Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ: Дінтанушы мамандығының қажеттігі – бүгінгі заман талабы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: «…бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ашықтық. Бұл - Қазақстандағы конфессия­аралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзі­міздің толеранттығымызбен, ұлт­аралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өске­лең дүниетанымдық әлеуеті бұдан әрі қарай да сақталуға, дамуға тиіс»,- деген болатын. Елбасының осы айтқандарын басшылыққа алсақ қоғамның әлеуметтік ойлары тіл, мәдениет, тарих т.б. салаларға қоса дін негізінде де қалыптасатынын көруге болады.

   Жалпы, қай қоғамды алсақ та оның мәдениеті дінмен тікелей байланысты болып келеді. Арғы-бергі тарихымызға көз жүгірте отырып, белгілі бір сенім-нанымға негізделмеген қоғамды табу өте қиын. Діннің мәңгілік қажеттілік екені ықылым замандардан  аян. Сондықтан да дін мәселесіне жүрдім-бардым қарауға болмайды.

     Еліміздегі әрбір азамат дін мәселесін терең ұғынып қана қоймай, оның үдесінен шыға білуі тиіс. Соңғы уақыттардағы дінге телініп жүрген кейбір келеңсіз мәселелер біздерге осыны айқын ұқтыруда.

      Шын мәнінде біздер, дін мәселесіне үрке қараймыз. Соның ішінде соңғы кездері бірқатар мемлекеттердің тарапынан Ислам дініне түрлі күйелер жағылып, әртүрлі айдарлардың таңылып жатуы дінді жете түсінбегендіктен туындаған мәселе деп ойлаймыз. Оған біздер қоғам болып, жұмыла отырып тосқауыл қоюға тиіспіз. Ол үшін біздерге ең алдымен керегі – сауаттылық. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші білім мәселесі басты орынға қойылған жағдайда біздерде айтарлықтай келеңсіздіктерге орын берілмес еді деп есептейміз.

     Осы орайда еліміздегі мектептерде «Дінтану» пәнінің енгізіліп, тиісті жұмыстардың жүргізіліп келе жатқандығы өте орынды. Жастарымызға діннің шынайы бағыттары мен көріністерін, тарихы мен болмысын айқындап алуына оның үлкен көмегі болары сөзсіз.

     Бір айта кетерлік жайт, еліміз егемендік алып, дін еркіндігі берілген алғашқы тұста гуманитарлық циклдар құрамында дінтану пән ретінде мамандықтардың оқу жоспарларына енгізіле бастаған болатын. Кейіннен бірте-бірте осының негізінде арнайы мамандар дайындау қажеттігін аңғарып, оның мемлекеттік стандарттарын дайындау да қолға алынды. Арнайы мамандар дайындалып, алғашқы түлектер де бітіріп шығып, мемлекеттік дәрежедегі дипломдарын алуын үлкен жетістікке балап, қуанғандар көп болды. Ал осы дінтанушы мамандар қайда жұмысқа тұрады деген мәселеге келгенде біршама қиындықтар пайда болды. Оның басты себебі ретінде дінтанушы мамандығын алған түлектердің заманның ағымына орай барлық талаптарға толық жауап бере алмауын қалай айтуға болады деп ойлаймыз. Жалпы, қасиетті Құран Кәрімнің әуелгі түскен аят: Алла тағалаға құлшылық жаса, намаз оқы деп түскен жоқ. Яғни «Оқы» деп түскен аят ілім, білімді үйрену туралы айтылады. Білімділік Алла тағаланы тану, дұрыс құлшылық ету және жәннатқа апарар сара жол тек қана білімде жатыр («Алақ» сүресі, 1-5 аят). Ұлы Аллаһ Тағала білімді мен білімсіздің ара-жігін мына аятта: «Сондай білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» (Зүмәр 9 аят) деп ашып көрсеткен. Тағы бір аятта: «Аллаһ иман еткендер мен ілім берілгендердің дәрежесін көтереді», - деу арқылы білімге ұмтылудың қаншалықты маңыздылығын ашып көрсеткен. Сондай-ақ Құран Кәрімнің  670 жерінде ілім жайында баян етіледі. Адамға білім алудың қаншалықты сауап екендігін әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисінен білуімізге болады: «Ей, Әбу Зар! Таңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 ракағат нәпіл намаз оқығаннан да хайырлы. Сол секілді таңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін мың ракағат нәпіл намаз оқудан хайырлы». (Ибн Мажа, Муқаддима 16). Ахмет Иүгінеки бабамыз: Өтеді абыроймен білімді жан, Ал надан бейне өлік, жерсе де аман. Білімді бір тең келер мың кісіге, Білімге сай пайдалы өзге не бар? Біліммен ғалым өсіп, көкке жетер, Адамды наданшылық төмен етер. Білім ал, Жаратқанның соңғы елшісі «Білім қайда болса да ізде»-депті. Білікті керек сөзді біліп айтар, Қажетсіз, бос сөздерден бойын тартар. Біліммен танылады бір Аллаһ та, Ешбір пайда, қайыр жоқ надандықта. Шын білімі болмаған қанша халық, Табынар құдай жасап қолдан-пұтқа,-деп өз өлеңінде білім және надандық жайлы Құран және пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөзінде айтылған даналықтарды қазақилап қысқа да, нұсқа етіп түсіндірген. Ия, білім шырақ. Надандықтың қараңғылығын сейілтіп, адам баласының жолын жарық ететін бұл – білім. Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек…,-деген.  

