ИСЛАМ. ҚҰРАН. ҒЫЛЫМ

«Ислам – дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз».
Н. Ә. НАЗАРБАЕВ

Ислам діні бүгінгі таңда жер шары тұрғындарының шамамен төрттен бірі ұстанып, биік бағалап, аялап, қастерлеп отырған соңғы иләһи дін. Оның адам баласын үнемі тазалыққа, адалдыққа шақыратыны, Алла тағала мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) және дүниедегі бүкіл жа­ратылыстарға опалы болуға үндейтіні анық.
Сан ғасырдан бері тып-тыныш, бейбіт өмірді насихаттап келген асыл дінімізді соңғы жылдарда лаңкестік, экстремистік секілді небір жағымсыз ұғымдармен байланыстыратын пікірлер пайда болуы жүрегімізге ауыр тиетіні рас. Негізінде, Ислам еш уақытта адамдарды бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке немесе біреудің жазықсыз қанын төгуге шақырған емес. Керісінше, ол өзгенің ақысына қылдай қиянат жасамауға үйрететін үлкен тәрбие қайнары.
VІІ ғасырдың алғашқы жартысында Таяу Шығыс пен Орта Шығыс халықтары үшін өте маңызды екі үлкен оқиға көзге ұрып тұрғандай айқын көрініп жатты. Біріншісі, адамзат баласына екі дүние бақытымен сүйіншілей келген Исламның пайда болуы, ал екіншісі, тарыдай шашылып, өзара жанжалдан көз ашпай келген араб ру-тайпалары жұдырықтай жұмылып, жаңа Араб мемлекетінің негізін қалап жатуы еді. Исламның иләһи діндерді тәмамдаушы мөрдей болып ең соңынан түсуі және жекелеген қауымдарға ғана емес, барша адамзат баласына келуі оның хақтығын білдіретін бұлтартпас анық дәлелдерге жатады. Демек, бұл діннің йаһудилік пен христиандыққа қарағанда әлеуметтік сипаты басым.
Араб түбегінде аса қуатты діни мемлекеттің орнауы араб елі тарихына ғана емес, жер жаһанның тынысына бұрын-соңды болмаған жаңа леп алып келді. Бұл елдің бұрыннан табынып келген жалған құдайлары мен пұттарын тастап, мұсылмандықты қабылдап, жалғыз Аллаға ғана құлшылық етуінің игі әсері еді. Осы тұрғыдан қарағанда, Ислам дінінің құндылығын араб елінің Исламға дейінгі және Исламнан кейінгі жай-күйін салыстыру арқылы да оп-оңай бағамдай алмақпыз.
Ежелгі араб ру-тайпаларының әрқайсысы өз алдына жеке жасанды құдайларға көзсіз табынып келді. Тіпті халық санасында «тайпалық-рулық құдай» деген де ұғым болды. Адамдар жасанды құдайлар тек өзіне қатысты рулар мен тайпаларды ғана сақтап-қорғайды деп сенді. Осылайша, әрбір рудың өкілі өзі табынып жүргендерінен «өзге де пұттар бар, олар өзара таласып, жауласуы да мүмкін» деген оймен өмір сүрді. Пұттар тастардан, ағаштардан, тіпті кейде нан, құрма секілді азық-түлік түрлерінен де жасалды. Әркім өз тайпасының пұттарына құрбандық шалды. Тіпті жаңа туылған қыз балалардың тірідей жерге көмілуін тек экономикалық себеппен немесе намыстың тапталуымен ғана емес, «құрбандық» деген түсінікпен де байланыстыратын ғалымдар бар.
Десек те, араб елінің қым-қуыт тарихына үңілсек, сол кездің өзінде жер беті дүниесінен әлдеқайда жоғары тұратын аса ұлы бір Құдіреттің бар екендігіне бұлыңғыр болса да сенім болғанын жоққа шығара алмаймыз. Әлгі пұттар сол Құдіретке жақындаудың бір дәнекері деп саналған сыңайлы. Кейбір арабтар ол Құдіретті қасиетті Қағбаның иесі деп ұқты. Сондықтан, өз пұттарын сол қасиетті қара тастың үстіне немесе маңына орнатуға тырысты. Ислам діні келгенге дейін, Қағба маңында пұттардың 360 түрі болды деген дерек кездеседі. Мұның өзі араб дүниесінің Исламға дейінгі рухани өмірінің қай деңгейде болғандығын көрсететін біраз шындықтың өзегін аршыса керек.
