Имам Ағзам Әбу Ханифаға айтылған сындар және оған берілген жауаптар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша

өкіл имамы Мырзагелдиев Бейбіт қажы

Күллі мұсылман қауымының үштен бірін (1/3) құрайтын ханафи мәзһабы Туркия және Балқан түбегіндегі түріктер, Македония, Босния- Герцоговиния, Греция, Болгария және Румыниямен қатар Орта Азияның, соның ішінде Қазақстан халқының да ұстанып отырған жолы болып табылады.

Тарих бойынша Ислам ғалымдарына айтылған сындар бұл мәзһабтың құрушысы Имам Ағзам Әбу Ханифаны (һ. 80-150) да айналып өтпеген-ді (1). Әбу Ханифаның адресіне айтылған сындардың бір қатарын жазушыларының авторлық құқықтарына қол сұқпай, сол күйінде келтірдік. Сонан соң бұл пікірлерге тұшымды жауап беруімен қатар, бұрын берілген жауаптарды да бердік.

Біз бұл мақаланы жазу барысында Ислам іліміндегі терминдерді мүмкіндігінше өзгертпей сол күйінде беруге тырыстық. Олардың мағыналарын мақаланың соңындағы «түсіндермеде» ашып көрсетіп, қажет деп табылған  кейбір терминдердің мағынасын жақша ішінде де түсіндіргенді жөн деп білдік.

«Әбу Ханифаға қарсы сын пікір айту – бейне бір ғұламалардың бір ауыздан келіскен мәселесіне айналғандай. Басраның ғалымы Әйюб Сахтияни, Куфаның ғалымы Сәури, Һижаздың ғұламасы Мәлік, Мысырдың білімдары Ләйс ибн Сағд, Шамның ғұламасы Әузағи Хорасанның ғалымы Абдуллаһ ибн Мүбарак Әбу Ханифаға сын айтқан» (2, YII, 10 б.).

Мұжтаһид ғалымдардың арасында көптеген сенімді адамдар тарапынан өзіне мұншалықты көп сын айтылып, мін тағылған, Имам Әбу Ханифадан басқа адам жоқ. Жоғарыда берілген үзінді бұл сындардың ең «әдептісі». Ислам тарихы бойынша, «сүннетті мықтап ұстану» бетпердесін жамылып, біржақты мағлұматпен шектелгендер жағынан «Әбу Ханифаға қарсы әрекет» күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Тағы бір мысал бере кететін болсақ, Имам Әбу Дәуіттің баласы Әбу Бәкір бір күні жанындағыларға мынандай бір сұрақ қояды:

- Егер Мәлік, Шафии, Әузағи, Хасан ибн Салих, Суфиян Сәури мен Ахмет ибн Ханбал бір мәселе жайында ижма жасаған  (бір ауыздан келіскен) болса, бұл мәселе тұралы не дейсіңдер?

- Ей, Әбу Бәкір! Әрине, бұдан дұрыс мәселе болуы мүмкін емес, – деп, жанындағылар жауап бергенде Әбу Бәкр:

- Міне осылардың барлығы Әбу Ханифа адасты дейді» – деген екен. (3, 382-3 б.).

Келесі айтылған сын Ибн Хиббаннан. Ол былай деді: «Тек санаулы ғана адам болмаса, бүткіл Ислам орталықтарындағы, тақуалықты бойларына сіңірген ғалымдар оны сынға алған» (4, III, 64 б.).

Бұрындары белгілі себептермен орын алған Әбу Ханифаға қарсы әрекеттің еш нәрсеге қарамастан, табандылықпен жалғастырылуы, шыныда да, ойландырарлық жағдай. Себебі, тарихта Имам Ағзамға жабылған жалаларға  тек ханафи ғалымдары ғана емес, сонымен бірге басқа-да мәзһап өкілдері де тиісінше жауап қайтарған. Малики  мәзһабының өкілі Ибн Әбдилбәррдің «әл-Интиқа» атты еңбегі, шафии ғалым Зәһабидің «Мәнақибі», Мұхаммет ибн Юсуф Сахихийдің «Уқудул жумғаны», Суютидің «Тәбғизус сахифасы», Ибн Хажар Мәккидің «әл-Хайратул-хисаны», ханбали мәзһабын ұстанушы ғалым Жамалуддин Юсуф ибн Әбдилһадидің «Тәнуирус-сахифа» атты еңбегі … бұл тақырыпта алғаш ойға оралатын кітаптар.

Бұл еңбектерге қарамастан, Әбу Ханифаға қарсы қозғалыс «діндарлық» және «сүннетке жанашырлық» деген сылтаулармен жалғасын табуы және бұл түсініктің жайылуы діннің өзіне, әрі сүннетке қайғы-қасырет алып келіп отыр. Имам Әбу Ханифаның замандастарының бірі меккелік Абдулазиз ибн Раууад өзінің жасаған ғылыми зерттеуінің нәтижесінде мына бір тоқтамға келген: «Әбу Ханифа – сынақ. Кім оны жақсы көрсе, сүнни, ал, кім жек көретін болса, бидғатшы болғаны.» (5, 276 б.).

