Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиевпен әңгіме.
– Құрметті Бейбіт қажы, облыс бойынша өкіл имам, «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің бас имамы болып келгеніңізге онша көп уақыт өте қойған жоқ. Кең байтақ елімізде 2300-дей мешіт болса, соның 850-ге жуығы осы Оңтүстікте. «Екі жылға жетпейтін мерзімде бірталай іс тындырды» деседі жұрт. Жұмысты неден бастап едіңіз? – Бұрнағы жаздың басында, маусым айында келгенбіз. Оған дейін Елордамыздағы «Нұр Астана» мешітінің найб имамы болып істедім. Жалпы маған Оңтүстіктің жағдайы бейтаныс емес. Осында туып-өстім. Астанаға ауысқанға дейін Төленбай мешітінің бас имамдығын атқардым. Діни басқарма осында жібергелі көп нәрсені тындырып тастадық деуіміз орынсыз болар. Дегенмен, үздіксіз ізденіс, ұдайы ұмтылыс – бұрыннан да бүкіл мақсатымның арқауы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алла сендердің түр-тұлғаларың мен бет-әлпеттеріңе қарамайды, жүректерің мен іс-әрекеттеріңе қарайды» дейді хадисінде. Біз өз қызметімізді алғашқы аптадан-ақ аудандар мен қалаларды аралаудан бастадық. Жай ғана танысу емес. Алдын-ала ақылдасып, ойласып, келісе отырып, мәдениет сарайларында немесе аудандық, қалалық әкімдіктердің ғимараттарында арнайы жиындар өткіздік. Ол жиындарға әрбір аудан мен қаланың басшылары, ішкі саясат, мәдениет, білім салаларының жетекшілері, жергілікті зиялы қауым өкілдері, ауылдардың әкімдері, мешіттердің имамдары, ардагерлер, жастар қатысты. Барлық аймақтардағы басқосуларда аудан имамдары баяндама жасап, діни ахуалды әңгімелеп, қауым алдында есеп берді. Одан кейін жан-жақты талқылауға, ой-пікірлерді ортаға салып, ойласуға, алдағы бірлесіп атқарар тірліктерді айқындауға жол ашып отырдық. Нәтиже жаман болмады. Күрделеніп кеткен, қордаланып қалған талай-талай мәселелер анықталды. Олардың бәрін бірте-бірте шешудеміз. Осындай алғашқы ақылдасу, әуелгі айқындау жиындарын Сайрамнан бастап, Созақпен аяқтағанбыз. Құжаттары реттелмей, әрі-сәрі күйде қалып қойған мешіттердің тоқсан пайызын ресімдеп бітірдік. Мемлекеттік актілер алу жағдаяттары шешімін тапты. Барлық аудандар мен қалаларда көшпелі семинарлар өткізуді жүйелі жолға қойдық. Облыс бойынша 849 мешіт бар, оның 100-і негізінен намазхана. Кейде бәзбіреулер «Мешіт көбейіп кетті» дегендей пікір айтады. Бұлайша сөйлеу дұрыстыққа сая бермейді. Облыс аумағын аралап жүріп, 113 ауылда әлі күнге дейін мешіт жоқ екенін анықтадық. Бар мешіттердің басым көпшілігі талайдан бері күрделі және ағымдағы жөндеуден өтпеген екен.
– Сөзіңіз аузыңызда, Беке. Осы өзіңіз отырған «Абдул Хамид Қаттани» мешіті де тозыңқырап, іші де, сырты да тым жүдеп-жадап кеткен еді. Кіреберіс алаңның шаршы тақталары талқандалып, үгітіліп жататын. Бәр-бәрі тап-тұйнақтай болып, жоғары сапалы жөндеуден өтіп үлгеріпті. Ішкі бөлмелер де мұнтаздай мінәсәр күйге еніпті. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер? – Әлбетте, мешіттердің баршылыққа, байлыққа малына малшынып тұруы міндетті емес. Қайта қарапайым болмағы ләзім. Бірақ қарапайымдылық қарабайырлық емес. Талап пен талғамға сай, келушілердің көңілін көркейтіп, мерейін марқайтатындай, иман шуағын шашыратып тұратындай сезілуі тиіс деп білеміз. Ізгі ниетті іскерлерді, көркем мінезге ұмтылар кәсіпкерлерді ұйымдастырдық. Нәтижесінде 500 шаршы метр кіреберіс алаң сапалы плитамен өрілді. Ішкі бөлмелердің бәріне төселген линолеум көгеріп, тесіле бастаған екен, оны 150 шаршы метр керамогранитпен ауыстырдық. Намазханадағы кілемдер түгел жаңартылды. Жаңа, еңселі мінбер қойылды. Құран оқу бөлмесі, бас имам, найб имам, қабылдау, неке қию бөлмелері түгелдей күрделі жөндеуден өткізілді. Міне, көріп отырсыз, жаман емес. Намазхандар, барша жәмиғат дән риза. Алғыс айтады бәрі. Түсінер кісіге алғыстан асқан марапаттың қажеті жоқ. Біраз уақыт бұрын «Қазхимқорғау» акционерлік қоғамының басшылары мешітімізге «Джип» автокөлігін тарту етті.
