Мадибек Ташимов: «Намаздың рухани құндылықтары»

Мұсылманның Аллаһ Тағаланы танып, білгеннен кейінгі ең маңызды міндеті, ең ұлық парызы – күніне бес уақыт намаз оқу. Мұсылман деген сөз айтылғанда, бірден намаздың еске түсетіні сондықтан. Намаз – ата дініміздің негізгі тірегі.  Олай болса намаз – пенденің мұсылман екендігін дәлелдейтін бірден-бір құлшылық.   Аллаһ Тағала Құранда: «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер, сондай-ақ иілушілермен бірге иіліңдер», – деп бұйырған (Бақара, 43).

Аллаһ Елшісінің (ص ) бір хадисінде: «Біліп алыңдар, сендердің ең қайырлы істерің – намаз» – делінген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (ص ) «Намаз- менің көз қуанышым» дейтін.

Расында Аллаһ Тағаланың өз пенделерін бір нәрсеге бұйыруында немесе бір нәрседен қайтаруында көптеген сыр-хикметтер бар. Аллаһ Тағала өзінің құлдарын бір нәрсеге бұйырса,  Аллаһ оларға мұқтаж болғандықтан бұйырмайды. Керісінше пенделердің сол бұйырылған немесе қайтарылған нәрсеге мұқтаж болғандықтары үшін, олардың діндерінде және дүние істерінде олар үшін көптеген пайдалар болғандығы үшін бұйырады. Аллаһтың бізге бұйырған құлшылықтарында біздің әрқайсымыз үшін, біздің отбасымыз және жалпы еліміз үшін және біздің дене мүшелеріміз үшін көптеген пайдалар бар.

Пайғамбарымыз (ص ) намазға: «Діннің тірегі», «Мүміннің миғражы», «Жұмақтыңкілті», «Көзімнің нұры» деп анықтама берген. Намаз – Исламның ең маңызды ғибадаты. Намазды бес уақыт оқу – парыз. Күнделікті күйбең тіршіліктің ішінде жүріп Аллаһты, ақыретті, өлімді, өмірлік мақсаты мен міндетін ұмытып кететін адам, күн сайын бес рет намаз оқу арқылы Аллаһқа құл екендігін есіне түсіріп, өмірге деген құлшынысы артады. Әрбір намаз адамның жан дүниесін жаңартып, кайта тірілгендей күй кешкізеді, яғни адам баласы ширктің батпағынан таухидтың таза ауасына, өткінші дүниенің алдамшы ләззатынан мәңгілік өмірдің шәрбатына, шайтанның шырмауынан Аллаһтың құзырына өтеді. Осы өткелдің басы азан мен дәреттен бастау алады. Мүмін таухидтың қысқа да нұсқа сөздерінен тұратын азан арқылы намазға, кұтылуға, дәрет алып, айналасын шырмауықтай шырмап алған шайтанның тұзағын тізгілеп өтіп, жан мен тәннің кірлерінен арылады. Құранда бұл тақырып: «Аллаһ сендерге ауырлықтүсіргісі келмейдікерісіншесендердің шүкірлік етулерің өздеріңді тазаұстауларыңды көздейдіигілігін сендерге беруді қалайды» («Мәида» сүресі, 6-аят),- деп баяндалады.

Пайғамбарымыздың (ص ) хадисінде: «Сен-дердің діндеріңнің басы – намаз»,- деді. Ендеше, бассыз адам болмайтындай, намазсыз дін де болмайды. Абдулла ибн Масғуд (р.а.) айтты: «Мен Пайғамбарымыздан (ص ) Аллаһ тағаланың алдындағы ең сауапты амал қайсысы?- деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ص ) : – «Уақытында оқылған намаз»,- деді. – Содан соң қайсысы?- дедім. Ол (ص ) : – «Ата-ананы құрметтеу»,- деді. Содан соң қайсысы?- дедім, Ол (ص ) : – «Аллаһ жолында күресу»,- деді. Пағамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (ص ) тағы бір хадисінде: «Егер де сендердің біріңнің үйіңнің алдында өзен ағып жатса және сол өзенге күніне бес рет түссе, ол адам бойында кір қала ма? Сахабалар айтты: – Жоқ, қалмайды. Пайғамбарымыз (ص ) : – Бес уақыт намаз да сол сияқты адамның күнәсін кетіреді»,- деді. Бұл хадисте баян етілгендей, адам киіміндегі, денесіндегі нәжісті су кетірсе, іштегі кірді, яғни күнәні күнделікті өз уақытында оқылған намаз кетіреді, күнәдан тазартады.

