Оңғар ӨМІРБЕК: Жаңа жарғыда жаңалық жетерлік

Алматы қаласы. 2012 жылдың 14 сәуірі. Таңертеңгі сағат 9:30. «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің салтанат залында Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VI құрылтайы өз жұмысын бастады. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама-Шариф, діни басқарманың ақылдастар алқасы мен ғұламалар кеңесінің мүшелері, республиканың облыстардағы бас имамдары, діни басқарма қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Әдеттегідей келелі жиын қасиетті Құран оқумен басталды. Оны Алматы Орталық мешітінің наиб имамы, қари Жұманазар Садырханов оқыды.

Құрылтайды кіріспе сөз сөйлеп, дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет ашты.

 - Бәрімізге белгілі, 2011 жылдың қазан айында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қол қоюымен ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды, - деп бастады өз сөзін Дінбасы, - Сол жаңа заңның IV тарау, 4-тармағында діни мекемелердің республикалық діни бірлестік болып тіркелуіне қажетті шарттар көрсетілген. Осы талаптың алғышарты ретінде ҚМДБ жарғысын бекітіп, қайта тіркеу бүгінгі кезектен тыс шақырылған VI құрылтайдың күн тәртібіне қойылып отыр.

 Бір атап көрсететіні, құжатқа бірқатар оң өзгерістер енгізілді. Өйткені, қоғам дамып, уақыт талабы өзгерген сайын діни қызметке қойылатын талап та күшейе түсетіні заңдылық. Мысалы, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңында Исламның ханафиттік бағыты ел мұсылмандары үшін дәстүрлі ұстанымыз ретінде танылған. Бұл – қоғам талабы. ҚМДБ жарғысында да бұл жәйт айқын белгіленді. Сонымен қатар ҚМДБ жарғысында ел азаматтарының отбасылық құқығы, неке мен ажырасу шарттарын шариғат шеңберінде жүзеге асыру, діни сауат ашуға ниет білдірушілерге дәстүрлі исламның қайнар бұлағынан тәлім беру, адам денсаулығына зиянды кез келген әрекетті қолдамау, керісінше адам денсаулығына қажет алғышарттарды насихаттау мәселелері де назарға алынғанын атап көрсеткім келеді. Сондай-ақ ҚМДБ-ның құрылымына қатысты мәселелер де анық және дәл көрсетілген. Жинақтай айтқанда, сіздердің назарларыңызға жобасы бекітуге ұсынылып отырған жаңа жарғы Діни басқарманың алдағы жұмыстарына заңды тірек болуға лайық жасалған деп ойлаймын және бұған қатысты пікірлеріңізді білдіріп, оны қабылдауларыңызды сұраймын.

 Құрылтайдың күнтәртібіне қойылған жарғы жобасы бұған дейін ҚМДБ-ның кеңейтілген төралқа мәжілісінде талқыланып, мақұлданған.

 Делегаттарға жаңа жарғының жобасының мәтінін ҚМДБ-ның оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков оқып, оған қатысты пікірлер білдіріліп, толықтырулар мен өзгерістер іле-шала делегаттардың мақұлдауымен енгізіліп жатты. Делегаттар жаңа жарғының жобасы мәтінін үлкен экрандағы слайдтан да оқып отырды.

 Жаңа жарғы бірауыздан қабылданды. Онда бұрынғысымен салыстырғанда Дінбасы өз сөзінде бірқатарын атап көрсеткеніндей толықтырулар мен өзгерістер баршылық. Енді соның бірқатарына тоқталайық:

 Жарғыдағы оң өзгерістің бірі ретінде - Қазақстан Республикасы аумағында Ислам дінінің тарихи ерекшелігін ескере отырып, сүнни бағыттағы Әбу Ханифа мазһабы және имам Матуриди ақидасы бойынша Ислам дінінің дұрыс және жүйелі насихатталуын қамтамасыз етеді - деген тармақты атап көрсеткен жөн. Мұндағы: «сүнни бағыттағы Әбу Ханифа мазһабы және имам Матуриди ақидасы бойынша» дегеннің мәні айрықша. Ел мұсылмандары тек Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасы бойынша насихат жүргізіп, амал ету керектігі айқын көрсетілген. Демек, ел аумағындағы мешіттерде бүкіл діни рәсімдер де, құлшылықтар да осыған сәйкес жүргізіліп, өткізілуі тиіс. Мұнан өзгесі дін жөніндегі жаңа заңға да, діни басқарманың жарғысына да қайшы, яғни оны бұзушылық болып табылады.

 Жаңа жарғыда дінбасылыққа қандай адамның бола алатынына айқын анықтама берілген. Онда: «Бас мүфти 40 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы, ұлты қазақ, Қазақстанда тұрақты 15 жыл тұрған, мемлекеттік тіл мен араб тілін жетік меңгерген, жоғары діни немесе гуманитарлық білім алған, ислам мәдениеті мен теологиясының теориясы және практикасы бойынша терең білімді, мол тәжірибесі бар, денсаулығы шариғат үкіміне сәйкес келетін, Қазақстан мұсылмандары алдында беделді, олардың сеніміне ие болған тек ер адам бола алады», - деп көрсетілген.