Дiни ғалым бар да, дiндар бар. Демек, дiни ғалым бар болса, онда дiни ақында болары анық. «Мұхаммед Хайдар Дулати дiни тұрғыдан өте сауатты болған. Онысы Құранның сүрелерi мен аяттарынан алған үзiндiлердi орны-орнымен қолданғанынан көрiнiп тұр. Дiни ғалым бар да дiндар бар. Екеуiнiң айырмашылығы мынада. Дiндар – ислам дiнiн бiр кiсiдей бiле отырып, шариғат талаптарын күнделiктi бұлжытпай орындайды. Ал дiни ғалым- өзi ұстанған дiннiң қыры мен сырын терең бiледi және өзге де дiндерден мағлұматтары жетерлiк жан. Осы орайда Мұхаммед Хайдар Дулатидi дiни ғалым дегенiмiз жөн шығар»- дейдi белгiлi ғалым И.Жеменей.  

     Өз заманында көрнектi ағартушы Ыбырай Алтынсарин өзiнiң ең қымбатты «Мұсылмандықтың тұтқасы» деген еңбегiн жариялаған болатын. Ондағы негiзгi мақсаты қазақ жастарының дiн жөнiндегi түсiнiктерi терiс бағытқа түсiп кетпеуi едi. Ол онда негiзiнен мынадай мақсат ұстанды: «бiрiншiден, қазақ жастарының дiн жөнiндегi түсiнiктерi терiс бағытқа түсiп кетпеуi үшiн, ал екiншiден, қазақтың жазба тiлiнде татар тiлi орынсыз етек алуына жол бермеу үшiн мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатын үйрене бастап … осы оқу құралын құрастыруға кiрiстiм», - дейдi Ы.Алтынсарин.

     Маман дайындауда міне осындай негізгі мәселелерге, яғни ғылыми зерттеуді негіздеу мен оқулықтар мәселесі мықтап қолға алынса, онда көптеген жақсы нәтижеге жететіні белгілі. Олай болмағанда «дүмше молда дін бұзардың» салдарына ұшырайтынымыз айдан анық. Өйткені бүгінгі күнде дінді білсе де, білмесе де шамалап, тұспалдап айтып,  ақпарат құралдарына жазып жүргендердің саны да аз емес. Шындап келгенде, олардың басым көпшілігінің діни білімдері шала, мағлұматтары жоқ, кезінде дінге қатысы жоқ өзге салада қызмет атқарған азаматтар. Онымен қоймай онысын таралымы бірнеше мыңдаған газет-журналдарға жария етіп жатады. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет былай деген болатын:

