Жұма уағызы: Ынтымақ пен бірлік

Адам баласы жаратылысынан бақытты ғұмыр кешуді іздеумен күн кешеді. Ал, бақытты да баянды өмір сүру үшін бір қоғамға мұқтаж. Басқа  бір алтернативі болмаған адам баласы өзінің тыныштығы мен бақыттылығы қоғамның тыныштығы мен бақыттылығына тікелей қатысты. Адам баласының бақытын мақсат тұтқан асыл дініміз – ислам таухид діні. Таухид, жалғыз Жаббар Хаққа сенім саясына топталу дегенді білдіреді.

Дініміз исламның көптеп тоқталатын тақырыптарының бірі, бақытты ғұмыр кешудің шарты саналған ауызбіршілік бар жерде бауырластық, тыныштық, молшылық, береке және Алланың рахымы болатыны сөзсіз. Дүние ақыретте бақытты болу тек қана Алланың кітабын өзімізге өнеге етіп, ауызбіршілікте тату-тәтті ғұмыр кешумен ғана мүмкін болады. Осы тұста Алла тағала Құран кәрімнің әл-Ғимран 103 аятында:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا وَاذْكُرُوا نِعْمَةَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا وَكُنْتُمْ عَلَى شَفَا حُفْرَةٍ مِنْ النَّارِ فَأَنْقَذَكُمْ مِنْهَاكَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ

«Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның рақымымен табысып, туыстасыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер», - дейді. Ал,105 аятта:

وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ تَفَرَّقُوا وَاخْتَلَفُوا مِنْ بَعْدِ مَا جَاءَهُمْ الْبَيِّنَاتُ وَأُوْلَئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ

«Айқын дәлелдер келген соң жікке бөлініп, алауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа дұшар болады», - делінген.

Тирмизи фитан бабында Пайғамбар (с.ғ.с)

عليكم بالجماعة و إيّاكم  والفرقة فإنّ الشّيطان مع  الواحد وهو من  الإثنين أبعد من أراد بحبوحة الجنّة فليلزم الجماعة من سرّته حسمته و ساءته سيّئته فذلك المؤمن

«Сендерге жамағатты өсиет етемін. Бөлінуден сақтаныңдар. Шайтан жалғыз бастылармен бірге болады. Екі кісіден алыс жүреді. Кім жәннаттың ортасын қаласа, жамағаттан бөлінбесін. Кімді істеген жақсылығы қуантып, жамандығынан жеркенсе, міне сол нағыз мүмін», - делінген.

إنّ المؤمن للمؤمن كالبنيان يشدّ بعضه بعضا

Мағынасы: «Мұсылман мұсылман үшін бір бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді».

لا يؤمن أحدكم حتّى يحبّ لأخيه ما يحبّ لنفسه

«Өзі сүйіп қалағанын  бауырына да қаламайынша кәміл мұсылман болмайды», - дейді.

Осылайша, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жамағаттан халыс қалмауын әрдайым сахабалардың есіне түсіріп отырған. Ислам діні аят және хадистерге  негізделген. Бір-біріне бауырмашыл қоғамда арадағы ынтымақтың бұзылмауына аса мән берген. Жалғыз Аллаға, пайғамбарға және кітапқа сенген мұсылмандардың Құранның айналасына жиналулары бірлік бар жерде тірлік бар екендігін көрсетеді. Адамзат тарихына үңілер болсақ бірлігі жарасқан елдердің ұзақ ғұмыр кешіп алып мемлекетке айналғанын көресіз. Ал, бірін-бірі көре алмай ауызбіршілігін жоғалтқан елдердің тарих сахнасынан ғайып болғанына да ел куә. Таухид сенімін өзіне ту етпеген, өзін елден ерекше санайтындар уақыт өте өзіне өзі ор қазғанын білмей қалады. Сол себепті Алла тағала  Әнфал сүресі 46-аятта:

وَأَطِيعُوا اللَّهَ وَرَسُولَهُ وَلَا تَنَازَعُوا فَتَفْشَلُوا وَتَذْهَبَ رِيحُكُمْ وَاصْبِرُوا إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ

«(Барлық істе ) Аллаға және оның пайғамбарына бойсұныңдар, өзара тәжікелеспеңдер, әйтпесе әлсірейсіңдер, бойларыңнан қуат қашады. Сабырлы болыңдар. Алла сабырлыларды жақтайды», - деп бұйырған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

من خرج عن الطاعة  و فارق الجماعة فمات ميتةً جاهلية

«Кім итағат етпей және жамағаттан қалыс қалып осылайша бақилық болса, надандық өлімімен өлген болады», - дейді. Міне, дініміздің ынтымақ пен бірлікке берген маңызы.