Пайғамбарымыз (ص ) : «Әр нәрсенің кілті болады, намаздың кілті – дәрет, ал жәннаттың кілті – намаз»,- деген.

Құрметті жамағат! Бәріміз  Раббыларымызға мұқтажбыз, біздердің оған деген қажеттіліктеріміз қас қағым сәтке де үзілмейді. Сондықтан оған құлшылық етіп, оған шүкірлік-тәубе етіп оны зікір етуді тоқтатпайық!

Аллаһ Тағала біздердің оған жақын болуларымыз үшін және біздерді сауапқа бөлендіру үшін біздерге бес уақыт намазды парыз етті. Ол намаздар жүректерді күнәлардан тазартады және пендені өзінің талап ететін ең жоғарғы мақсаты— жәннатқа жеткізеді. Бұл намаздар — пенде мен оның жаратушасы әрі ризықтандырушы болған Раббысының арасындағы бір байланыс. Адам намазға тұрарда өзінің сыртқы және ішкі дүниесін тазартады. Өйткені ол дәрет алуымен өзінің беті-қолын және аяқтарын жуады және дәреттен кейін ол ең таза болған күйінде:«Аллаһу акбар» деп тәкбір айтып, оған мойынсұнған және одан қорыққан күйінде Раббысының алдында тұрады. Намазда тұрғанда жүрегімен де денесімен де ешқайда алаңдамайды. Оның жүрегі Аллаһпен байланыста, ал жүзі Аллаһтың үйі Қағбаға жөнелтіледі. Сөйтіп ол іштей және сырттай Аллаһқа қараған болады. Намазда Аллаһтың Кітабынан аяттар оқиды және оқығанын көңіліне тоқиды. Құранда келген бұйрықтар мен тыйым салынған нәрселер жайлы ойланады, және онда айтылған қиссалардан ғибрат-үлгі алады. Егер Аллаһтың рақымдылығы жайындағы аяттар келсе, соған жетуді тілейді, ал егер азап жайлы аяттар келсе, одан сақтанып Аллаһтан пана тілейді.

Кейін белін бүгіп рүкүғ қылады. Рүкүғте тұрғанда Аллаһты ұлықтап: «سبحان ربي العظيم» «Аса Ұлы Раббым кемшіліктен пәк» -деп Аллаһтың ұлықтығын есіне алады. Оның ұлықтығының алдында өзге  ұлымықты күш иесі деп жүргендердің барлығы бастарын иеді. Оның ұлықтығының алдында асқар таулар түтілген жүн сияқты болып ауада ұшып жүрсе, басқасының жағдайы не болмақ?

Кейін Раббысына мадақтар айтқан күйінде, оның берген нығметтеріне шүкірлік еткен күйінде: “سمع الله لمن حمده «Аллаһ өзін мадақтағанның дұғасын қабыл етті»-деп рүкүғтен басын көтереді.

Содан кейін тәкбір айтып өзінің денесіндегі ең шарапатты әрі ең биік мүшесі маңдайын жерге қойып сәждеге жығылады. Сәждеде оның дене мүшелерінің барлығы: басы, екі қолы және аяқтары бір деңгейде жерге жабысқан қалпында болады. Сол кезде ол Раббысының барлық төмен нәрседен пәк екенін, оның бйіктігін және ұлықтығын есіне алып, оның сипаттары ең жоғары әрі кәміл екендігін есіне алып: “سبحان ربي الأعلى  «Аса жоғары Раббым кемшілік атаулыдан пәк»-деп Раббысына мадақтар айтып,оған дұға етіп жалбарынады. Адам өзінің ең жоғары жері маңдайын бойұсынған күйінде Раббысының алдында сәждеге қойғаны үшін, адам баласының оған ең жақын болатын уақыты осы сәжде қылынды. Сондықтан Пайғамбарымыз (ص )хадисінде: «Сәждеде болсаңдар, онда дұғаны көбейтіңдер, онда дұғалар көбірек қабыл болады» -деген.