«– Бұл күнде дін туралы білсе де, білмесе де шамалап, тұспалдап «ақыл» айтып, пікір білдірушілердің бары рас. Солардың көбінің басы әлі сәждеге тимеген, діни білімі тұрмақ мағлұматтары да шамалы. Мұнысын бір отбасында, не отырыста айтса бір жөн, таралымы әлденеше мыңдаған баспасөз бетінде жариялап, телеарналар мен радиодан миллиондаған тыңдарман-көрерменге сайрап жатса, зардабын ойлап көріңіз. Бұқаралық ақпарат құралдары ел, ұлттар мен ұлыстар, дінаралық достық пен түсіністік, ынтымақ үшін қызмет атқаруы тиіс. Дегенмен атын дін арқылы шығарғысы, өзін дін жанашыры әрі қамқоршысы етіп көрсеткісі келетіндер де жоқ емес. Олар білсе де, білмесе де дін туралы жазып немесе БАҚ арқылы атүсті, не біржақты мешеу ойларын тықпалап жатады. Өкініштісі, жұрт кейде оны байыбына, анық-қанығына бармай-ақ қабылдай береді.

   Үлкен аудитория – телеарна мен радиода уағызды тек арнаулы діни білімі бар, тәжірибесі мол, Ханафи мазһабын берік ұстанған діндарлар ғана айтуы тиіс. Сондай ниетпен айтылған уағыз ғана жүрекке жетеді» .

     Бүгінгі таңда, діни мамандардың тапшылығы қатты байқалып отырғаны белгілі. Осы ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  бастамасы- мен, Дінбасы Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің ұйымдастыруымен еліміздің 10 аймағындағы 11 медресесінің орны бөлек деп санаймын. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Ислам мәдениеті университетіндегі дінтану, исламтану факультеттерінің жетістіктері орасан. Бүгінде аталмыш оқу ордаларынан еліміздегі мешіттер мен медреселерде түлектеріміз жемісті қызмет атқарып келеді.

     Міне осындай құбыжық ағымның кең етек алуы бір ғана Қазақстанның емес, бүгінгі таңда егемендік алған Қырғызстан, Өзбекстан т.б. әрбір мұсылман мемлекетінің негізгі проблемасы. Сондықтан осындай мәселелер өз шешімін табу үшін бірден-бір қажет болып тұрған маман мәселесі. Дінтану мамандығын дайындау мәселесі жүйелі түрде өз шешімін тапса, онда дінге тағылған түрлі айдарларға да тосқауыл қойылады деп ойлаймыз.

     Кезіндегі кеңестік идеологияның құрдымға кеткені баршаға белгілі. Онда барша идеология коммунизм елесі арқылы жүргізілді. Дін  - апиын саналды.

    Қазіргі кезде, Құдайға шүкір, барлығы реттелді. Дініміз қайта оралды. Имандылықты ту еткен жастарымыздың қатары артып келеді. Ендігі жерде дін жұмыстарының ары қарайғы дамуына жол ашу – біздердің міндетіміз.

  Бейбіт қажы Мырзагелдиев, 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, дінтанушы

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Қазақ әдебиетi газетi. № 4, 2002, 4-бет. 

2. Алтынсарин Ы. Мұсылмандықтың тұтқасы. Алматы. 1991, 6-бет.

3. «Дінбасы» Алматы, 2006ж «Білім» 100 бет.

4. Шейх Абсаттар хаджи Дербисали. «Ислам религия мира и созидания» Телогическо-религоведческие, историко-филологические исследования, сататьи, размышлениия, доклады и интервью. Алматы. «Дәуір баспсы» 2010ж

5.Б.Мырзагелдиев, «Имам Ағзам әбу Ханифаға айтылған сындар және оған берілген жауаптар». Шымкент Алтын алқа баспасы. 2011ж 32- бет

6. Б.Мырзагелдиев, «Мазһаб ұстанудың қажеттілігі». Шымкент Алтын алқа баспасы. 2010ж 16- бет

7 . «Имам Ағзам Әбу Ханифа мазқабы және қазіргі заман»  атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференциясының материалдары. Алматы. «Атамұра» баспасы. 2009ж.

8. Қ.Занкоев. «Білімді мыңды жығар…» 2011ж. 

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники


Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


3 + 4 =