Нұрлан Асанов: ЖАНЫҢДЫ АЛАТЫН ЖАРНАМА

Бисмиллахир – рахманир – рахим!

Бүгінгі аумалы – төкпелі заман қызықтарының басы жұрттың нәпсісін оятып, көзінің жауын алатын, көңіліне көбелек болып қонатын тартымды да еліктіргіш жарнамадан бастау алып жатыр. Әрі көше бойын толассыз жаудырғаны соншалықты, бірімен – бірі жарысқандай. Жасампаз еліміздің бейбіт өміріне марқайған мұсылмандар еліне рухани жүрек, көңіліне сабыр, болашағына үміт беретін салмақты дүниені бейнелесе бір сәрі, кішіден бастап, үлкенімізге дейін әрбір бұрышта көрсеқызарлықпен ұялаған көрінген ұсақ – түйек дүниені немесе ысыраппен шашып – төгуге апаратынды жариялап, бейнелі жарнама дәстүрін құруда. Тіпті, топтама сериал тәрізді, бұл бейнелер жалғасын тауып, жалған үрдістер болуда. Республикамызда белді – белді жарқын да асқақ қалаларымыз бар. Сол әсем қалаларымыздың көшелері «Өзін әлемнен жоғары санаған» тәкаппар батыс елдеріне еліктегені соншалықты, жалған жарнамалармен арзанқол сәндікке бағытталған. Десек те, гүлденген жас Қазақстанымыз дамыған елу елдің қатарына енгенімен, ішінара өзіндік білінер – білінбес қиындықтары бар. Халықтың тұрмысы толқымалы, бүгін бар, ертең жоқ. Келешектің нық сенімді қазығы қағылғанымен, жарқылдаған жалпақ әлемнің небір – небір отты алауларының ұшқынынан сақтану өте қажет. Сондықтан, мұсылман елімізге діліне жат, тіліне тікен болатын бөгде дүниелер қажет пе? Алланың қалауымен мұсылман отбасында дүниеге келген бүгінгі не келешек мұсылман өз заманымен жарыссын делік, бәрібір Жаратқанға қолын жайып, намазын оқып, кәлимамен дүниеден өтетіні хақ. Ендеше, ойымыз бен бойымызға жат дүниені қанымызға сіңірмеуіміз керек. Алайда, елімізде «Әрі жеңіл, өзі тиімді» деген шатпақ шырмауына күлім көздене қол бұлғап, бір қарағанға қарапайым болашақты ұсынған ол адамды қармағына оңай түсіре салатын қайқайған басты жарнама бар. Негізінде, ол адамзатты нағыз қатігездікке әкелетін яғни «Мейірімділік, жан ашу, қайырымдылық» деген қасиеттерден бойын аулақ ұстап, үстемдік ете адам өмірін ақшамен билейтін жүйе. Кезінде исламға дейін Халид ибн Валид пен Аббас бірнеше адамға өсіммен қарызға ақша береді. Алла тағала тарапынан осы аят түскенше дейін ол ақшаларының өсімі біразға еселенді. Аят түскен кезде, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз «Қарызға беру мен оны өсіммен молайтып алу ұстанымның қай түрі болсын, исламға дейінгі надандық екенін біліңдер. Енді Алла тыйым салды бұған. Сондықтан Аббасқа қарызының өсімін алуына рұқсат бере алмаймын» - деп, осылайша өсімқорлыққа тыйым салып, осы жолдағы пайданың қай түрін  болса да «Харам» деп жариялаған. Құранда «Ей, мүміндер! Алладан қорқыңдар! Егер сенсеңдер, өсімнен қалып қалған (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар)  «Бақара» сүресі, 278 - аят.  Ал, бүгінде мұсылманға құрылған мұндай мәдени ұралар әр бұрылысымызда сығалап жүр.