М. Насыруддин Әлбани, Әбу Ханифаға қарсы бағыттағылардың бірі бола тура, бұл мәселеде жылы шырай танытқанымен, «Насбурраяда» жазған сілтемесінде «ғылыми бейтараптықты» атап өтіп, келген мүмкіншілікті бос жібермей, Әбу Ханифаны сынап-мінеген кісілердің тізімін көрсеткен:

«Біріншіден, Әбу Ханифаға жалғыз ғана Дарақутни сын айтпаған. Одан бұрын да, үлкен имамдар мәселенің ұшын шығарып кеткен. Олардың қателесуі мүмкін емес. Міне, солардың бірі Абдуллаһ ибн Мүбарак. Ибн Әби Хатим сахих бір иснатпен оның былай дегенін бізге жеткізеді: «Әбу Ханифа хадиске жарымаған адам». Ибн Әби Хатим тағы бір сөзінде: Абдуллаһ бин Мүбарак Әбу Ханифадан хадис риуаят еткен. Бірақ соңғы уақыттарда оны тәрік еткен. Әкемнің (Ибн Әби Хатимнің әкесі) осылай деп айтқанын естідім», – десе, Уқайли «әд-Дуғафа» атты еңбегінде Имам Ахметтің былай деп айтқанын жеткізген: «Әбу Ханифаның хадистері дағиф (әлсіз)». Бұл жәйіттен «әс-Сахих» атты кітаптың авторы Муслим де шет қалмай, «әл-Кунә» деп аталатын тағы бір еңбегінде «Оның хадистері муздариб, сахих хадистері онша көп емес.», – деп жазып кеткен. Сондай-ақ, «әд-Дуғафа уал мәтрукун» деген кітабында Имам ән-Нәсәи Әбу Ханифаның хадисте әлсіз болғандығын айтады.

Әбу Ханифаның (Аллаһ оған разы болсын) хадисте әлсіз болып табылуы оның негізгі мамандығы болған фиқһ іліміндегі дәрежесіне нұқсан келтірмейді. Оның хадиске шорқақтығы фиқһқа қатты берілуімен байланысты болса керек. Кезкелген ілім иесі бір ілімнің соңына түсумен басқа ілімдерден қол үзіп қалары ғажап емес.» (6, II, 277-9 б.).

Имам Әбу Ханифа хақында айтылған бұл пікір және басқа да жабылған жалалар, өкінішке орай, тек оның хадисшілік жағын көздеумен шектелмей, сенім-итиқат тарапында қамти келе оған «кәпір» деген желеу айтылуға  шейін барған. Ибнул Жәузи (өл. 597) «әл-Мунтазамында» (Y, 188) айтып көрсеткені бойынша Имамға айтылған сындарды үш топқа бөліп қарастыруға болады:

1-Ақида (сенім).

2-Хадис қорының аздығы мен жаттау қабілетінің әлсіздігі.

3-Сахих хадистерге қайшы пікір айтуы, ақылға (рай) көп жүгінуі.

Имам ағзамның хадиске байланысты сынға алуының өзін де, екі топқа бөлеміз:

  1. Қолындағы хадис қорының жеткіліксіздігі мен хадис мәселелерінде сенім артылмайтын ғалым болуы, әрі есте сақтау қабілетінің нашар болуымен байланысты сындар.
  2. Хадистерді амалға асыруда қажетті денгейде маңыз бөлмегені, райды (ақылды) шамадан тыс қолданғандығымен қоса, кейбір хадистерге қайшы әрекет жасағаны үшін әлсіз деп табылуы.

Еңбектерін жоғарыда екі тармақ шеңберінде Әбу Ханифаға мін айту аясында мутәқаддимун (ілгерідегі) ғалымдардың айтқан сөздерімен толықтырып Имамды сынға алғандармен үзенгілес болған Ибн Адий (2, YII, 5 б.), әл-Уқайли (7, IY, 268 б.), Ибн Қутәйбә (8, 54 б.), Ибн Әби Хатим (9, YIII, 449-50 б.), әл-Хатиб әл-Бәғдәди (3, XIII, 365 б.), Ибнулжәузи (10, III, 1634 б.) сынды тағы бірнеше жазушылардың болғандығын, әрі олардың еңбектерінде келтірілген пікірлер тек хадис ілімімен шектелмегендігін айтып өткеніміз дұрыс болар. Сонымен бірге Құранның мақлұқ (жаратылған) екендігі, жәннәт пен жәһәннамның соңының бар болуы және т.б. тақырыптардағы көзқарастары үшін «кәпір» деген айдар тығылып, иманға келуге шақырылғандығы жайында бірнеше риуаяттар бар. Марқұм Мухаммед Зәһид әл-Кәусари «Тәънибуль-хатыйб» атты құнды еңбегінде бұл айтылғандардың барлығына тұшымды жауаптар жазып, Әбу Ханифаның бұндай алып қашты әнгімелерден ұзақ екендігін ғылыми түрде дәлелдеген-ді.

Жоғарыда үлгі ретінде көрсетілген, әрі барлығы бір кітап боларлық сындар мен тағылған міндердің ғылыми сапасы турасында мына нәрселерді айтуға болады:

Әуелі, Абу Ханифа өмір сүрген ортаға қысқаша бір шолу жасайық. Ең бірінші, орталығы Ирак (Бағдат пен Басра) болған муғтәзилалық қозғалыс итиқат (сенім) майданына жарасы терең куйзеліс алып келеді. Муғтазилалар пікір таластырудағы ерекше кабілеттерінің арқасында бұқара жұртқа қатты әсер ететін болған. Қоғамның ара-жігін бұзу қаупі туындағандықтан зиялы қауым бұл ағымға қарсы, халықты олармен сөйлесуден, отырыстарына қатысудан үзілді-кесілді тыюмен болды. Үлкен имамдардың бір сыпырасының кәлам ілімімен айналысу немесе кәламшылармен араласудан сақтандыру аясында айтқан сөздері бұл ілімдермен аз да болса шұғылданғандарға мәлім.

Ал, енді муғтазилаға қарсы саптан орын алған хадисшілер сол тұстарда таразының екінші басын ұстап тұрған-ды. Олардың арасында риуаятттардың қамтыған мағыналары мен фиқһуль-хадиске (хадисті түсінуге) көп мән бермеген, бүкіл уақытын, мүмкіндігінше, қолдарындағы хадистердің тариқтарын (жолдары мен шежірелерін) жинауға сарып қылған хадисшілер де бар тұғын. Сонымен бірге олар рай, қияс т.б. терминдерге қарсы пікірді ұстанған топ болып есептелді.

