, артынша өлтіріп, мұражайға қойғандай көпшіліктің көз алдына ұсынуын батыс ақпарат құралдарының айдай әлемге паш етуі арқылы, дүние жүзінің халқы көріп, тамашалады. Бұл көріністерді көргеннен кейін әрбір адамның көкейіне қандай ой келуі мүмкін? Әрине, ол бесенеден белгілі. Исламнан өзге жұрт: «Шынымен де мұсылмандар осынша қатыгез екен ғой. Бұлардың арасынан лаңкестер шықпағанда, басқа қайдан шықсын?! Не деген тас жүрек адамдар», – деп ойлағандығын сеніммен айта аламыз. Өйткені, біздің телеарналар арқылы жаппай көргендеріміз осындай ойға анық жетелемей қоймайтын.

Бұл оқиғаның адам психологиясына әсері, тіпті «мұсылман» лаңкестері «атынан» жасалынып жатқан түрлі жарылыстардан да асып түскені шындық. Шын мұсылманның мұндай қадамға, яғни адамды қорлау мен лаңкестік әрекеттерге ешқашан бармайтындығын біле тұрып, Исламға дәл осынша кетпестей күйе жағылғаны қандай өкінішті!

Әлбетте, біз болары болып, бояуы сіңгеннен кейін Муаммар Каддафиді ақтап алуға тырысып отырғанымыз жоқ. Бірақ, ол, батыс саясаткерлері айтпақшы, шынымен өз халқын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған қатыгез диктатор болды ма немесе, кейбір ақпарат көздерінің айтуынша, Ливияны алдыңғы қатарлы дамыған елдер санатына қосқан, өз еліне өлшеусіз еңбегі сіңген тұлға болды ма, ол жағын нақты білуіміз екіталай. Бірақ, біздің анық білетініміз – НАТО күштерінің тәуелсіз Ливияға шабуыл жасап, халықты билікке қарсы қойғандығы, сөйтіп елді астаң-кестең қылғандығы. Дәл осындай көтеріліс тағы бір араб елі – Бахрейнде орын алғанда, сол АҚШ бастаған батыс әлемінің Бахрейн халқына емес, бұл жолы билікке жақтасып, көтерілісшілерді аяусыз басып-жаншығанын да айта кеткен жөн. Яғни демократия орнатамыз, халықты диктаторлардан құтқарамыз деген ұранды көп айтатын олардың екі елде екі түрлі әрекет қылғандарын көріп отырмыз. Бұл жерде қандай да бір саяси ойынның белгісі байқалмай ма?

Жалпы, Ливияда халықтың тұрмыс жағдайы нашар болмағандығын ешкім жоққа шығармайды. Ол араб әлеміндегі ең шоқтығы биік, экономикалық әлеуеті зор мемлекет. Оған мына мысалдар анық дәлел: түрлі ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, Ливияда жан басына шаққандағы ЖІӨ – 14 192 АҚШ долларын құрайды екен. Ливияда әр отбасының әрбір мүшесіне мемлекет дотация ретінде жылына 1000$ төлейді; жұмыссыздық бойынша жәрдемақы – 730$; медбикелердің жалақасы – 1000$; әр жаңа туылған сәбидің шотына 7000$ аударылады; жаңадан тұрмыс тұрған отбасыларға пәтер алу үшін 64 000$ сыйға беріледі; бизнес ашуға бір реттік көмек ретінде 20 000$ беріледі; үлкен көлемдегі салықтар мен алымдарға тыйым салынған; білім алу мен медицина тегін; шетелде білім алу мен іс-тәжірибеден өту мемлекет есебінен жүзеге асырылады; көпбалалы отбасыларға арналған негізгі азық-түлікті арзан бағамен сататын дүкендер желісі жасақталған; мерзімі өтіп кеткен тауар сатқандарға үлкен айыппұл салынады және оны арнайы полиция жасақтары ұстайды; дәріханалардың жартысы дәрілерді тегін таратады; дәрілерді қолдан жасаушыларға (подделка) – өлім жазасы; халықтан электр энергиясына деген төлем мүлдем алынбайды; ішімдікті сату мен қолдануға тыйым салынған; автокөлік пен пәтер алуға несиелер үстеме пайызсыз беріледі; риэлторлық қызметке тыйым салынған; автокөлік алсаңыз, 50%-ын мемлекет төлейді, ал әскери тұлғаларға 65%-ын төлейді; жанармай судан да арзан, бар болғаны – 0,14 $… (қараңыз: «Цифры и факты о социалистической Ливийской Джамахирии», www.wffw.info).

Сонда Қаддафи билігіне халық не үшін қарсы шықты? Демократия мен сөз бостандығы үшін бе? Әлде бұл жерде де сыртқы күштердің әсері көтеріліске қозғаушы рөл ойнады ма?

Жоғарыда айтылған жайттарға мына бір ақпаратты да қосуға болады. Бенгазидегі халықаралық госпитальда бір жылдай қызмет еткен ресейлік медбике Валентина Иванова «2000» атты апталық басылымға берген сұхбатында былай дейді: «Біз Ливияның нақты тұрмыстық жағдайын көргенде жергілікті тұрғындарға: «Сіздер нағыз коммунизмде тұрып жатсыздар ғой», – деп таңданысымызды жасырмадық. Ондағы халықтың әл-ауқатына бағытталған әлеуметтік бағдарламалар неткен ғажап!.. Тегін медицина. Сырқат адам емханаға келіп, дәрігерге рецепт жаздырып, барлық дәрі-дәрмекті дәріханалардан тегін ала береді. Егер ота жасату керек болса, Франция, Англиядан, т.б. келген жоғары білікті мамандар тегін ота жасайды. Егер өз еліңде жасатқың келмесе, мемлекет қаржы бөліп, шетелге жібереді. Сонымен бірге, Ливия нан жағынан таршылық көрмейтін әлемдегі бірден-бір ел шығар. Мұнда нан өнімдерінің құны көк тиын әрі ағыл-тегіл.