Кісі бір қоғамда өмір сүруге мұқтаж. Ал қоғамда әрбір адам өз еліндегі бірнеше тармақтардан тұратын заң және өзіне жүктелген міндеттерден сұралады. Бұндай жауапкершілікті сезінген адам үшін кісінің құқығын қорғау және өзіне жүктелген міндеттің қасиетіне иланыуы керек. Бұл істі қасиет тұтып қастерлеген дін, ол – Ислам. Аллаға және ақырет күніне сенген адам, істеген істерінен Алланың құзырында есеп-қисапқа тартылатындығын сезінген кісі әр ісінің байыбына барып одан кейін жүзеге асырады. Ал, елдегі діни бостықтың орнын еш нәрсемен толтыру мүмкін емес. Философ Жуел Симон «Діни наным-сенім қуатты бір бау. Бір елден Аллаға деген наным-сенімін алып тастасаңыз, онда ол қоғам тек өз падасын ғана ойлайтын тапқан табысының қолдан кетіп қалса екен дейтін қоғамға айналады. Ал, ондай қоғам тұрғандары бір – біріне бауыр, қандас  емес, керісінше мал –мансап тың айналасында топтанған адамдар», - деген екен. Яғни бұндай қоғам өзіміздің жалпақ тілмен айтқанда «кісінің сыйластығы шай ішкенше не болмаса есегі лайдан өткенше» болмақ. Ал, мал мансапқа құл болды дегенше ол қоғамнан ауызбіршілік, ынтымақ, бірлік қалмайтындығы анық. Асыл дініміз Ислам. ынтымақ пен бірлікті ту етіп ұстау үшін әуелі адамдар арасында бауырластық деген қасиетті ұғым болу керек. Қасиетті Құран кәрімнің Хұжрат сүресі 10-аятта:

إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ فَأَصْلِحُوا بَيْنَ أَخَوَيْكُمْوَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ

«Мүміндер анығында (дін) ынтымағындағы жандар. Ағайын арасының бұзылмауын ойлаңдар. Алланың рақымы түссін десеңдер, одан қоқыңдар», - деп бұйырған. Дініміз қоғамды құрап отырған адамдарды бір бүтін дене іспеттес деп, ол қоғамда өмір сүріп отырған кісілерді дененің мүшесі деп қабылдаған. Мұсылмандарды бір денеге ұқсатқан асыл дініміз ислам, қандай да бір ағза мазасызданса, басқа да ағзалар сол ауыруды бөліскені сияқты, адамдар арасында бірінің басына қайғы қасірет бұлты түнсе онымен бөлісуді жөн деп таныған. Нұғман ибн Башир (р.а) риуаятында пайғамбарымыз (с.ғ.с):

مثل المؤمنين في توادّهم  و تراحمهم و تعاطفهم مثل الجسد إذا اشتكى منه عُضوٌ تداعى له سائر الجسد بالسّهر والحمَّى

«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», - деген.

Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау болатыны сияқты қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, ықыласты және дұрыс жұмыс жасаса, ондай қоғамда тыныштық пен ынтымақ өздігінен қалыптасады. Өйткені ешбір адам жалғыз өзінің қауіпсіздігі мен мұқтаждығын толықтыра алмайды. Аллаға сенген кісілердің тыныштық пен бейбіт өмірін бұзатын мәмлелерден сақтанулары олардың бір-біріне деген жақсы көзқараста болуы ынтымақ пен бірлікте өмір сүрудің жалғыз сара әрі дара жолы болып табылады. Адамзат баласының барлығының бір келкі түзу жүруі және жақсы ойлауы мүмкін болмағаны сияқты мәжбүрлеу,  қоқан-лоқы көрсету, дөрекі мінез таныту адамдар арасында ынтымағы мен бірлігіне сызат түсіретінін ұмытпағанымыз жөн. Алла тағала Құранда пайғамбарға (с.ғ.с):

فَبِمَا رَحْمَةٍ مِنْ اللَّهِ لِنْتَ لَهُمْ وَلَوْ كُنْتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لَانْفَضُّوا مِنْ حَوْلِكَ

«Ей, Мұхаммед! Өзіңе Алла берген мейірімге орай сен де адамдарға сыпайы, жұмсақ қарым-қатынаста болдың. Егер сен анайы болсаң, жүрегің қатігез болса, онда олар сенің маңыңнан безіп кеткен болар еді», - делінген. Тағыда пайғамбарға (с.ғ.с.):

وَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ لَوْ أَنفَقْتَ مَا فِي الْأَرْضِ جَمِيعًا مَا أَلَّفْتَ بَيْنَ قُلُوبِهِمْ وَلَكِنَّ اللَّهَ أَلَّفَ بَيْنَهُمْإِنَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ

«Ол мүміндердің көңілін саған баулайды. Жер әлемдегі байлықтардың бәрін сарып етсең де сен олардың көңілін баурай алмас едің, ал Құдай олардың көңілін біріктірді. Сөз жоқ Құдайда құдірет күшті, Ол даналықпен іс қылады», - деген.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) ынтымақ мен бірлігі жарасқан қоғам құруын мына хадисі керемет баян етеді:

إيّاكم و الظّنّ فإنّ الظّنّ أكذب الحديث ولا تحسّسوا ولا تجسّسوا ولا تنافشوا تحاسدوا ولا تباغضوا ولا تدابروا وكونوا عباد الله إخواناً

Әбу Һұрайра былай дейді:«Расулуллаһ (с.ғ.с) күмәннан сақтаныңдар, өйткені күмән жалғанның ең сорақысы. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді ақтаруға және естуге әрекеттенбеңдер. Бір-бірлеріңнің жеке ісі және сырларыңды іздемеңдер. Мансапта мен-мендікке бармаңдар, бір-біріңді көреалмаушылық етпеңдер, бір-біріңе ашуланып, бет қараспай кетпеңдер. Ей Алланың құлдары! Бір-бірлеріңе бауыр болыңдар», - делінген екен. (муслим бир9.4.1975)

المسلم أخو المسلم لا يظلمه ولا يخذله ولا يحرقه التقوى ههنا  ويشير الى صدره بحسب امرئٍ من الشّرِّ  ان يحقر أخا المسلم كلّ المسلم على المسلم حرامٌ دمه وماله وعرضه

Яғни, «Мұсылман мұсылманның бауыры. Оған (қиянат жасамайды) зұлымдық қылмайды, оны мақрұм қалдырмайды, оны төмен санамайды. Тақуалық мұнда деп қолымен көзіне ишара жасады. Бір кісіге жамандық ретінде оны төмен көрудің өзі жеткілікті. Қандайда бір мұсылманның малы, қаны ар-намысы басқа бір мұсылманға харам етілді», - деген.

Пайғамбарымыз жоғарыда айтқан хадистерімен бір қоғамның тыныштығы, бірлігі мен тірлігі және дұрыс өмір сүруі үшін бастарта алмайтындай дәстүрлерді көрсеткен. Бұл заңдылықтар қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамға жүктелген ең маңызды міндет. Ал бұның сыры иман, қалау, сабыр және әрекетте екенін ұмытпағанымыз жөн.

Негізінде Ислам сөзінің бір мағынасы «ынтымақ» дегенді білдіреді. Сол себепті мұсылман деген тыныштық пен ынтымақта өмір сүріп жатқан адам дегенді білдіреді. Ал, тыныштықта ауызбіршілікте болу ынтымақ пен бірлігімізді одан әрі нығайтумен болмақ.

Алла жоғарыда келтірілген аятта:

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا

«Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айырылмаңдар», - деп. Мұсылмандарды жамандыққа итермелейтін бөлектеуге түсіп қалмаңдар деп ескертуде.

