Нұрлан Байжігітұлы: ЖЕР ҰЙЫҒЫМ - МЕШІТІМ

Ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың түйесі Медине қаласы жанындағы Құба елді – мекеніне шөгіп, ислам тарихында алғашқы мешіт осылай шаңырақ көтерген. Жетінші ғасырдың басындағы мұндай бастама исламды дамытудың негізгі жолының ең бірінші тұсаукесері деуге болады. Құрандағы «Байтуллаһ» яғни «Алланың үйі» арабтың «Мәсджид» сөзі «Сәжде қылатын жер». Негізі, мешіт – имандылық ордасы, мұсылмандардың табан тірер, тізе бүгер жері, мінәжат ғибадатханасы. Бұл діни ғимаратта Алланың ғибратты құраны мен намазын оқу, уағыз тыңдау, өмірлік сауалдарды талқылау, діни ілімді тереңдету бар. Сонау дәуірлерде ел мәселесі қаралып, үкімдер оқылып, сот істері ақтарылғанымен, кейіннен қысқартылды. Бұл абзал орын туралы (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз «Мешітті тақуалар ғана толтырады» деген. Бұл сөзге құлақ қойған тақуаның өзі мешітті құрметтей білгені жөн. Ал, адамдардың көпшілігі мешіт әдебін біле бермейді. Сондықтан, барша мұсылман қауымына өте қажет дүние – ол мешіт мәдениеті. Әсіресе, қазіргі уақытта қолдарын екі қалтаға қымқыра, аяқтарын екі жаққа лақтырған, қара жерге қарауға белі бүгілмей қалған қара көзілдірікті жандар, балағы тізеден жоғалған сидаң сирақтар, болмаса басы лыпасыз яғни тақиясыз тақырланған жалтыр бастар, шашын жайғандар мешітке тек қана дүниелік оймен келіп – кетіп жатады. Осындай тұрпайы күйлерін көргенде, «Аллам - ау, аз ғана ниетің мен қадамыңнан айналайын, бірақ қонаққа да бұлай бармайсың, оған сәндене киген әдемі киімің бүгін тар болды ма?» десең, түкке түсінбейтін адамдай көздері домалана қалады. Мешіт - Алланың жер бедерінен Өзі арнайы белгілеген киелі нүктесіндегі қасиетті періштелердің мекені. Оған үмітпен имене еніп, ықыласты әдеппен шыққан жөн. Өйткені, мешіт жер бетіндегі ең таза да қуатты орын. Ол жерде өзгеге өктемдік көрсету, оқырайып қарау, озбырлану – мешітке деген құрметсіздік.Тіпті, ешкімнің аяғының ұшын басуға да құқымыз жоқ. Сондықтан, рухты жығып, кеудені басып, басты иіп, мұрынмен жерін иіскеуіміз керек. Мешітке алғаш рет келген орта жастағы әйел адам өзінің балаша еңкілдей жылағанын өзі түсіне алмай «Мені ешкім ренжітпеді, бірақ өзімнен – өзім мына кеудеме жаным жиылғандай, көмейіме толған жасымды сыртқа шығарғаннан, тоқтата алмай отырмын, бұл не өзі» деп, таңданды. «Алла тағала сізді көп күткен екен, бұл жүрегіңізді жібіткені» дегенімде, одан бетер егілгені бар еді. Ендеше, анда – санда емес, аптасына бір рет Алланың үйіне дайындықпен аяқ басқан жөн. Мешіт табалдырығынан бастап, бәріміз Алланың үйінде қонақпыз. Бай - қуатты немесе лауазымды адамдардың үйіне қонаққа барғанда, қалай қысыламыз десеңізші. Жеріне төселген кілемінің үстінен өтуге қымсынамыз. Өзімізді мәдениетті ұстап, жақсы көрінуге тырысамыз. «Киіміңе қарап, қарсы алады, ақылыңа қарап, шығарып саладыны» жадымызға құйып қойғанбыз, тіпті асып – сасып, шала бүлінеміз. Бір қызығы, Алланың үйіне бұлай дайындалмаймыз. Біз екі дүниеге де қонақпыз. Сондықтан, осы дүниелік тірлікті бір сәтке тоқтатып, о дүниелік келешегімізді, жан дүниемізді мешітте саралаған жақсы. Құран тыңдап, жүректі ақтарған жақсы. Жаратқанмен сырласқан жақсы, иманды жетелеп, сәждеге барған жақсы.  Ал, сәждеде уақытты тоқтатып, Алламен тілдескен жақсы.