Арабтар әдебиетке жақын халық болғандықтан, өз пұттарына арнап өлең-қиссалар жазумен де айналысты. Олардың сол дәуірдегі әдебиеттерінің негізгі тақырыбы осы желіге құрылды десек, ақиқатты айналып өткендік болмас. Көп құдайға сеніп келген араб дүниесінің тарих сахнасындағы бұрынғы бет-бейнесі осындай күйде еді.
Ал бүкіл ғаламдардың жалғыз Иесі, Ұлы Алла тағалаға бойұсынуға шақырған Ислам діні келгенде, арабтар арасындағы осындай мифтік ой-түсініктер біртіндеп сейіліп, нағыз ақиқаттың нұр сәулесі біліне бастады. Адамдардың дүниеге, бүкіл жаратылыстарға деген көзқа­расы өзгерді. Өлең-дастандардың тақырыптары да жалғанды жырлаудан арылып, өзге арнаға ойысуға бет алды. Ал Алланың аяттары оқылғанда, азуын айға білеген майталман ақындардың өзі сөзін тоқтатып, ғажайып иләһи сөздердің тұңғиық сырларына таңғалып, таң­дай қағудан өзге шара таппады. Ақындар Құранның аяттары адамзаттың сөзінен әлдеқайда биік тұрғанын толық мойындады.
Исламға дейінгі кезеңде діни түсінігі ежелгі христиандыққа жақын кейбір отырықшы елдер де болды. Бұл Жаратушы жалғыз Құдай мен ақырет күніне сенуге шақыратын ханифтік сенімнен туындаса керек.
Ислам діні йаһудилер мен христиандардың түсініктеріндегі мифологиялық келеңсіздіктерді де тәртіпке келтіріп түзете бастады. Тек көзге көрінетін нақтылыққа ғана сүйенген қасіретті көзқарас Исламның келуімен рухани-ғайыптық ұлағатты сенімнің тұнығына қарай ығысты. Ұлы Алла тағалаға деген сенім біртіндеп адамгершілік қасиеттермен де толықты.
Ислам діні «тайпалық пұттар мен жалған құдайларға сенуден» бас тартып, аса Құдіретті, бәрін көруші, бәрін естуші, ерекше Рахымды, Жаратушы, есеп-қисап күнінің Иесі Жалғыз Аллаға құлшылық етуге шақырды. Араб түбегінің тұрғындары Ислам келмей тұрып, таби­ғаттың сұрапыл күштерінің алдында бас иіп келсе, енді Ислам дінінің билігі жүрген кемел кезеңде тағдырға иман келтіріп, екі дүниенің терезесін тең ұстауға көшті. Мұның сыры Исламның игілігінде жатқандығы хақ.
Ислам қоғамдық қатынастарға ықпал етіп, жалпақ жұрттың әлеуметтік мәселелерін де оп-оңай шеше бастады. Мысалы, әлеуметтік дағдарыс пен қым-қиғаш ішкі қайшылықтарға ұшырап, халықтың іштей ыдырай бастауы араб тайпаларының басына төнген қасірет бұлты іспеттес еді. Тек араб емес, мұндай діни-рухани қараңғылық бұлты жер бетіндегі бүкіл адамзат атаулының басына үйіріліп тұрған болатын.
Көшпелі тайпалардың ұжымдық мүлкі болған жайылымдар мен құдықтар үстем тап өкілдерінің иелігіне өтіп кеткен. Ал тұрмысы нашар, әлсіз бәдәуилер бұрынғыдан да сіңірі шығып кедейлене түскен. Өсімқорлық кеңінен етек алып, құлдық көбейген. Басы бос, азат бәдәуиді өз тайпасы қорғап, араша түсе алмайтындай жағдайға да жетті. Тайпасынан безіп, шөлге барып қарақшыларға қосылғандардың саны да күн санап артты. Ал бір-бірімен шабысып-қырқысып жатқан араб ру-тайпаларының бір тудың астына бірігуі халықтың көсегесін көгертіп, мерейін асырды. Ислам діні адамдарды жаңа құқықтық қарым-қатынасқа шақырып, жаңа сенімнің кеңінен жайылуына жағдай тудырды.