Бір динарға (бір долларға жақын) 40 нан алуға болады. Зейнетақы мен жалақының мөлшері бірдей. Жұмыс жасап жүргенде қанша жалақы алатын болсаң, зейнетке шыққанда дәл сонша аласың. Әрбір адам үй салу үшін қанша жылға болсын пайызсыз несие ала алады.

Жалпы, ливиялықтар не үшін көтеріліс жасағанын, нені қалағанын біз де түсінбедік. Халықтың біраз бөлігі мемлекеттік жәрдемақылармен ғана өмір сүреді. Ертеңгі күні олар: «Барды бағалай білмей, байлығымызды жоғалттық» деп өкінетініне сенімім кәміл» (қараңыз: «В стране был настоящий коммунизм», www.gazeta-2000.livejournal.com).

Иә, бұл Ливия халқы тұрмыс жағдайының қандай болғандығын көрсететін көп мәліметтің кейбірі ғана. Дегенмен, керісінше, бұл елде жағдай нашар болды деп айтқан ешкім жоқ. Яғни, бұл жоғарыда сөз болған жайттардың растығына анық дәлел болса керек.

Тағы бір айта кетер мәселе – Ливияда орын алған соғыстың әсіреленіп көрсетілуі. Шын мәнінде, онда біз телеарналардан көргендей қиян-кескі ұрыстар мен жаппай бомбалау болмаған көрінеді. Тек кейбір қақтығыстар мен ішінара соғыстарды арнайы түсіріп алған батыс БАҚ-тары, сондай-ақ, соғыс басталғаннан НАТО-ға ұшақ жіберіп көмектескен Катардың «әл-Жазира» телеарнасы әлемге оқиғаны әсірелеп, жоқты бардай, барды Құдай ұрғандай қылып беріп отырған. Ол, әрине, тағы да мұсылмандардың қандай тәртіпсіздік пен бейберекеттік жасап жатқанын және Муаммар Каддафиді қаралау ниетімен жасалынғанын аңғаруға болады, дейді дерек көздері.

Сондай дерек көздердің бірі – ресейлік журналист Николай Сологубовский. Ол Ливияға барып, шынайы ақпараттарды жеткізумен танылған. Оның айтуынша, қарапайым халық Каддафи жағында болған, алайда сыртқы қолдауға сүйенген бүлікшілер ел арасына лаң салып, жағдайдың осынша қиындауына әкеп соқтырса керек. Ал батыс ақпарат құралдары өз кезегінде «керекті» сәттерді таспаға түсіріп алып, дүйім дүниеге Ливияны «алапат соғыс алаңы» етіп көрсетуге тырысқан. Солардың қатарында болған «әл-Жазира» телеарнасы басшыларының бірі арандатушы арнада бұдан әрі жұмыс істей алмайтынын айтып, қызметтен кетті, дейді Н.Сологубовский…

Иә, бірнеше айға созылған төңкеріс текетіресі тарихтың бір парағы болып өтті де кетті. Бірақ бұндай шиеленіскен жағдай алдағы уақытта және басқа да елдерде қайталанбайды деп айта алмасымыз шындық. Сондықтан, бұл мақаламыз, тағы да қайталар болсақ, Каддафи мен оның режимін жақтап алу үшін емес, батыс тарапынан ұйымдастырылуы мүмкін арандатушылық әрекеттердің алдын-алу және телеарналар арқылы мұсылмандарға күйе жаққан әлгіндей көріністердің өтірік екендігін айту мақсатында жазылды. Біз бұған нақты сенімдіміз. Өйткені, шын мұсылман ондай қадамға баруы мүмкін емес. Тіпті мұсылмандар арасынан жаман адамдар шыққан күннің өзінде, оны айдай әлемге көрсетіп, бұрын өздерінің басшысы болған кісіні қалай қорлап, атып, атой салып жатқандарын сүйінші сұрағандай паш ету – барып тұрған арандатушылық әрі Исламды қаралау екені сөзсіз.

Жалпы, бұл Ислам әлемінде бірінші ретін болып отырған жайт емес. Алысқа бармай-ақ, 2003 жылғы Ирак соғысын мысалға алсақ та жеткілікті. Кезінде Саддам Хусейнді де батыс елдері тіпті №1 лаңкес етіп көрсетуге шақ қалғаны есімізде. Иракта жаппай қырып-жою қаруы жасалынып жатыр деп шу көтергенімен, соғыстан кейін сол байбаламның қате болғандығын Буштың өзі мойындағаны тағы да есімізде. Саддамды ақтаған әрі даттаған ақпараттардың сол кезде де «итжығысқа» түскенін жақсы білеміз. Бірақ, ешбір жайтқа ешкімнің нақты көзі жетпегені тағы рас. Көз жеткен бір-ақ шындық бар: ол – АҚШ күштерінің тәуелсіз Иракқа басып кіріп, ел билігін құлатқандығы, соңынан Саддамды дарға асқандығы… Иә, Ирак пен Ливияның әлемдегі мұнайға аса бай мемлекеттер болуы да көп ойларға жетелейді…

 Ескендір Тасболат, «Ислам және өркениет»     



Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*