Қазіргі қазақ жастары арасында «Іш пысты» деген жігерді құм қылатын сөз бар. Бұл алтын уақытын ермегіне айналдырған зеріккеннің сөзі. Зерігу жалқаулықтан асып түспесе, кем емес. Еріншектің ертеңі бітпесе, зерігуші тіптен тауыса алмайды. Яғни бос мезгілін қайда жұмсарын білмеген еріккен жас буын көзіне көрінген затқа ұрынып, арты жақсы болмай жатады. Ал, сол жастардың ата – анасы ұлы мен қызын мешітке ертсе, құранмен көкірегін оятса, намазбен уақыттарын нұрландырса, қандай жақсы. Таңымызда шырылдаған сағаттың үніндей күніге «Алланың үйіне бармадым – ау» деген әркімнің көкейін оятатын арман болса екен. Мешітке келген адамға Алладан игілік бар. Ғұсыл құйынып, таза киім /бастарына ер адам – тақия, әйел адам – орамал/ жағымды әтір, ізгі ниетпен, сүйіспеншілік құрметпен, ибалы кейіпте мешітке жаяу шыққан пенделерді Алланың періштелері қарсы алады. Пендені қоршап алып, оның әрбір ісіне қуанады не қайғырады. Жаратушыларының қасиетті кітабын ашса, құрығанда бір әрібімен танысса, Оны еске ала жыласа, сәждеге басын қойса, құран тыңдаса періштелер қуанады. Ал, мұның бірін де істемей, селсоқ келіп – кеткенге қайғырады. Әлбетте, «Алла тағаланың мешіттерін шынайы түрде Алла тағалаға, ақырет күніне сенетіндер, намазды толық орындайтындар, зекет беретіндер және Алла тағаладан қорқатын кісілер ғана ұстайды. Олар тура жолда боламыз деп үміттенеді» деген «Тәубә» сүресінің 18 - аятын білген жөн. Ал, тәулігін беске бөлген, жүрегін мешітке байлаған пенде де Алланың орнатқан мешіт әдебін білгені дұрыс. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабасы Абдулла ибн Масуд (р.а.) бірде кіршеңдеу киіммен намаз оқыған адамды көзі шалып қалады да оған таянып:

–                     Бауырым, сен осы намазыңнан кейін қайда бармақшысың? – деп, сұрайды. Сонда ана адам:

–                     Тірлігіме қажетті бір бұйымтайымды сұрауға сұлтанға барушы едім – депті.

–                     Машаалла, онда ол адамға қажетіңді сұрап баратын болсаң, осы киіміңмен барасың ба? – депті. Ол:

–                     Әлбетте, таза киімдерімді киемін – деп, оның сұрағына таңырқай қарапты.

–                     Ендеше, сол таза киіміңе Алла тағаланың хақысы жоғары емес пе еді?! – деген жауабымен әлгі адамды ұялтқан екен.

Кімде – кім, мейлі ол намаз оқуға немесе жәй ғана келген адам болсын, алдымен тазалануы міндет.  «Ей, Адам балалары, қай жерде болсаңдар да, тақуа болып, соған лайықты сыпайы болыңдар. Намазды уақытында оқыңдар, құлшылық жасаңдар» «Ағраф» сүресі, 31-аят.