Жаңа дін келуінен он жыл өтпей жатып арабтардың ұлан-асыр территорияны бағындырған даңқы жан-жаққа жайыла бастады. Ал хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың қауымы ақиқат дінді жаю жолындағы күрестің маңызын жан-тәнімен қабылдап, оны табиғи мінездеріне айналдырып алды.
Араб елінің билік жүргізуші табы ежелгі өркениеттің орталықтары болып саналған Сирия, Месопотамия, Мысыр сынды өнімі мол елдерді жаулап алып, мол олжа мен қазынаға кенелуге бұрыннан-ақ құлықты еді. Алайда бытырап, алтыбақан алауыз боп жатқан араб тай­паларының бұл ойды жүзеге асыруға шамалары келмейтіні айдан анық-ты. Ал Ислам бір дінге біріккен мұсылмандардың рухын асқақтатып, Жаратушы Иемізді әлемге паш етудің қаншалықты маңызды екендігін Құран Кәрімнің айқын аяттарымен бекітіп берді: «Сендер кітап иелерінен Аллаға, ақырет күніне сенбегендер, Алла мен оның елшісі арам еткен нәрселерді арам деп білмегендер, хақ дінді (Ислам дінін) дін етіп ұстамағандар сендерге кішірейіп, бойсұнып, өз қолымен салық (жизя) төлегенге дейін соғысыңдар» («Тәубе» сүресі, 29-аят).
Сөйтіп, Ислам діні Азия мен Африка халықтарының арасында, Еуропаның бір бөлігінде, жалпы Үндістаннан Испанияға дейінгі ұлан-ғайыр далада кеңінен жайылды. Үш құрлықтың тұрғындарынан құралған көптеген халықтар бір атаның баласындай, бір қолдың саласын­дай бірігіп, рухани-саяси күшке айналды. Сол кезде әлемді дүр сілкіндіріп тұрған екі алып империя Иран мен Византия да мұсылмандардың ығына жығылды.
Арадағы небір ауыр қақтығыстар нәтижесінде Иран толығымен мұсылмандарға бағынып, Ислам дінін қабылдады да, Византия Азия құрлығындағы иелігінен толықтай айырылды.
Қасиетті Құран Кәрімдегі: «Түп-түгел Алланың арқанынан (діннен) жабыса ұстаңдар, ажырамаңдар (бөлінбеңдер). Әрі өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, Алла жүректеріңнің арасын жарастырды. Оның нығметімен туысқа айналдыңдар» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деген аят өмірден көрініс тапты.
Ал Алланың соңғы елшісі, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол кезде Араб елінің экономикалық және діни орталығы саналған Мекке қаласында дүниеге келді. Бұл қаланың тұрғындары егіншілікпен де, қол өнерімен де, бау-бақша өсірумен де айналыс­пайтын. Олар солтүстік жағынан Сирия, Ирак, Мысыр қалаларынан, ал оңтүстігінен Үндістан, Қытай, Шығыс Африка елдерінен келетін үлкен-үлкен сауда керуендерінің күтімімен айналысатын. Халықтың дені негізінен осы іспен шұғылданатын. Меккедегі ең беделді, әрі бай саналатын Құрайыш тайпасы сауда экспедицияларын ұйымдастырып басқаратын. Сондай-ақ, өсімқорлық та бұл тайпаның кәсібі болды. Өйткені, Хиджаздың көшпелі тайпалары көбіне-көп қарыз астында езіліп, одан құтылу үшін өсіммен ақша алатын. Құрайыш тайпасы Араб түбегіндегі өзге тайпалардың бірі ғана болғанмен, ол экономикалық жағдайы жағынан өзгелерден көш ілгері-тін.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы Құрайыш тайпасының Хашим руынан шықты. Әкесі шағын дәулетті Абдулла деген кісі еді. Ол өмірден ерте озып, содан соң алты жасында анасы Әминадан да айырылып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жетім қалады. Сөйтіп, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкесі Әбу Тәлібтің қамқорлығына өтті. Оның қолында жүріп, қой да бағады. Ер жете келе сауда керуендеріне қосылып, оларға атқосшылық та жасайды.