Өкініштісі, бұлардың арасында итиқатқа қәуіптілігі жағынан муғтәзиладан кем түспейтіндер де бар еді. Таратып айтар болсақ, әһлі хадис ішінде тәшбиһ (Аллаһты бір нәрсеге теңеу), тәжсим (Аллаһты құдды мақлұқаттар тәрізді тәнге ие деп санау) сеніміне мейілділер кездесіп жатты. Бұл ұстанымдардың түбінде риуаяттардың мағналарын толық түсінбеу, бір жағынан, риуаяттарды сөзбе-сөз емес, жалпы мағынасын ғана жеткізу әдеті жатыр. Әсіресе мүташабиһат (негізгі мағнасы тек Аллаһқа ғана аян) риуаяттарды шариғат негіздері мен ислами ақыл елегінен өткізген сүнни кәләм түсінігіне «сүннеті мықтап ұстану» деген сылтаумен аяусыз жала жапқандар, бұл үмметтің үштен бірі (1\3), тіпті жартысы ұстанып отырған (5, 31 б.) Имам Ағзам Әбу Ханифа жолын жоққа шығарудан да тайынбаған. Әрі бұны бір «діни міндет» деп есептеген.

Таң қалдырарлығы сол, бұл үммет ізет-құрмет көрсеткен үлкен тұлғаларға сілтеме беріле отырып Имам Әбу Ханифаның хадисшілігіне бағытталған сын сөздердің көбісі бізге күмәнді риуаяттармен жеткен. Марқұм Кәусаридің қаламынан тұған «Тәънибуль-хатыйб» атты еңбегінде, одан бұрын әл-Мәликуль-муъаззам Иса Ибн Бәкір өзінің «Әс-сәһмуль-мусибінде» бұл ақиқатты атап өткеніне қарамастан Әбу Ханифаға қарсы әрекет әлі күнге дейін толастамауы расында да ойландырарлық жәйт.

Нуайм ибн Хаммад, Ибн Хатим, Абдуллаһ ибн Ахмед … сынды райдан (ақыл) «үркігендер» төменде бір неше мысалы берілетін дәріптеулерге көз жұма отырып, әрі мәселеге үстірт қарау салдарынан жоғарыда көрсетілген сындарды, өкінішке орай кітаптарына толтырып жазып, өшпестей етіп қалдырған.

Мұндай пайымдаулардың иснадында кемшілік жоқ па? Әлбетте, бар. Бірақ бұлардың өзі не жарх және сын тұжырымдар емес, не кез келген түсінікте қатып қалу, үстірттікпен туындаған пікірлер, я болмаса мұны айтқан адам уақыт өте мәселенің мән-жайын аңғарып, райынан қайтқа болып шығады. Ал енді бұл категорияға кірмейтіндер бар болса да, ондайлар өте аз кезігеді.

Бұл шындықты аңғарған Ибн Жарир әт-Табари былай деген: «Егер адасты деген ғалымдардың барлығы әділдік ерекшелігінен айрылып, кез келген проблемаға қажетті куәліктері қабыл алынбайтын болғанда, Ислам орталықтарындағы хадисшілердің көбісі тәрік етілуі керек еді. Өйтені, оларды мойындамағандар әманда болып келген … » (11, 428 б.). Мәселен, Имам Әбу Ханифаға қарсы пікір айтқан Ибн Әби Хатим Имам әл-Бухари жайында былай дейді: « … Одан әкем Әбу Хатим мен Әбу Зурға хадис тыңдаған. Кейін, Мухаммед бин Яхья ән-Нисабури әл-Бухаридің оған «менің қуранды дыбыстап айтуым – мақлұқ (жаратылған)», – дегенін жазғанында екеуі де Бухаридің хадистерін тәрік еткен» ( 9, YIII, 191 б)

Естерінізде болсын, жарх-тағдил ғылымдары  да пенде. Әр адамның бойында болатын кемшіліктер оларда да болуы мүмкін. Біреу бір ғалымды сынға алып, оған мін тақса, енді бірі оны дәріптеуі де кездесіп жатады. Имам Шафиидің ұстазы, әрі көп хадис риуаят  еткен Ибраһим ибн  Мұхаммет ибн Әби Яхия Әсләми хақында Ибн Әдий «хадистерін жаксылап зерітедім. риуаяттарында ақаулық көре алмадым…» (2,  220, б.) – десе, Кәусари бұл сөзбен келіспей, «Ахмад (бин Ханбал) пен Ибн Хиббан тәрізді хадис сыншыларының бұл кісі туралы не айтқандарын білесің. Ал, енді Ижли ол туралы былай дейді: «Ол – мәдиналық, рафизи, жәһми, қадари, әрі хадистері алынбайды.» Тіпті, хадис сыншыларының бір қатары бұл рауидің өтірікші екендігін жеткізген. Егер Имам Шафии бұл адамнан, Имам Маликтен риуаят еткеніндей көп хадис риуаят етпегенде, бәлкім Ибн Әдий оны жақтамас па еді, кім білсін…» (12, 83 б.), – дейді.

Шамның фиқһшы ғалымы Имам Әузәъи Абдуллаһ ибн Мубаракпен кездескенде Әбу Ханифаны меңзей отырып, «Куфадан шыққан анау бидғатшы кім?», – деп сұрайды.  Абдуллаһ ибн Мубарак лам-мим демей, отырған үйіне кіріп, үш күннің ішінде Имам Әбу Ханифаның фиқһи мәселелерге жасаған шешулерінен құралған кішкене бір кітапша жазып шығады. Бұдан кейінгісін өзінің аузынан естилік.