 Келешекте діни басқармада тағы да қандай бөлімдер ашылуы мүмкін? Жаңа жарғыда оған кең орын берілген. Бөлімдер көп. Соның ішіндегі: «Жастар ісі; Мұсылман әйелдер; Халал өнімдерін стандарттау бөлімдері» көптің назарын өзіне аударары сөзсіз. Бүгінгі жас ұрпаққа имандылықты жеткізу, әйелдер арасында діни насихатты жолға қою – ең өзекті мәселелерге жатады. Ал, халал өнімдеріне келсек, әрбір мұсылманның халалдан ішіп-жеуі, табыс табуы аса маңызды. Жалпы халалдың дініміздегі және мұсылманның өмірі мен құлшылығындағы алар орны аса зор. Сондықтан бұл мәселе қашан да өзекті болып қала бермек. Рас, қазір еліміздегі халал мәселесінің деңгейі арқаға аяздай бататын аянышты халде. Тұтынушылардың дені халал мен харамды толық айыра бермейді. Асхана, мейрамхана, тойхана, қонақ үйі, шұжық, самса, тіпті сауна, монша, асаба, қорғаушы, техникалық жөндеу орталығы да өзіне халал деген атты жапсырып алған. Атына заты сәйкеспейді. Оларды қызықтыратыны тек аты ғана. Енді мұны кім көрінгеннің табыс көзіне айналдырмай, келешекте діни басқарма өз қолына алып, жолға қояды деп үміт артамыз.

 Жаңа жарғыға: «Мешіттерді Бас мүфти 5 (бес) жыл мерзімге тағайындайтын имамдар басқарады. Имам өз міндеттерін лайықты дәрежеде дұрыс атқара алмаған жағдайда немесе қажетті жағдайда қызмет мүддесіне орай мерзімінен бұрын босатылуы, ауыстырылуы немесе басқа қызметке тағайындалуы және қызметтік сұранысқа сәйкес мерзімі ұзартылуы мүмкін», - деген тармақ енгізілді. Мұнан көрініп отырғанындай мешіт имамдарының бір орында қызмет ету мерзімі бес жыл деп нақты көрсетілген. Одан соң дінбасының бұйрығымен басқа мешітке ауыстырылады. Көпшілікке белгілі былтыр бірқатар өкіл имамдар жарғыға сәйкес орын ауыстырды. Бұл алғашқы қадам еді. Тәжірибе оң нәтижесін берді. Алдағы кезде одан әрі де жалғасуы мүмкін. Мұның өзі діни істердің жандана түсуіне, имамдардың тынбай ізденіп, жауапкершіліктерін арттыра түсуіне ықпал етпек.

 Жарғыға: «ҚМДБ мешіттерінің облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық имамдары облыстың бас имамы ұсынысының негізінде Бас мүфтидің бұйрығымен қызметке тағайындалады және босатылады» - деген жаңа тармақ қосылды. Мұндағы көзделген мақсат облыстың бас имамының беделін көтеру. Өз аумағындағы діндарлардың діни кәсіби міндетін қаншалық атқарып не атқармай жүргенін бақылап, қадағалайтын сол бас имамнан артық кім біліп, бағалай алады?

 Жарғыдағы: «Мемлекеттік мекемелердің, діни және қоғамдық ұйымдардың өтініші бойынша елімізден тыс жерлерден әкелінген немесе елімізде басылған діни әдебиеттерге, сондай-ақ ислами үн және бейне таспаларға сараптама жасап, оларға жазбаша қорытынды беріледі» - деген жаңа тармақ бүгінгі уақыт талабынан туып отыр. Жасырып, жабатыны жоқ, елімізге алыс және жақын елдерден түрлі діни әдебиеттер мен үн, бейне таспалар келіп, ашық сатылып та, таратылып та келді. Мұның қаншалық біздің мәзһапқа сай келетінін ескеріп, елеп жатқан ешкім де болмады. Түрлі теріс ағымдардың уағыздық-насихаттық материалдары осылай тарады. Жамағат арасына іріткі салды. Жамағат бөлінді. Бұл дініміздің тұтастығына, сол арқылы халқымыздың бірлігі мен ынтымағына сызат түсірді. Әрине, сараптаудан өткізіліп, теріс пиғылды материалдарға тыйым салынуы тиіс.

 «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық исламдық діни бірлестігінің филиалдары саналатын мешіттерінің ережесі бекітілді.

 Құрылтайда ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама-Шариф еліміз бойынша тіркелмей қалған аты бар да заты жоқ 110 мешітті (шындығында, бұлар намазханалар) тіркеу туралы ұсыныс жасады.

 Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы Еркін Дуанаев ел бірлігі мен ынтымағын нығайтудағы мұсылмандардың өзара сыйластығы мен татулығы, діни басқарманың беделі мен абыройын көтеру мәселелері жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.

 ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қаржылық көмекке зәру мешіттерге діни басқарма тарапынан көмек көрсетіліп келе жатқанын, бұл игі дәстүр одан әрі де жалғаса беретінін мәлімдеді.

 Алқалы жиында ҚМДБ жарғысын ҚР Әділет министрлігіне қайта тіркеу туралы ұсыныс мақұлданды. ҚМДБ-ның оқу орындары мен филиалдарының типтік ережесі де бекітілді.

Осымен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VI құрылтайы өз жұмысын аяқтады.

Оңғар Өмірбек

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники


Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


8 + 4 =