Құран Кәрімде Алла тағала Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымызды бүкіл ғаламдарға рахым нұры, әрі ақиқат дінді жеткізуші етіп жібергені жайлы: «Әй адамдар! Мен сендердің барлығыңа Алланың жіберген елшісімін. Жер мен көктің патшалығы Алланікі. Одан өзге ешбір Құдай жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Сондықтан Аллаға және Алланың сөздеріне сенетін, оның оқу-жазуды білмейтін Пайғамбар елшісіне иман келтіріңдер. Тура жол табуларың үшін оған ілесіңдер!», – дейді («Ағраф» сүресі, 158-аят).
Бұған дейінгі сан мыңдаған Пайғамбарлардың арасында бір қауымға ғана емес, бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман Пайғамбары хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) алар орны ерекше. Алла тағала: “Сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік”, – деп оған (с.ғ.с.) өзгеше ілтипат танытты. Сондықтан Алланың соңғы елшісі (с.ғ.с.) қасиетті Құран Кәрімді барша адамзат баласына түсіндіріп, насихаттады. Өмірінің соңына дейін осы міндетті қалтқысыз атқарды. Құран болса, жер бетіне өзінен бұрын түскен қасиетті кітаптар мен парақтардың (сухуф) мазмұнын толықтай қамтыды. Оларда берілген діни үкімдерді бекіте келді.
Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз адамдарға ұлы Алла тағаланың құдіретіне сүйене отырып, небір ғажайып мұғжизаларды көрсетті. Бірде дініміздің ақиқаттығына көзін жеткізгісі келген бір кісінің сұрауы бойынша, Алланың қалауымен, аспандағы айды қақ бөлгені жайлы дерек бар. Ағаштың оған салауат айтатынына сенімін нақтылағысы келіп, сұрақ қойған кісіге: «Ағаштың өзі айтсын» деуі мұң екен, үлкен бір ағаш тамырымен қопарылып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жақындап келіп, иіліп сала берді. Алла елшісінің кейбір жан-жа­нуардың да тілін білгенін дәлелдейтін тарихи оқиғалар болған. Бірақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұлардың ешбірін өзіне таңған емес, бәрі де ұлы Құдірет иесі Алла тағаланың бұйрығымен жүзеге асып жатқандығын айтып отыратын. Өзі тек Алланың әмірін жеткізуші екенін білдіретін.
Араб жұрты Алланың ақиқат дінін түсінген сайын бұрынғы сенімдерінен бет бұрып, лек-легімен Ислам дініне кіріп жатты. Ал Меккені билеуші табына бұл, әрине, ұнамады. Олар адамдардың Исламға осылайша үдере ауытқуын өз діндерінен безушілік деп ұқты. Қолда­рынан келгенше бұған тосқауыл болуға тырысып бақты. Алайда мұсылмандықты қабылдаушылар саны бір кісіге де азаймады. Қайта күн өткен сайын олар көбейе берді. Меккенің үстем тап өкілдері бұл істің материалдық жағдаймен байланысы болар деп, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға мол дүние, сұлу жар, биік мансап ұсынып та көрді. Алайда, ардақты елші (с.ғ.с.): «Бір қолыма Айды, екінші қолыма Күнді берсеңдер де, Алланың дінін түсіндіруден бас тартпаймын», – деп өз ұстанымын айқын білдірді. Енді дін дұшпандары Мұхаммед Пайғамбарды тек өлтіріп қана құтылуға болар деп, бірнеше мәртебе оның мүбәрак жанын о дүниелік етуге әрекет етіп көрді. Оны өлтірген кісіге көп дүние беретінін айтып жар салып та байқады. Алайда, олардың ешқайсысы нәтиже берген жоқ.
Ұлы Алла тағала өзінің сүйікті құлын қашан да аман сақтап, оған қарсы шыққандарды, әмәнда құрдымға батырды. Бірақ, меккелік ақ сүйектер зымиян пиғылдарын еш бәсеңдетпеді. Алланың елшісіне зұлымдық жасауды үдете берді. Ақыры, Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасына он шақты сахабасын ертіп алып, Меккеден Мединеге қоныс аударуына тура келді. Біздің жыл санауымыз бойынша 622 жылы жүзеге асқан осы көш мұсылманша жыл санаудың (һижра – қоныс аудару) басы саналады.