Әл-Әузәъи сол жердің имамдық, азаншылық қызметін атқаратын. Қолымдағының не екенін сұрады. Кітапшаны оған бердім. Ашып, ішіндегі мәселелердің бір екеуін оқып  шықты. Кітапшаның басында «Бұл Нұғманның көзқарастары», – деп жазған болатынмын. Азан оқылып біткенге дейін (түрегеліп тұрған бойы) тағы біраз оқыды. Соңыра, кітапты шапанының қалтасынына салды да, қамат айтылып, имамдыққа өтті. Намаздан кейін кітапты тағы оқыды. Сәлден соң маған бұрылып.

- Ей, хорасандық бауырым! Бұл Нұғман ибн Сәбит деген кім? – деп сұрады.

- Иракта жолықтырған бір ұстазым. – деп жауап бердім. Сондағы әл-Әузәъидің айтқаны:

- Бұл кісінің үлкен ғалым екендігі көрініп тұр. Барып, одан тағыда ілім үйрен.

- Сен «бидағатшы», – деп жүрген  Әбу Ханифа осы адам. – дедім мен бұрынғы сөзін есіне салып.

Осыдан біраз уақыт өтісімен Меккеде жолықтық. Әузағидің көп маселеде Әбу Ханифаны қолдай бастағанын байқадым. Қоштасар уақыт таяғанда мен оған:

- Әбу Ханифа қандай адам екен? – дедім.

- Оның білімі мен ақылына қайранмын. Ол жайында ойлаған бұрынғы пікірлерім үшін тәубе етемін. Қатты қателескен екенмін. Одан ілім үйренуді тоқтатпа – деген болатын (3,  YIII, 338 б.).

Имам Мұхаммет Бакир қажылық уақытында Әбу Ханифамен кездескенінде оған, ұзын құлақтан, атасы хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) діні мен оның сүннетін Әбу Ханифа өзгертті дегенді естігенін айтады. Осыған байланысты түсініктеме беруін сұрайды. Әбу Ханифа мысалдар келтіре отырып түсіндіреді. Имам Ағзамның жауабына қанағаттанған Имам Мұхаммет Бакир оны құшактап, маңдайынан өпті (13,143 б.).

Мінеки, кезек ибн Әдийге де келіп жетті. «Әл-Кәмил» атты еңбегінде Имам Әбу Ханифаға қатысты қандай сын болса да, бәрін жазуға тырысқан Ибн Әдий Имам Тахауимен жолығып, қателескенін түсінгеннен кейін пікірін өзгерткен, тіпті Имам Әбу Ханифаның риуаяттарынан кұралған бір мүснад кітап (хадис кітабы) жазып қалдырған екен (6,329-31 б.).

Малики мәзһабының үлкен, хадис және фиқһ ғалымы Ибн Абдилбәрр былай дейді: Хадисшілер Әбу Ханифаны сынға алуда тым шектен шығып кетті. Олардың аутуларынша, былай етулерініне оның риуаяттарға рай мен қиясты қосып, бұл екеуіне қатты мән беруі себеп болған.

Оның кейбір ахад хабарларды қабылдамауы қисынды болжамдарға (тәъуил) сүйенетін. Ал, бұған одан бұрынғы ғалымдарда жүгінген. Әбу Ханифа сияқты, райға сүйеніп, үкім бергендер бастапқы кездегі ғалымдардың ізін қуған кісілер болып табылады. Бір аятты жорамал жасап түсінбеген немесе бір сүннет тұрасында өзіндік көзқарас ұстанбаған, әрі сол көзқарасқа сүйене отырып, басқа бір сүннеті тәрік етпеген бірде-бір ғалым жоқ. Бір сүннетті тәрік етерде қисынды тәъуиль немесе насх (үкімді жою) ұйғарымына жол беретін Әбу Ханифаның бір өзгешелегі мұны басқалардан көп қолдағанында.

Яхъя ибн Салам былай дейді: « … Әл-Ләйс ибн Саъд: Малик ибн Әнастің, хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) сүннетеріне кереғар 70 мәселесін таптым. Малик бұл мәселелерде райға сүйене үкім берген.», – деп айтқан.»

Бұл үммете ешбір ғалым хазірет Пайғамбардан (с.а.у.) нақтылы келген қандай-да бір хадисті дәл өзіндей бір риуаят немесе ижма, я болмаса, үзілді-кесілді қабылдануы қажет бір негіз арқылы үкімі жойылған, не иснадында бір кемшілік бар деген тоқтамға келмей жатып тәрік етпеген. Ал, егер біреу алдына келген хадисті жоққа шығара беретін болса, онда ол мәзһаб имамы болу былай тұрсын, әділдік сипатынан айрылып, күнәһарлар тізіміне енеді. Әбу Ханифадан хадис риуаят еткендер, оның сенімді ғалым екендігін алға тарқандар мен оны дәріптегендердің саны оған қарсы келгендерден әлде қайда көп. Хадис мамандарының ішіндегі оған қарсы пікір айтқандары көбінше ол рай мен қиясқа тым қатты берілді және муржиа ақидасын қолдады деп сын айтқан … » (14,497 б.).

Бұл қолжазбаны оқығаннан кейін, әттең Ибн Абдилбәрр тақырыпты бұдан да ұқыптырақ қолға алғанда ғой, деп айтпауға амалың жоқ.