Кейін сәждеден басын көтеріп Раббысының алдында екі қолын сандарына қойып бойұсынған күйінде отырып Аллаһтан өзінің күнәләрінің кешірілуін тілеп, одан рақымдылық пен амандық тілейді. Кейін Аллаһты ұлықтап, әт-тахиатты айтып, Пайғамбарымызға (ص ) салауат айтып және Аллаһтан дүние-ақыреттің зиянынан, тозақ азабы, қабір фитнасынан және мәсіх дәжжал фитнасынан пана тілеп және басқа өзі қалаған дұғаларды айтып намазын аяқтайды.

Құрметті жамағат! Намаздағы адам құлшылықтың бағында серуендеп жүргендей; қиям, рүкүғ, сәжде, құран оқу және зікір ету сияқты құлшылықтың арасында болады. Барлық жағдайда оның жүрегі Раббысымен байланыста. Бұл нығметтен артық қандай нығмет бар? Бұл жағдайдан артық қандай жағдай бар? Сондықтан намаз мүмінге көзінің қарашығындай етілді. Намаз уақыты келсе қуанады, таң намазын оқыса бесін қашан болады екен деп намазды сағынышпен күтеді. Бесінді оқыса екінтініекінтіні оқысаақшамдыақшамды оқыса құптанды күтумен болады. Оның жүрегі әрдайым намазды іздеп тұрады. Өйткені намаз жүректерді тірілтеді, Сондықтан адам намаздан шыққанда оның жүрегі нұрланған, қуанышқа толған және өзінің жәйін тапқан күйінде шығады.

Намаз куәліктен кейінгі ең маңызды құлшылық. Өйткені ол діннің тірегі және адамның қиямет күні ең бірінші сұралатын амалы да. Егер намазы дұрыс болса құтылады, ал егер дұрыс болмаса, өкінішке әрі зиянға ұшырайды.

Намаз басқа ғибадаттардан өте көп нәрселермен ерекшеленеді. Өйткені Аллаһ Тағала оны Пайғамбарымызға (ص ) тікелей парыз қылды. Ал басқа ғибадаттарды Жебірейіл періште арқылы парыз еткен еді. Намаздың артықшылықтарының бірі — намаз оқу әр күні парыз. Ал басқа ғибадаттар, яғни қажылық, зекет және ораза жылына бір рет қана парыз етілген. Бұл да Аллаһтың намазды жақсы көретініне делел болады.

Намаз — адамдар арасындағы теңдіктің, бауырмашылдықтың, тәртіптің, сондай-ақ барлықтарының бір болып жүздерін мұсылмандардың қыбласы болған қасиетті Қағбаға бұратын көріністердің бірі.

Жалпы, намаз – Алла тағаланың әрбір мұсылманның мойнына жүктеген парызы. Сондықтан оны тек имам, молдалар ғана емес, өзін мұсылман санайтын әрбір жан орындауы керек. Намазды оқымауға ешбір жеңілдік жоқ. Тіпті айықпас аурудан бүкіл дене мүшесі сал болып, мүлдем қозғала алмай, тек кірпігін ғана қимылдата алатын адамның өзі, кірпігімен ишара жасап болса да намаз оқуы тиіс. Намаз оқығанның уақыты да, күнделікті өмірі де тәртіпке келеді.

Сондықтан Аллаһ Тағала пендесінің бір тәуліктің бес бөлігінде құзырына келіп, мінәжат жасауын, тегін берілген бүкіл нығметтер мен ырыс-берекені, ұлы Аллаһтың шексіз құдіретін еске алуын, сол арқылы дәйім шүкіршілікте болуын қалаған.

Алайда бүгінгі таңда адамдардың көпшілігі бес уақыт намаз  оқыса, бүкіл уақытынан айырылып қалатындай қорқады. Ал шындығында бұл қате тұжырым. Өйткені Алла Тағала  адамдарға бір тәулікте 24 сағат берген. Ал бес уақыт намазға  тәулігіне шамамен бір сағат қана уақыт қажет. Қалған уақыт еркімізде. Олай болса, Алла берген 24 сағаттың бір сағатын Жаратушымыздың мойнымызға жүктеген міндетін орындауға жұмсасақ, одан қалғаны да дүние тіршілігіміз үшін  жетіп артылады.

Сондықтан сөз соңында айтарымыз: намаз оқып, жан түршігерлік азаптан құтылып, мәңгілік жұмақтан өзімізге лайық орын алуға тырысайық, ағайын!!!

Шымкент қалалық «Халифа Омар» мешітінің молдасы

Ташимов Мадибек

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники


Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


8 − 3 =