Жаңа туылған баланың басындағы үрпекті «ақиқа» деп атайды. Ұлы Аллаһқа бала бергені үшін шүкір ретінде сойылған құрбанды «Ақиқа» дейді. Бұл құрбан «нәсикә» деп те аталады.

Ақиқа құрбаны ханафи мазһабінде немесе мәндуб қалған үш мазһабте сүннет болып  табылады.

Хазреті Пайғамбар (с.а.с) Хаззреті Хасан мен Хусейин үшін бір -  бірден қошқарды ақиқа құрбаны етіп сойып, былай деген еді.

«Еркек балаға бір ақиқа бар, сол үшін оған арнап қан ағызыңдар және баланың шашын алыңдар»!

Ақиқа құрбанын бала туылған күннен бастап, балиғат жасына жеткенше союға болады. Бірақ туылғаннан кейін жетінші күні сойғаны абзал. Жетінші күні балаға ат қойып, шаштары алынады да, соның салмағындай алтынды немесе күмісті садақа етіп береді.

Құрбан болуға жарайтын малдардың бәрі ақиқаға жарайды. Еркек балаға да, қыз балаға да сояды. Әр біріне бір қой сойса жеткілікті. Еркек бала үшін  екі қой сою керек дегендері де бар.

Ақиқаның  етінен сойған адам (иесі) жей алады, басқасына да жегізіп тарата алады.  Бала туылғаннан кейін дереу оң құлағына азан, сол құлағына қамат айту - мұстаһаб. Өйткені Әбу Рафидің (р.а) риуаяты бойынша Пайғамбар (с.а.с) Хазіреті Хасан (р.а)  туылғаннан кейін дереу құлағына азан оқыған.

Сөйтіп баланың ең алғаш еститін дауысы азан болады. Өйткені хадис шәрифтерде айтылғандай, шайтан  азан  дауысын естігенде кері айналып қашады.

Баланың құлағына мына сөздерді айту - сүннет:

«Оны да, ұрпақтарын да қуаланды шайтаннның кесірінен сақта деп, өзіңе тапсырамын.»

             Туылған бала еркек болса да, бұл аят осы қалпында оқылады. Сондай - ақ Хазреті Пайғамбарымыз (с.а.с) жаңа туылған баланың оң құлағына ықылас сүресін оқығаны да айтылған.

              Мүмкін болса баланың аузына бір құрманы жағып, асқазанына жеткізуге тырысу керек. Құрма болмаса аузына тәтті бір нәрсені жағу керек.

              Әнес (р.а) былай дегені риуаят етілген: «Әбу Талһаның ұлы Абдуллаһ дүниеге келгенде оны Раулуллаһқа (с.а.с) алып бардым. Меннен «Қолыңда құрма бар ма?», - деп сұрады. Мен «Иә», - деп бірнеше құрма бердім. Сосын баланың ауызын ашып шайнаған құрмасын аузына салды. Бала жалай бастады. Сонда Расулулллаһ (с.а.с) Әнсардың жейтіні - құрма», - деді де, оған Абдуллаһ деген ат қойды.

              Баланың әкесін «Саған берілген бұл баланы Аллаһ мүбәрәк қылсын. Сен де бергенге шүкір етуші адам болғайсың. Иншааллаһ бұл балаң есейіп, сен де оның жақсылығын көрерсің», - деген сөздерімен құттықтау айту мәндуб.

Туылған балаға жақсы ат қою - сүннет.  Өйткені хадис шәрифте:

               «Сендер қиямет күні аттарыңмен және әкелеріңнің аттарымен шақырыласыңдар!», - делінген.

              Аллаһқа ең сүйкімді аттар - Абдуллаһ пен Абдурахман. Даңқы ұлы Аллаһтың көркем аттарымен тіркесіп келген барлық  есімдер де осылай. Адбулкәрім, Абдурахим, Адулғафур, Абдусамад, Абдуғаппар, Абдусаттар сияқты. Хазреті Пайғамбар (с.а.с)  мен періштелердің аты да осындай. Бірақ оның «Әбул Қасым» деген лақабын қолдануға болмайды. Тек Мұхаммед есімімен бірге болмаса, бұл лақап аты қолдануға болатындығы айтылған.

               Жаман аттарды жақсы аттарға ауыстыру - сүннет. Өйткені Хазреті Пайғамбарымыз (с,а,с) Асыя (бас көтеруші әйел) есімін «Сен Жәмиләсің (көркемсің)», - деп ауыстырғаны риуаят етіледі.

               Бірнеше ат қоюға болады. Бірақ бір ат қойып шектелгені дұрысырақ. Өйткені Аллаһтың Расулі (с.а.с) бір ат қоюмен шектелген.

               Соқыр, ақсақ, мыртық, қылы болған адамдардың өзін адам ұнатпайтын лақап ат атауға болмайды. Құран Кәрімде Аллаһ тағала:

              «Біріңе бірің жаман ат (лақап) қойып ұрысып, қағыспаңдар!», - делінген. Тек сол адамдағы осы сипатын айтқанда ғана танитын адамға таныту мақсатымен айтуға болады.

              Омар әл Фаруқ, Осман Зиннурайн, Халид Сәйфуллаһ іспетті сахабалардың лақаптары сияқты тамаша лақаптарды қолдануға болады.

               Құддус, Халиқ, әр - Рахман сияқты сипаттарды ат ретінде қоюға болмайды. Өйткені мұндай сипаттар тек даңқы ұлық Аллаһқа ғана тән әрі тек Оған ғана жарасады.

             Аллаһ тағала  баршамызға өзі берген ұл - қыздарына шүкір ететін пендеден болуымызды,  өзі разы болатындай дәрежеде тәрбиелеп өсіруді нәсіп етсін (Әмин)

Дайындаған:

Шардара ауданы «Шардара» орталық мешітінің

бас имамы                                                                                      А. Данияров