Егер мәселе тек қана, алдынғы қатарлы кейбір хадис ғалымдарының Имам Әбу Ханифаны қатты сынап, бұған қарсы ханафилердің оларға жауап берулерімен шектелсе мейлі екен, іс насырға шауып тұр дер едік. Бірақ, Имамды қорғауға тек ханафилер емес, әр-түрлі мәзһаб өкілі ғұламалардың белсене араласуы шиеленіскен жағдайды шешіп-ақ тұр емес пе?

Әбу Ханифаға сенім артқан бұрынғы ғалымдар ғана емес, әрине, Әбу Ханифа өмір сурген заматта да, кейінгі кездерде де ғұмыр кешкен хадис ғалымдары өз бойларын, алып-қашты әңгімілерден алшақ ұстап, Имам Ағзамға әділ баға бере білген.

Имамды мақтап дәріптегендендердің ішінен мына төмендегі зиялыларды атап көрсетуге болады.

1-    Имам әл-Бұхаридің алдынғы қатарлы ұстаздарының бірі Мәкки ибн Ибраһим: «Әбу Ханифа – өз дәуірінің ең білімдісі еді» (15,Х,451 б.).

2-    Ахмет ибн Ханбал және басқаларға хадис риуаят еткен Язид ибн Һарун: «Мыңдаған ғалым көріп, олардың көбісінен хадис жазып алдым. Олардың араларында Әбу Ханифа бастаған фиқһты өте жақсы білетін, тақуа бес кісі бар тұғын» (16, 206 б.).

3-    Абдуллаһ ибн әл-Мүбарак: «Куфаға барып «Осы аймақтың ғұламасы кім?», – деп сұрағанымда, бәрі жаппай «Әбу Ханифа.», – деп жауап берген-ді (16,206 б.).

4-    Суфиян әс-Сәури хақында Имам Әбу Юсуф: «Әбу Ханифаның жолын ұстануда Суфъян әс-Сәури менен алда тұғын.», – деген (16, 198 б.).

5-    Суфиян ибн Уяйна: «Мені Куфаға хадис (риуаят етуім) үшін алып қалған Әбу Ханифа болатын. Мені мешітке кіргізіп, «Бұл – Амр ибн Динардың хадисін ең жақсы білетін адам.», – деп, мені ел-жұртқа таныстырды. Содан оларға хадис риуаят ете бастадым» (17,75 б.).

6-    Ибн Журайж туралы Раху ибн Убәда былай дейді: «Һижраның 10 жылы Ибн Журайжтің қасында едім. Оған «Әбу Ханифа қайтыс болды» деген хабар келді. Ол: «Аллаһ оны рахметіне бөлегей Қаншама ілім онымен бірге кетті десеңші?», – деп, іштей қынжылған болды» (17,74-5б.).

7-    Имам Шәфии: «Әбу Ханифа фиқһта сөзі өтетін кісі еді.» Сондай-ақ, былай дегені де айтылады: «Кім фиқһ оқығысы келсе, Әбу Ханифаға мұқтаж» (16,210 б.).

8-    Жарх-тағдил ғалымдарының ұстазы болып табылатын Уақи ибн әл-Жәррах. Яхия ибн Маин ол кісі жайында былай дейді: «Уақидай адам көрмедім. Бірақ сонда да, Әбу Ханифаның райына (көзқарас) сүйеніп, пәтуа беретін»(16, 211 б.).

9-    Жарх-тағдил ілімі алыптарының бірі Яхия ибн Саид әл-Қаттан. Ол туралы Яхия ибн Маин былай деп хабар береді: «Яхия ибн әл-Қаттанның «Адамды алдасаң да, Аллаһты ешкім алдай алмайды ғой. Әбу Ханифаның райынан артық рай естімедік. Оның көзқарастарының көбісін негіз қылып алғанымыз рас.», – дегенін естігенмін» (18, 311-2 б.).

10- Яхия ибн Маин: «Әбу Ханифа сиқа (әділ, сенімді) болатын тек қана жаттағанын риуаят ететін. Толық білмесе риуаят етпейтін еді» (15,Х, 450 б.).

Жоғарыда айтылғандар хадис және жарх-тағдил ілімінде алдына жан салмайтын ұсталарының Имам Әбу Ханифа жайында айтқан бұл пікірлерін оны сынға алғандардың еншілеріне қалдыра отырып, бұл шындыққа косымша тағы бір мәселені сіздерге ұсына кетейік.

Имам Ағзамның екі шәкіртінен қалған «Китабул асар» атты құнды енбектері имамның аз хадис білгендігі мен хадиске маңыз бөлмегендігі жайында айтылған ойларды жоққа шығаратын жанды бір дәлел іспеттес. Фиқһ баптарына (кішігірім бөлім) негіз болған, әрі Имамның өз иснадымен берілген риуаяттардан құралған бұл еңбек қазіргі таңда қолда бар дүние. Дегенмен, әлі күнге дейін бәз біреулердің «Әбу Ханифа хадис жөнінен әлсіз, өте аз хадис білетін, хадиске маңыз бөлмейтін-ді.» деген сияқты негізсіз желеулерді насихаттаулары қатты толғантады. Әбул Муәйяд Хауаримиздің жоғарыда айтылып өткен «Жамиу мәсәнидил Имами Әби Ханифа» атты жинағын осы орайда айтып кеткен артық болмас. Екі том болып басылған бұл кітаптың ғылыми құндылығы сол, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхамметтің кітаптарынан (Китабул-Асар) кейін екінші орында тұрады. Себебі, бұл кітапта орын алған риуаяттардың Имам Әбу Ханифаға тиістілігі риуаяттардың иснадтарындағы, одан (Әбу Ханифа) кейін келетін рауилердің сенімді болып-болмауымен тікелей байланысты. Ал, бірақ, «Китабул асардың» екі имамға қатыстылығында ешбір шүбә жоқ.

