Б.Қалдаров: «Қарыз алып-берудің жоралғысын білеміз бе?»

Қарыз алып-берудің жоралғысын білеміз бе?

 

   Әзірейіл барда жаным бар деме,

Қарызың барда байлығым бар деме.

Адам қауымдасып өмір сүруге бейім жаратылған жаратылыс. Сондықтан да болар олардың арасында барыс-келіс, алыс-беріс процессі жүріп, тіршілік кешеді. «Адамның күні адаммен» деген сөздің төркіні осыны меңзейді. Әлбетте, адам өмірі әрдайым біркелкі болмайды. Бір кездері жағдайың жақсарып көл болсаң, бір кездері әп-сәттің өзінде барыңнан айырылып шөлге айналып жатасың. Бұл да заңдылық. Адам алдын болжай алмағандықтан мұндай жағдайларға қашанда дайын болуы қажет. Жасыратыны жоқ, кейде адам басына іс түсіп, өзгенің есігін қағып, қарыз алуға мәжбүр болып жатады. Дегенмен қарыз алып-берудің де өзіндік жөн-жоралғысы, қағида құралы бар екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Ендеше, Ислам дініндегі қарыз алу-беру мәселесіне тоқталып өтелік.

Қарыз беру сауапты іс

Қарыз алу-беру шариғатымызда мубах амал. Жоғарыда адамдар бір-бірлеріне өзара жәрдем, көмекке мұқтаж болатынын айтып өттік. Дінімізде өзара жәрдемдесу, біреудің қиыншылығын жеңілдетудің өзі өте сауапты амал болып саналады.

Имам Мүслім, Абу Дауыд, Тирмизи риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кімде-кім бір мұсылманның дүние қиыншылықтарының бірінен құтқарса, Аллаһ тағала ол пендені қиямет күніндегі бір қиыншылығынан құтқарады. Кімде-кім бір кісінің ауыруын жеңілдетсе, Аллаһ тағала ол пенденің дүние және ақыреттегі ісін жеңілдетеді. Өз бауырына жәрдем беріп жүрген пендеге Аллаһ тағала да жәрдем береді».

 Ендігі бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты: «Бір мұсылман кісі басқа бір мұсылманға екі рет қарыз берсе, садақа берген сияқты сауап табады деген. Басқа бір хадисте «Садақа берген адамға он сауап, ал қарыз берген адамға он сегіз сауап».

Қарызды жазып қою қажет

Қарыз беру сауапты іс болғанымен, бұл сауапты істеудің жөн-жоралғысы бар. Қарызды куәгерлердің алдында жаздырып қою қажет. Аллаһ тағала Құран Кәрімде Бақара сүресінің 282- аятында былай баяндайды:

«Ей, иман келтіргендер! Бір-бірлеріңмен қарыз мәмілесін жасасаңдар, (келісім-шартты) жазып қойыңдар…. Сендер (олардан) разы болатын (әділетті) екі ер кісіні, егер екі ер кісі табылмаса, бір ер кісі және екі әйелді куә етіңдер».

Қарызды алған уақытта оны жазып қою, немесе куәлар шақыру, уақыт өткен соң алыс-беріс қылған адамдар арасында түсінбеушілікке жол бермейді.

Қарыз беруші мен алушының талаптары

Шариғатымыз қарыз алу-беруге рұхсат беріп, екі тарапқа да талап пен жауапкершілік жүктейді. Қарыз алған адам қарызын мүмкіндігінше тезірек құтылуға әрекет ету керек. Қарызын құтылуға жететін дүниесі бола тұра, қарызын құтылмай өліп кеткен адамның күнәһар екендігі хадистерде айтылған. Оның күнәсін Аллаһ тағала кешпейді. Тіпті, Аллаһ елшісі (с.а.у.) ондай адамның жаназасын оқымаған. Сондай-ақ қайтарамын деп уәделескен күннен кешіктірмеу де басты талаптардың бірі. Өйткені уәдеде тұру мұсылманның басты сипаттарының бірі. Бірақ мынаны айта кету керек. Адам мұқтаждығынан қарыз алып, бірақ оны құтыла алмай өліп кеткен болса, ондай кісінің ниеті жақсы, бірақ қарызын құтыла алмағаны үшін қиямет күнінде оған қарыз берген адамды Аллаһтың өзі риза етеді. Яғни, қарыз бергені үшін күнәларын кешіреді, сауаптарын артығымен береді.

Шариғатымыз қарыз беруші кісіге де бірнеше талап пен жауапкершілік жүктейді. Қарыз бергенде әуелі, біреудің ауырын жеңілдету, Аллаһтың ризалығын табу мақсатта беру керек. Берген қарызынан пайда табу, яғни пайызға қарыз беру өсімқорлыққа жатады. Бұлай қарыз беру сауапты іс емес, керісінше бұл арқылы күнәға душар болады. Қарыз берген кісі, қарызданушының жағыдайымен барынша санасып, оның мүмкіндігіне қарауы орынды іс. Егер қарызын құтылатынына мүлдем көзі жетпесе, қарызын кешіп жіберсе сауап болады.

Аллаһ тағала Құран Кәрімде Бақара сүресі 280- аятында былай баяндайды:

«Егер (сендерден қарыз алушының жағдайы) нашар болса, байығанша күтіңдер. Егер, білсеңдер (берген қарыздарыңды) садақа етіп жіберулерің- өздеріңе одан да жақсырақ»

Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім қарызды құтылуға қиналған адамға уақыт берсе, немесе қарызын бүтіндей кешіп жіберсе, Аллаһ тағала оны өзінің аршы көлеңкесіне алады»  деген.

Қарыз беріп сауапқа кенелу, берушіге қайырымдылық жасауға мүмкіндік тауып берсе, алушы адам уақытылы қайтарып мұсылманға тән мінез танытып, қарыздың ауыртпалығынан ертерек құтылған болады. Олай болса, алыс-берісте біз үшін қойылған құралдарды ескермей, Аллаһтың разылығанан құр қалмайық ағайын!

Төлеби ауданының бас имамы     Б. Қалдаров.

Әлеуметтік желілерде бөлісу

Опубликовать в Google Buzz
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в LiveJournal
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Мақаладағы пікірлерге RSS арқылы жазылу
  1. Мен көбіне дүкеннен қарыз аламын. Айлық алысымен апарып беремін. Кейде көп қарыз алуға мәжбір боламында кейін уақытын да бере алмай қиналамын. Қарызды алғымақ келмейді бірақ күн көріс қиын. Егер осы қарыздарыммен өліп кетсем масқара. Алла өзі кеірер

Пікір жазу

Сіздің e-mail басқаларға көрінбейді. Құпия сақталады.

*
*


3 − 3 =