Белі қылдай, үзілген ерін, үлпі танау шайтан қыздың жайған алақанына автокөлік ұстатып, көкке көтереміз.Тіпті, өлеңдете сөз ишаратымен осыны меңзеуді де үйрендік. Өзге елдің қаңылсығына қызығып, өзіміздің өнер адамдарымыздың өзі де харамға бет алғандай. Мұның мазмұнын түсіну қиын емес, дегенмен қызға қарап, көлікке көңіл бөлу керек пе әлде нәпсіні таңдау керек пе? Бұған қарап, нәпсісін оятқан жол бойындағы көлік жүргізуші апатқа ұшырап қалмасына кім кепіл? Немесе жатын жихазға шашын жайған жартылай жалаңаш қызды бөктерлеткен бөксесімен көшеге жатқызып қоямыз. Сонда, жалпыға бірдей қай дүниені  болсын халыққа жеткізудің тиімді үлгісі жарнама болатын болса,  міндетті түрде жартылай шешінген қыздың бейнесі болу керек пе немесе неліктен жарнама мәдениеті қараусыз қалған?! Бұл жерде, осы үнсіз айқайлаған жарнама оны  жасаушының бір ғана жеке дара ойынан туындаған сияқты. Негізінде, харам жасаушы, оны сатып алушы, оған үгіттеген адамдардың баршасы (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз айтқандай күнәға кіріптар болады. Мәселен, іш киім сатушы осы киімдерді қыз мүсініне кигізіп, көшеге, жол бойына орналастырады. Оның ойы – тезірек сатып, пайда табу. Бұл жерде, осы жалаңаш мүсінге, суретке қарап, күнә тауып, онымен қоса, нәпсісі көтеріліп, харамға барған адамдардың күнәларына Алланың алдында әлгі жарнамалаған адам жауап береді. Суретші де өз жан – дүниесін қағаз бетіне түсіреді, ақын – жазушы көңілін толқытқан өлең - жырын күні – түні жата жазады. Сондағы, жарнаманы ойластырушы адамның түпкі уыты жалған мәдениет болды ма, оны барша халыққа шашуға құқысы бар ма? Мұндайды күнде – күнде көзімен көре өскен қазақ қыздары көсемдене бойына ибалылықты жуытпайтын болды. Ол бір дүние, келесі де қазақтың санасын  түтіндетіп, кеудесін ащытып, күрк – күрк жөтелдіретін, алуан түрімен әр жерде әркімнің ауызын будақтатқан темекі жарнамасы бар. Әрі «Темекі шегу сіздің өміріңізге зиян. Темекі түтінінен балаларды қорғаңыздар» деп, қорғаған сымағы тағы бар. Оны оқыған қазақ нанына жұмсамаған қаражатын соған бөліп, аузының дәмін алады. Осыдан сәл ілгері уақытта арақтың сан атауын жарнамалауға  таласқан қазақтардың күні құлдырамаса, бүгінде өркендеген емес. Көшедегі көзімізден бұл – бұл ұшқанымен, таяқ тастам жерлердегі үлкенді – кішілі дүкендерде қатарын бұзған жоқ. Ол арақ көшеден кеткенмен, сөреден кеткен жоқ. Одан өткен сорақылық, Жаратқан Алла кешірсін, қазіргі адамдардың санасы жабылған болуы керек, арақтың бөтелкесіне ұлтымыздың зиялыларын, қасиетті мекендерді, тіпті Жаратқанның есімін жазуға көшті. Жуырда, аяққа киілетін шұлық /носки/ қалыбына мешіт суретін де салыпты. Бұл қаншалықты деңгейді көрсетеді? Ал, енді орнын басқан ізбасарлары көшеде қалып қойды. Арақтың дәмін ұйқысында жатып – ақ айтатын сабаздар «Сыра – арақтың атасы» дегенмен мақалдайды. Сонысына қарай сыраның мөлдіреген ақшыл, сары, қоңыр түстері арайлы күніміздің шуағымен таласа әлі күнге дейін көз алдымызда. Сонда, жарнамашы арақ – шараптың күшінен сыраның қуаты аздау деп, адамдарды алдауы ма, арбауы ма? Одан қалды, қала орталықтарында орналасқан биік – биік телеэкрандарда жүргізілетін жарнамалардың тең жартысы осы тектестегілер. Ал, отбасыдағы кіші теледидар ше? Денсаулық шартына жәрдем беретін /ұятты/ заттардың көбелекше көлбеңдеген қатары адамды жерге қаратады. Әр мезет бірнеше реттен қайталап, адамның бар уақытын алады. Қазірде, әлемнің түкпір – түкпіріндегі қандай да бір жағдайды заматында білу қиындыққа соқпайтын болды. Себебі, әйгілі ғаламтор кірпік қақпастан, адамның санасын жан – жақты ақпараттар керуенімен әлсін – әлсін қамтамасыз етуде. Әрі ол қандай ақпарат десеңізші. Ер мен әйелдің төсек қатынасындағы ашықтан – ашық арпалысқан күйлерін көрсетуі бар. Одан бетер азғындығы сол, Жаратқан Алланың тірідей қарғысына ұшыраған қыз текелер мен жұптасқан қыз бен қыздың шайтан тірліктерін заңдастырып, оны асқан жаңалық ретінде жарнамалап көрсете бастады. Бабаларымыз хадистерге сүйене, ақырзаман жақындағанда елді бұзатын тажал шығатынын айтып кеткен. Бүгінде, сол бір көзді тажал әрбір үйдің төрінен орын алған. Бір үйде екі құран, екі жайнамаз табылмаса да, екі теледидар табылады. Бет майы, шаш бояу жарнамасына шыққан әйелдер жанұясымен бірге отырған еркектің ғана назарын аударып қана қоймай, бала – шаға мен әйелдерін де еліте бастады. Сонда, бұл әйелдердің күйеуі мен балалары қайда? Мұндай жан алатын жарнама масқаралықтан өткен ауыр күнә, түбі қайғы мен құлдырауға әкеп соғары анық. Ұлық ғалымдар ертеде жер бетінде бір кәсіпті ұнатпаған. Ол – елге жариямен хабар беруші жаршы еді. Себебі, оның міндетіне барша жаңалықты халыққа ұрандата жариялау кіретін яғни бүгіндегі жарнама мен жарнамашының кебін киген адам. Ендеше, есіктен кіріп, есті шығарған, көкіректен еніп, өкпені тескен, жүрекке барып, басты тепкен мұндай дүниені жариялау дінімізде  харам! Бұл Жаратқанның жарлығымен тыйым салынған харамды көру, оған тыйым салынбау – харамнан өткен ауыр күнә. Біз нағыз күнәлардың ортасында келеміз. Адам бұзылғанда заман өзгереді. Оның зардабы әлі алда, жан қиналысынан бұрын, Алла алдындағы сұрағымызды ауырлатпайық. Халалды, сауапты, жақсылық пен қуаныштың жаршысы болайық, ағайын!

Нұрлан Байжігітұлы Асанов

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Өскемен аймақтық өкіл имамы

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники


Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


5 + = 12