Бұл айтылғандарға ханафи мәзһабын ұстанған хадисші ғалымдардың да бар болғандығын қоса кеткен жөн. Мәзһабымыздың табақат (ғалымдардың өмірбаяны) кітаптарында олардың аты-жөндері мен хадис майданында қалдырған еңбектері қөрсетілген. Марқұм Кәусари ханафи мәзһабы хадис хафиздерінің бірі Жәмәлуддин Зәйлағи өзінің «Насбуррая» атты еңбегінде жазған алғы сөзінде ханафи мәзһабындағы хадисші ғалымдардың тізімін берген. Ол атап көрсеткен 110 хадисшіге Мұхаммет Юсуф Бәннуни тағы 40 адамды қосқан. Өзіне қаратыла айтылған сыңдарға қарсы Имам Әбу Ханифаның  хадис іліміндегі беделі ханифи ғалымдары ғана  емес, басқа да мәзһаптардың ғұламалары жағынан да қабылданған ақиқат. Имамның аты-жөнінің хадис хафиздеріне арналған еңбектерде аталып өтуі мұның айқын дәлелі болып табылады. Бұл тақырыптарда еңбек жазғандардың көшбасшысы ретінде шафиғи ғалым Хафиз Зәһәбиді атауға болады (19, І, 168 б.). оның ізін қуған ханбәли мәзһабының өкілі, хадис хафизі Шәмсуддин ибн Ахмет ибн Абдилһәди Мақдиси «әл-Мухтасар фи табақати уләмәил хадис» деп аталатын кітабында, аталмыш мәзһаптың Ибнул Мидрад деген атпен әйгілі Хафиз Жәмәлуддин Юсуф ибн Хасан Абдилһәди «Табақатул хуффазында» (20, 60-1 б.). және шафии мәзһабының ғалымы Хафиз Жәләлуддин Суюти «Табақатул хуффаз» (21, 80-1 б.) атты еңбегінде дәл сол жолды ұстанған.

Имам Әбу Ханифаның хадиске қарсы ұстанымдарына байланысты сөздер құрғақ пікірлер күйінде қалып қоймай, іс жүзінде көрсетілуге тырысып бағылған. Бұл орайда, ең бірінші, әрі маңызды еңбек Бұхари мен Муслим сынды хадис имамдарының ұстазы болып есептелетін Әбу Бәкір ибн Әби Шәйба жазған «әл-Мусаннәф» атты кітап. Оның «Китабур радд алә Әби Ханифа» деген бөлімінде «Бұл – Әбу ханифаның хазірет Пайғамбардан (с.а.у.) келген риуаяттарға қайшы үкім берген жерлері», – деп, 125 мәселені жазған Әбу Бәкір ибн Әби Шәйба олардың әрқайсысының соңына Имам Әбу Ханифаның ол риуаяттарға қайшы берген үкімдерін көрсеткен (22, у, 363 б.).

Бұл 125 мәселеге тарих бойынша көптеген жауаптар жазылған. Әрі бұлардың біразы осы күнге дейін жеткен. Мухаммед Заһид Кәусаридің өшпес еңбегі – «ән-Нукәтут тарифа» (23) бұл сындардың ең ауқымды жауабы іспеттес. Жазушы өзінің пікірін кітаптың кіріспесінде-ақ айтып кетеді:

«Имам Әбу Ханифаның шешкен барлық мәселелерінің саны туралы айтылған көрсеткіштердің ең төменгісі 83 мың. Әбу бәкр ибн Әби Шәйба атап өткен 125 мәселенің барлығында дерлік Имам Ағзамның қателескенін және хадиске кереғар пікірді ұстанғанын кабылдадық делік, бұл көрсеткіш жоғарғыдағы санның 664-тен бір  бөлігіне әрең жетеді…»

Дегенмен, Әбу Бәкір ибн Әби Шәйба жазған 125 мың мәселенің тең жартысы Имамның риуаяты емес, басқа риуаятқа негізделген. Ендігі жерде, қалған жартысын беске бөлсек, бірінші топтағы мәселелер Құран аяттарына қайшы болған хабару уахиттен құралған. Имам аятты негізге алып, хадисті тәуил еткен (оған басқа мағына берген). Екінші топтағы  мәселелерде Имам ахад хадистерді анағұрлым күшті риуаяттар себебімен тәрік еткен. Үшінші топта бір риуаяттан екі жақ екі түрлі үкім шығарған. Яғни, Әбу Бәкір ибн Әби Шәйба да, Әбу Ханифа да бірдей хадиске сүйенген, алайда, ол хадисті түсінулері  мен негізгі ұстанымдары бөлек  болғандықтан, шығарған үкімдері де бір-бірінен өзгеше. Төртінші топта Әбу Бәкір ибн Әби Шәйба хадиске қайшы деп, берілген үкімді қателесіп Әбу Ханифаға сілтеген. Мұны біз ханафи мәзһабы кітаптарынан байқаймыз. Ал, енді соңғы топтамадағы мәселелерде Имам хадиске қайшы үкім берді деуімізге болады. Демек, ӘбуБәкр ибн Әби Шәйбаның хадиске қайшы деп көлденең тартқан 125 мәселесі негізінде 12 мәселе болып шығады.

Имамның хадиске қарсы үкім беруі мысалдармен түсіндірілген тағы бір еңбек Имамул Харамәйн Жуәйнидің «Муғисул халқ» атты кітабы. Марқұм Кәусари бұл еңбекке де «Ихқақул халқ би ибталил батыл фи муғисил халқ» деп аталатын кітабында тұшымды жауап жазған. Жуәйнидің аталмыш еңбегінде жазылғандар Әбу Бәкір ибн Әби Шәйбаныкіндей тек хадис атрапындағы мәселелер емес, сонымен қатар онда ханафи мәзһабының негіздерімен тығыз байланысты үкімдер де қамтылған.