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Дін – насихат» деген екен. Дін насихатында білікті де білімді имамдардың рөлі үлкен. Әдетте имамдарды исламның айнасы деп атайды. Жасыратыны жоқ, Қазақстанды, қазақтарды бір замандарда дәстүрлі діннен әдейілеп алыстатқанда да дүмшелік, білімсіздік, ілімсіздік, ғылымсыздық аса қасіретті болғаны белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейін дінімізге қайта орала бастағанымызда да сол білімсіздік, ғылымсыздық, баяғы дүмшелік қауіпті боп шықты. Құдайға шүкір, кейінгі жылдары осы қауіп пен қасіреттен арыла бастағандаймыз. Осы орайда не дер едіңіз? – Өздеріңіз білесіздер, Елбасымыздың өзі осы діни үгіт-насихатқа, дін қызметкерлерін, дінтанушыларды даярлау сапасын жақсартуға, мұсылман қауымның өз ішіндегі береке-бірлікке, дінаралық татулыққа ұдайы баса назар аударып келеді. Президентіміз Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің Қазақстандағы имандылық, дінаралық достық, діни-рухани тәрбие, өзіңіз айтып отырған білімділік пен біліктілік, ілімділік пен ғылымдылық мәселелерін нығайтудағы сан-салалы, тынымсыз еңбегін жоғары бағалап, ризашылық білдіріп жүр. Діни басқармамыздың байыпты басшылығымен еліміздің барлық мешіттеріндегі діни уағыз-насихат жұмыстары жаңа сапалық деңгейге көтерілді деп батыл айта аламыз. Білімділік пен біліктілікті, ғылымдылықты биіктетіп, жұмысымызға арқау етуде дінбасымыз шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің өзі өзгеше өнеге танытуда. Ол кісінің «Исламның жауһарлары мен жәдігерлері» іспетті ізгі кітаптары көп. Олардың бәрі дерлік ислами-рухани құндылықтарға айналды. Мерзімді басылымдарда жиі-жиі жарияланатын маңызды мақалалары кім-кімнің де ой-санасын сәулелендіріп, парасаттылық биіктеріне ұмтылдырады. Байқасаңыз, Оңтүстіктегі, осы Шымкенттегі дін қайраткерлерінің басым көпшілігі бұдан бес-он жыл бұрынырақтағыдан әлдеқайда өзгерген. Сауаттылық, салиқалылық, білімділік деңгейлері жан-жақты жоғарылаған. Уағызды, насихаттық әңгімелерді жұртқа иланымды жеткізіп, иманға ұйыта алады. Кез-келген керітартпа ағымдарға тектілікпен тойтарыс бере біледі. Қасиетті Құранның сүрелерінен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен, дәстүрлі діни дүниеліктерден, арғы-бергі тарихтан дерек-дәйектерді дәлелді келтіре алады. Бұл орайда тұрақты түрде қолға алынған, көшпелі діни оқу семинарларының берері мол. Діни семинарларды Шымкент шаһарындағы отыз алты мешіттің имамдары ай сайын өткізеді. Қазығұрт, Сайрам, Мақтарал аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында да мұндай іс-шаралар сапасы жоғары. Аудандар мен қалалардың бәрінде үгіт-насихат топтары жүйелі жұмыс істейді. Қазір Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам университетінде біздің облыстан қырыққа жуық шәкірт білім алуда. Осыдан бес жылдай уақыт бұрын дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің қолдауымен облысымыздың орталығынан Шымкент медресесі ашылған болатын. Былтыр медресені 60-қа жуық шәкірт тәмәмдады. Сегіз шәкірт қызыл дипломмен бітірді. Діни басқарманың бұйрығымен 31 түлек еліміздің түкпір-түкпіріне бас имам, найб имам, азаншы, ұстаз, тағы басқалай қызметтерге жіберілді. Үздік бітіргендерге Алматыдағы ислам мәдениеті университетінде оқуға көмек көрсетіледі. Астана қаласы маңындағы Әбу Ханифа атындағы қарилар даярлайтын Құран курсында оқып жатқандар бар. Көптеген мешіттеріміздің жанында діни сауат ашу курстары жүйелі жұмыс істеуде. Былтыр 258 курстан 3482 шәкірт діни білім алып шықты. Діни басқарманың жанындағы имамдар мен молдалардың білімін жетілдіру институтында 139 адам білімдерін толықтырды. Біздің «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің жанындағы курста 50 имам-молда біліктілігін жетілдірді. Курсқа қатысушылар жатынжаймен және күніне үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Жақында облыстың барлық қалалары мен аудандарындағы бас имамдардың бір айлық арнайы оқу курсы ұйымдастырылады. Облыстық жұма уағызын өткізу игі дәстүрге айналды. Жыл аяғында үздік уағызшыларға жүлделер тапсырылады. Бұл дәстүр аудандық, қалалық және ауылдық, кенттік деңгейлерде де қолға алынуда.