Әсемдену, әдемі киімін кию ниетін зейнеттеуі - сауап. Ал, мешітте жамиғатпен намаз оқу дәрежесі хадис бойынша, жиырма жеті сауаппен еселенеді. Яғни намазды үйінде жалғыз өзі жиырма жеті рет оқыса да, мұндай мол сауапқа кенеле алмайды. Әрі мешітке аттаған әрбір қадамымен күнәсі қайтарылып отырады. Негізі, мешітті көркем де сұлу етуші жамиғат намазы. Аллаға қатармен бірегей сап түзеу, ниет жасау, сәжде ету - мешіт көркі. «Намаз – діннің тірегі» болса, жамиғат қатары дініміздің тіреуіштері. Мешітке асықпай, аяңмен жеткен жақсы. Оң аяқпен кіріп, мешіт дұғасын іштей айтса болады. Егер, жамиғат намазы  басталған болса, сапқа қарай жүгірмеу керек. Ентелеп, жамиғат құлшылығының ниетін қашырмауы әрі намазға зияны болмауы тиіс. Бірде мешітте Мұхаммед (с.ғ.с.) уағыз айтып отырғанда, бір бәдәуи араб ішке ентіге кіріп келіп, жолындағы бірнеше адамдардың үстерінен аттап өтіп, алдыңғы қатарға отырады. Мұны көрген (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз сол бәдәуидің есімін үш рет дауыстап, жамиғаттан «Бүгінгі құлшылықта неге жоқ?» деп, сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) сұраған сайын, ол орнынан ұшып түрегеліп, «Мындамын, алдыңыздамын» дейді екен. Үш реттен кейін ғана барып, оның әдепсіздігін айтқан екен. Сол сияқты, мешітте өзіне арнайы орын белгілеу – әдепсіздіктен бұрын менмендік. Хадисте сәжде еткен жерлер қияметте нұрланып тұратыны айтылған. Сондықтан, мешіт Алланың шапағатында. Негізінде, ертерек жетіп, екі рәкағат «Мешіт сәлемі» намазын оқу абзал. Алайда, осы «Сәлем намазын» оқимын деп, көп адамдар күнәға қалып жатады. Себебі, құран оқылып, уағыз айтылған кезең мен үш мезгілде яғни күн шығып, тау төбеде, батып бара жатқан уақыттарда бұл намаз оқылмайды. Ал, енді көптеген мұсылман бауырларымыз қасиетті жұма намазға келгенде, күн /зауал/ уақытында осы намазды оқып жататындары бар. Сондықтан, уақытқа көңіл бөлген жөн.

Мешітке келерде тыйым салынатын өзіндік заңдылықтар бар. Ауыз қуысынан мұрын мен өңешті жаратын ащы да ұнамсыз иіс болмау үшін, пияз, сарымсақ тағамдарды жеуден тоқтатылу. Әйел адамдар хайыз /етеккірі/ бен нифас /босанғаннан кейінгі уақыт/ күндері келуден тоқтатылу. Сол сияқты, жарақат жасау мүмкіндігі бар зиянды заттардан, мәселен, қылыш, найза, пышақ және т.б. болмауы қажет. Сонымен қатар, қатты дауыс шығару, қарқылдап күлу, айқайлап сөйлеу, сауда – саттық жасау, дүнияуи сөздер қолдануға мүлдем тыйым. Себебі,  (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз «Намаз оқып тұрған адамға құран оқып та кедергі етпеңдер» немесе «Мешітте сауда қылғанға Аллаһ берекет бермесін деңдер» дегені бар. Тіпті, қымбат дүниесі жоғалса да жан шақыратын дыбыс шығаруға болмайды.

Алланың мейірім нұры төгілген жер ерекше әрі берекелі келеді. Ал, қуаты мен шапағаты әрдайым рухани ырыс. Бағзы заманда еліне жайлы да шұрайлы, майлы да қонысты жер ұйығын іздеген сондағы көнекөз асыл текті Асан қайғының жер ұйығы осы Алланың үйі емес пе деген ой келеді. Әр дәуірдің тағлымды берекесі бар. Бүгінгі ырысымыз жер – жерлерде бой түзеген мұнаралы зәулім мешіттер. Олардан тараған азандар, сансыз оқылған намаздар, бағышталған құрандар, тілеген дұғалар, берілген садақалар шарапаты - бүгінгі таңдағы еліміздің мерейлі жетістіктері. Ендеше, қазіргі қазақ халқының қадірлі де қастерлі жер ұйығы – мешіт. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде қиямет күні ешқандай көлеңке, сая болмағанда, Алла тағала бірнеше топ адамдарды жарылқайтындығы айтылған. Солардың бірі – мешітке махаббат сезімін оятқан адамдар.

Ұрпақты тәрбиелесек бесікпенен,

Халықты тәрбиелейік мешітпенен – деген еліміздің Айтбай Жұмағұлов сынды бірегей ақынымыздың айтқан сөзі бар. Мешітте құран оқыту, хатым түсірту, құдайы ас беру көптеген адамдардның пешенесіне жазылған болуы мүмкін. Ал, құлшылық ниетімен маңдайы сәждеде болу әркімге нәсіп бола бермейтін Ұлы Жаратушымыздың жазмышынан. Әлбетте, бәріміз жүрегімізбен мешітке байланайық!

Нұрлан Байжігітұлы Асанов

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Өскемен аймақтық өкіл имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники


Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


2 − 1 =