Имам Бұхари «Сахихінің» бірнеше жерінде (22, 24 немесе 25 жерде) «бір адам былай деген…», – деп меңзеген адамның хадиске қарсы келгендігін алға тартқан. Бұл сөздердің барлығында да Әбу Ханифаны меңземесе де (24, ІІІ, 54 б.), бір қатары оған бағытталғандығы анық. Бұхаридің бұл сөзді қолдана отырып, олардың барлығында Имам Әбу Ханифаны нұсқағандығын көрсеткен бірқатар еңбектер жазылған. Бәдруддин Айнидің қаламынан туған, Бұхаридің «Сахихіне» жазған шархы (түсіндірмесі) «Умдатул қари» мен Мұхаммет Әнуаршах Кашмиридің жазған шархы «Фәйдул Бәри» бұл пікірді жоққа шығарады. Бұлардан басқа Абдулғани Ғұнайми Майданидің «Кәшфул илтибас аммә әфрадәһул Имамул Бухарийу алә бәбин-нәс» атты кітабы осы тақырыпқа арнайы жазылған еңбек.

Мұнымен қоса, тек Имам Әбу Ханифаның өзіне емес, мәзһабына айтылған сындарға да, жауап ретінде көптеген еңбектер жазылған. Имам Әбу Юсуфтың  «әр-Рәдд алә сиярил Әузағисі», Имам Мұхамметтің «Китабул худжа алә әһлил Мәдинасы», Сиражуддин әл Ғәзнауидің «әл-Ғурратул Мунифәсі», Ибнул Жәузидің немересі жазған «әл-Интисар ли имами әиммәтил әмсар» атты еңбегі мен Мұхаммет Мұртаза Зәбидидің «Уқудул жәуаһирил мунифасы» бұған мысал бола алады.

Имам Әбу Ханифа – Абдуллаһ бин Мәсъуд бастаған, Куфа қаласын мекен еткен Сағд ибн Әби Уаққас, Хузайфа ибн Яман, Әбу Мұса Әшғари, Аммар ибн Ясир, Сәлман Фариси сынды үлкен сахабалардың (Аллаһ оларға разы болсын) ілімдерінің мирасқоры еді. Бұл сахабалардың ішінде Ибн Масғұт пен оның шәкірттері Куфада жетілдірген ғұламалар санының 4 мыңға жеткендігіне қарт тарихтың өзі куә (12, 41-2 б.). Ижли Куфаға қоныс аударған сахабалар санын 1500 деп көрсеткен. Кәусари хазірет Әли мен Абдуллаһ ибн Масғұт тарапынан Куфаға көшірілген табиун (сахабаны көрген) ғалымдардың тізімін жазған (12, 43 б.). Бұлардың барлығы Әбу Ханифа ілімінің қандай негізге құрылғандығын айқындап-ақ тұр …

Рамаһурмузи Ибн Сириннің былай дегенін бізге жеткізген: «Куфаға келгенімде 4 мың адамның хадис үйреніп жүргенін көргенмін.» (25, 408 б). Имам Бұхаридің өзі де, хадис жинау үшін жасаған сапарларының бірінде (әр-рихлә фи талабил хадис) Куфаға қанша мәрте келгенін санамағанын айтады (12, 52 б.). осының бірі Куфаның хадис ілімінде қандай орынға ие екендігін көрсететін хабарлардың небәрі бірнешеуі ғана.

Осындай ортада  жетілген, сонымен қатар 40 шәкіртімен бірге «пәтуә камисиясын» құрып, оның басшысы болған Имам ағзам Әбу Ханифаның хадис қорының жеткіліксіз екендігін, хадистерді дұрыс бағаламағандығын алға тарту – ол ортаны танымау деген сөз.

Имамның мәзһабы, шәкірттері, осы мәзһаптың ғалымдары, әрі олардың еңбектері қолда бола тұра, уақытымызды соларды қорғауға жұмсап отырғандығымызға жыласақ па, күлсек пе? Қасарысып, көзін жұмып алғанға кім, не көрсете алмақ?

ТҮСІНДІРМЕ

АҚИДА – Ислам діннің сенім негіздері.

АХАД ХАБАР – бір ғана рауи (сахаба) арқылы келген хадистер.

ДАЪИФ – әлсіз. Бұл сөздік мағынасы. Ал, хадис терминологиясындағы түсінігі жеткізген рауидің әлсіздігіне байланысты сахих немесе хасан хадистердің дәрежесіне жетпеген хабарлар.

ЖАРХ – жаралау. Терминологияда белгілі бір ғалымның ілімде сенімсіз екендігін алға тарту деген мағынаға келеді.

ЖӘҺМИ – Жәһм бин Сафуанның көзқарасын ұстанушы ағым.

ИЖМА – кез келген ғасырдағы ғалымдардың бір ауыздан бірдей үкім беруі.

ИЪТИҚАД – сенім.

КӘЛӘМ – ақидаға қатысты мәселелерді дәлелдейтін ілім саласы.

ҚАДАРИ – қадария мәзһабының өкілі.

ҚИЯС – өлшеу, анализ жасау. Ислам құқық негіздері ілімінің бір термині болып саналатын «қияс» екі үкімді араларындағы ортақ ерекшелікке (ъиллә) сүйене отырып, біріншісінің үкімін екіншісіне беру, немесе «негіз» деген мағынаны да білдіреді, яғни негізгі үкім.

МУҒТАЗИЛӘ – һижри ІІ ғасырда Уасл бин Ата тарапынан құрылған, нақылға қарағанда ақылға көбірек сүйенетін иътиқади мәзһап.

МУЗДАРИБ – өзара, бір-біріне кереғар хадис.