– Наурыз айында Елбасы Түркістанда болып, өзге де өзекті мәселелермен бірге дін тазалығы, керітартпа діни ағымдардың зияндылығы, әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесі туралы ерекше әңгімеледі. Түрлі ағымдарға байланысты жұмыстар қалай? – Кереғар ағымдар әрекеттерінің алдын алуға жан-жақты мән береміз. Бұл бағытта біз облыстық ішкі саясат басқармасымен, әділет департаментімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, кітапханалармен, зиялы қауым өкілдерімен, тағылым-тәжірибелері мол ардагер ақсақалдармен тығыз байланыстамыз. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарымен, жалпы білім беретін мектептермен келісімшарттар жасалған. Соған сәйкес оқушылармен және студенттермен тиісті тақырыптық кездесулер жиі өтеді. «Діни экстремизмнің алдын алу шаралары», «Хизбут-тахрир» ұйымының зияндары», «Ислам және дәстүр», «Имандылық», «Бір дін, бір мәзһаб және бір сенім – ата-баба мұрасы», «Тәубе ету», «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сара жолы мүмінді бақытқа бөлейді», «Ата-ана алдындағы міндеттеріміз», «Ислам – мемлекетіміз ынтымағының кепілі», «Намаз – діннің тірегі» – міне, негізгі-негізгі, басты-басты тақырыптар осындай. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында «Имандылық» айдары бар. Облыстық радиодан жұма сайын тікелей уағыз жүргізіледі. «Отырар», «Айғақ», «Сайрам», «Тұран-Түркістан», тағы басқа да жергілікті телеарналармен байланысымыз жақсы. Хабарларға мешіттердің имамдарымен қатар білікті дінтанушылар, теологтар, ғалым ұстаздар, тағы басқа азаматтар белсене қатысады. Газеттер мен журналдарда, түрлі кітапшалар мен жинақтарда мақалалар жиі жарияланады. «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» тарапынан небір құнды-құнды кітаптар мен кітапшалар, жауһар жинақтар шығарылуда. Олардың парасатты пайдасы ұшан-теңіз. Кеше ғана Алматыдан бірнеше тонна кітап әкелдік. Тегін таратамыз. Насихатымыздың сапасы бұрынғыдан да арта түседі.
– Беке, дініміз үшін де, діндарлар үшін де, жалпы бар-баршамыз үшін де Отаннан қасиетті ештеңе жоқ екені аян. «Отанды сүю иманнан» деген қастерлі қағидаға орай не дер едіңіз? – Бас мүфтиіміз, дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі үнемі айтып та, жазып та жүргендей, ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттерге үндейтін ұлы дін болса, Отан сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұғым. Ата-бабалар қорғаған, кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы бәрінен қымбат. Алдымыздағы қаншама буын армандап, аңсаған тәуелсіздік тұсында тіршілік кешудеміз. Бәріміздің де көгеріп-көктейтін, жапырақ жаятын жеріміз – кең-байтақ Отанымыз. Отанды сүю, әрине, иманнан екені сөзсіз. Имансыздар Отанның қадір-қасиетін терең түсіне алмайды. Біздің Отанымыздың көркеюіне, еліміз бен жеріміздің тұтастығына, кеңпейілділігімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға іріткі салғысы келетіндер көп. Бөлінушілікке, жіктелушілікке ұрындырғысы барлар аз емес. Отанды сүюдің мәнісі туған елге, туған жерге қызмет етуде, сөзбен ғана емес, іспен көрсетуде екенін бұрынды-соңды өткен ардақтылардың бәрі де айтып, аңғартып кеткен.
– Жақында ғана бүкіл еліміз бойынша «Жылдың ең үздік имамы» атандыңыз. Ұлыстың ұйытқысы Оңтүстік үшін бұл да – үлкен мақтаныш. Құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен
Мархабат БАЙҒҰТ. http://www.egemen.kz