Құран және пайғамбар сүннетіндегі өнегелі өрнектер адамдарды бір бірімен бауырмал тату-тәтті, ынтымақ пен бірлікте ғұмыр кешулеріне септігін тигізер бір өрнек болып қалған. Ислам діні келмей тұрып араб елінде зұлымдықтың үстемдік еткен, әртүрлі арсыздық пен зұлымдықтан арланбайтын кезде араб еліне ислам дінінің келуімен береке мен бірліктің, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың арқасында бейбіт ғұмыр кеше бастады. Пайғамбар дәуірінде аракідік мұсылмандардың береке бірлігіне зиянын тигізетін оқиғалар болған. Бірақ дер кезінде тоқтатылғандықтан әрі қарай өршімеген. Бұлардан бірі: «Мадина шаһарында Әус және Хазраж есімді екі тайпа бар болатын. Бұлар Ислам діні келгенге дейін де ықлым замандардан бері бір бірімен қырлысып келген. Асыл дініміз ислам келгеннен кейін екі тайпа бір біріне бауыр болып, арадағы дүрдараздыққа нүкте қойылған. Осы екі тайпадан бір топ мұсылман сұхбаттасып жатқанын көрген Шас ибн Қайс есімді жауыз мұнафық, олардың арасына от салу мақсатында яһудилерден бір жас жеткіншекті шақырып, бір-бірімен ұйыған айрандай тату-тәтті әңгіме дүкен құрып отырған мұсылмандар арасына отырып олардың бұрынғы замандағы бір-бірлеріне қас дұшпандықтарын естеріне түсіріп, олардың тыныштығын бұзғысы келді. Әлгі жас жеткіншек Шас ибн Қайстың айтқанындай істеді. Екі тайпа арасында өткен «Бұас» шайқасының жарасын тырнай бастады. Бұны еске түсірген екі тайпа ашу-ызаға бой алдырып бір-бірлеріне ауыр сөздер айта бастады. Бұның соңы үлкен дау-дамайға айланды. Әр екі тайпа қаруларын алып Харра деген майданға жиналып шайқасуға бел байлады. Жағдай өте қатты шиелене түсті. Бір-біріне деген дұшпандықтарын ұмытып нағыз дін бауыр болып отырған екі тайпа, енді мұсылман дұшпанының тұзағына ілініп, бір-бірінің қанын төгу үшін бір жерге жиналды. Бұл жағдайдан хабардар болған пайғамбар, (с.ғ.с) бір топ сахабаларымен әлгі жерге дереу жетіп, «Уа мұсылмандар! Бұларың не сұмдық.? Алла сендерді Ислам дінімен тура жолға бастап, сендерді күпірліктен құтқарып, бір-біріңе бауыр еткеннен соң тағы да сол баяғы күпірліктеріңе қайтпақшысыңдар ма?», - дегеннен кейін барып, екі тайпа өздерінің шайтанның ойынына, дұшпандарының тұзағына іліккендерін түсініп, қаруларын тастап қол алысып құшақтасып және пайғамбарымызбен бірге ол жерден таралды. Жоғарыда келтірілген

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا وَاذْكُرُوا نِعْمَةَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا وَكُنْتُمْ عَلَى شَفَا حُفْرَةٍ مِنْ النَّارِ فَأَنْقَذَكُمْ مِنْهَاكَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ

«Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, айырылмаңдар. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның рақымымен табысып, туыстастыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер», - аятымен оларды алдын бір-біріне бауыр еткен ислам діні бұл кей тайпаның ары қарай тату-тәтті, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ғұмырларын жалғастырды. Алла ынтымағы мен бірлігі жарасқан елге қол қабыс жасайды.

Дініміздің әміріне ұйып, елге төнген қауіптің басын қайтарып ауызбіршілікте бір даналы сөзге тоқтау көрсеткен ата-бабаларымыз күні бүгінге дейін жеткізіп Алла берген ынтымақ пен бірліктің арқасында алдыңғы қатарлы тәуелсіз ел атандық. Әрине барлық адам тарақтың ұшындай бола бермейді. Ал, біздің міндетіміз еліміздің ертеңін ойлап, ел үшін, отанымыздың ынтымағы мен бірлігін нығайту. Біздің міндетіміз құранда Алла тағала Әнғам сүресі 153-аятта:

وَأَنَّ هَذَا صِرَاطِي مُسْتَقِيمًا فَاتَّبِعُوهُ وَلَا تَتَّبِعُوا السُّبُلَ فَتَفَرَّقَ بِكُمْ عَنْ سَبِيلِهِ ذَلِكُمْ وَصَّاكُمْ بِهِ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Менің тура жолым осы. Сол жолмен жүріңдер бұрыс жолға түспеңдер. Олар сендерді Құдай жолынан тайдырады. (Тозақтан) сақтаныуларың үшін сендерге Алла осы істерді өсиет етті,- де», - деген. Ал, адамдар арасында бір біріне деген мейір махаббаты, жанашырлығы қалмаса, міне сонда айрандай ұйып отырған елдің арасына іріткі салушылар пайда болады. Пайғамбар (с.ғ.с):

لا تؤمنوا حتّى تحابّوا

«Бір-біріңді жақсы көрмейінше, кәміл мұсылман болмайсыңдар», - деген.

Алла біздерге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай ынтымақ, бірлік, тату-тәтті ғұмыр кешетіндей береке бірлік берсін. Әмин.

ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,

«Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы

Қалижан Заңқоев

www.ummet.kz



Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*