РАЙ – көзқарас, ақыл.

РАФИЗИ – рафизия ағымының өкілі.

ИСНАД – сүйеніш. Терминдік мағынасы: хадисті жеткізген рауилер шежіресі. Иснад немесе сәнат деп те аталады.

ТАЪДИЛЬ – жоғарыдағы жарх сөзінің антонимі.

ХАБАРУ УАХИД – бір ғана сахаба рауиі риуаят еткен хадистер.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Инкишаф журналы, саны: 6. Стамбул 2006.
  2. Ибн Әдий, «әл-Кәмил фи дуъафәир-рижәл».
  3. Әл-Хатыйбуль-Бағдади, «Тариху Бәғдәд».
  4. Ибн Хиббән, «Китәбуль-мәжрухин».
  5. Әл-Кәусари, «Тәънибуь-хатыйб».
  6. М. Насыруддин әл-Әльбани, Ируауль-ғалиль.
  7. Әл-Уқайли, Әд-дуъәфәуль-кәбир.
  8. «Тәъуилу мухталифиль хадис».
  9. Ибн Әби Хатим, «Китәбуль-жәрх уәт-тәъдиль».
  10. Ибнуль-Жәузи, «Китәбуд-дуъәфә уәль-мәтрукин».
  11. Ибн Хажар, «Һәдъюс-Сәри» (Муқаддимәту Фатхиль-Бәри).
  12. Әл-Кәусари, «Фиқһу әһлиль-Ъирақ уә хәдисуһум».
  13. Әл-Муаффәқ әл-Мәкки, «Мәнақибуль-Имәми Әби Хәнифә».
  14. Ибн Абдильбәрр, «Жәмиъу бәяниль-ъилм».
  15. Ибн Хажар, «Тәһзибут-тәһзиб».
  16. Ибн Абдильбәрр, «әл-Интиқа».
  17. Әс-Саймари, «Ахбаару Әби Ханифа.
  18. Әт-Тәһанауи , «Қауаъид фи ъулумиль-хадис».
  19. Әз-Зәһаби, «Тәзкиратуль-хуффәз».
  20. Мұхаммәд Абдуррашид ән-Нуъмәни, «Мәкәнәтуль-Имами Әби Ханифә филь-хадис».
  21. Әс-Суюти, «Табәқатуль-хуффәз».
  22. Ибн Әби Шәйбә, «Китабуррадд ъәлә Әби Ханифә».
  23. Әл- Кәусәри, «Ән-Нукәтуттарифә фит-тәхадус ъән рудуди Ибн Әби шәйбә ъәлә Әби Ханифә», Қаһира (Кайр)-1365/1945
  24. Әл-Кәшмири, «Фәйдуль-Бәри».
  25. Әр-Рамаһурмузи, «әл-Мухаддисуль-фасиль бәйнәр-рәуи уәл-уәъи».
Ілмектер: , ,
Мақаладағы пікірлерге RSS арқылы жазылу
  1. Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!

    Имам Әбу Ханифа әһлю-Суннаның ақидасын ұстанып, Аллаһ Тағала бүкіл жаратылыстан жоғары болып, Таққа көретілген деп есептегені туралы бәрімізге белгілі. Сондықтан ол былай деді: «Кімде-кім: “Менің Раббым қайда екенін білмеймін: аспанда ма әлде жерде ме”, - десе, күпірлік (куфр) жасады. Бұл: “Аллаһ Таққа көтерілген, алайда мен Тақтың қайда екенін білмеймін: аспанда ма әлде жерде ме ”, - деп айтқан адамға да қатысты». Қараңыз: «әл-Фиқһ әл-әбсат» 46.
    Бір әйелдің: “Сенің құлшылық Қылатының (Аллаһ) қайда?”, - деп сұрағын кезде, Әбу Ханифа былай жауап берді: «Шынында, Пәк және Ең Жоғары Аллаһ аспанда, жерде емес». Ал одан бір адам: “Ал сен Аллаһтың мына Сөздері туралы не дейсің: «Қайда болсаңдар да, Ол (Аллаһ) сендермен бірге»?”, - деп сұраған кезде, Әбу Ханифа былай деді: «Бұл сенің қасыңда емес бір адамға: “Мен сенімен біргемін”, - деп хат жазғаның секілді». Қараңыз: «әл-Әсмә уә әс-сыфәт» 429.
    Сондай-ақ кейбір имамдардың кітаптарында Әбу Ханифа Құранды жаратылған деп есептеген деген хабар келеді, бірақ бұл хабар әлсіз. Имам Ахмад айтады: “Біз Әбу Ханифа Құранды жаратылған деп есептеген деген хабарды сенімді деп санамаймыз”. Қараңыз: “Мухтасар әл-‘Улюу” 156.
    Имам Ибн әл-Мубәрак айтады: “Әбу Ханифа: «Құран жаратылған», - деп о дүниелік болмағанына Аллаһпен ант етемін” Қараңыз: “Шәрх усул әл-и‘тиқад” 2/269.
    Шейх әл-Әлбәни «Тахқиқ әл-‘Улюу» кітабында былай деп жазды: “Мұның барлығы - Әбу Ханифаның, Аллаһ оны Өз мейіріміне алсын, адресіне айтылған жорамалдар ғана, шынтуайтына келгенде керісінше, бұл пікірге қарама-қарсы пікірі сенімді жолмен жеткен!”
    Имам Абу Ханифа былай деді: “Құран – бұл Аллаһтың Сөзі, парақшаларда жазылған, жүректерде сақталған, ауыздармен оқылатын және пайғамбарға (Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) түсірілген”. Қараңыз: “әл-Фиқһ әл-әкбәр” 301.

    Аллаһ жақсырақ біледі!

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован.

*
*