Медине қаласында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үгіт-насихаттары кеңінен тарқады. Жаңа дін жайлы ілім-білімді Аус, Хазрадж секілді отырықшы ру-тайпалар толықтай құптады. Осы жерде құрылған шағын ғана қауым келешекте үлкен Ислам империясының алғашқы ядросы саналады. Исламды қабылдаған мединелік ансарлар енді Араб түбегіндегі бәдәуи тұрғындар арасына мұсылмандықты тарата бастады. Ру-тайпалар бірінен соң бірі хақ дінді қабылдай берді. Сөйтіп, 630 жылы Арабияның көп бөлігі Алланы жалғыз, Мұхаммедті (с.ғ.с.) оның құлы және елшісі деп мұсылмандықты қабыл еткен еді. Содан соң, арадағы бірқатар қақтығыстардан кейін Мекке тұрғындары да Аллаға бойұсына бастады. Ал Алланың сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с.) елдің басқарушы көсемі ретінде бағынды. Жүрегі жайсаң, мейірім жаршысы Мұхаммед (с.ғ.с.) меккеліктердің бұрынғы зорлық-зомбылық, қастандықтарының бәрін кешірді. Осылайша бүгінде әлем жұртшылығы жиылып қажылық парыздарын өтейтін қасиетті қала Мекке мұсылман әлемінің орталығына айналды. Қасиетті Қағбадағы жалған құдайлар мен пұттар бірі қалмай қиратылды.
Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) Араб еліндегі тозығы жеткен дәстүрлермен көп күресуіне тура келді. Өйткені, халықтың әбден еті үйренген сенімінен бірден қайта қоюы қиын еді. Осыны ескерген Алланың елшісі жамағатқа үнемі адамзат тарихынан, Ибраһим, Һуд, Салих, Шуайб (алейһим сәләм) секілді Пайғамбарлардың өмірінен үлгі-өнеге келтіріп отырды.
Әрине, дініміз алғаш қалыптаса бастаған жылдары жаңадан мұсылман болған бәдәуилер үшін Исламға жат әдет-дағдыларымен бірден қош айтысу оңай болған жоқ. Біреудің жаманшылығына кешіріммен қарау, үш күннен артық кек сақтамау деген қағидаларды ал­ғашында жүрегіне сыйыстыра алмағандар да ұшырасып жатты. Алайда, Алланы жалғыз Үкімдар, Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі деп толық иман келтіргендер арақ-шарап ішу, құмар ойнау, зинақорлықпен айналысу секілді нәпсінің арбауларының қаншалықты зиян екендігін саналы түрде ұғынып, олардан бас тартты. Ал Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл дініміздің құнды қазыналарын тәптіштеп үйретуден жалықпады. Ол Алланың елшісі ретіндегі міндеттерін толық, тіпті асыра орындады. Алла тағаладан Жәбрейіл (а.с.) арқылы түсіп отырған қасиетті Құран аяттарын ең қарапайым адам үшін де ұғынықты болатындай етіп түсіндіріп отырды. Ардақты Расулдың (с.ғ.с.) сөйлеу мәнерінің өзі өзгеге ұқсамайтындай ерекше болғанын да білуіміз керек. Айша анамыз: «Алла елшісінің анық және айқын сөйлейтіні сонша, тыңдаған адамдар оны толық түсінетін», деп еске алғаны бар. Осылайша Құран Кәрімдегі ақиқат шын­дықтар Пайғамбарымыздың мүбәрак аузынан нұр болып құйыла беретін. Алла елшісінің жарқын жүзіне қарап: «Мынадай ғажап дидардың иесінен жалған сөз шығуы мүмкін емес» деп мұсылмандықты қабылдағандар да болды. Оның өнегелі өміріне қарап отырып, таң қалушылар да топ-тобымен Исламды қабылдап жатты. Хақ діндегі таңғажайып қағидаларды естіп білгенде, талай адам көздеріне жас алып Аллаға мойынсұнып жатты. Қыз балаға, анаға, жалпы әйел затына жасалатын құрметке риза болған көптеген нәзік жандылар асыл дінімізге көптеп бет бұрды.
Ислам дінінің пайда болуы Құран Кәрімнің түсуімен тікелей байланысты. Жалпы араб халқы ежелден сөз өнеріне бай халық. Ақындары суырып салып өлең шығаруға келгенде алдына жан салмайтын. Міне, осындай сөздің қадірін білетін халықтың арасына қасиетті Құран кітабымыз түсті. Демек, мұның өзінде бір сыр бар. Халықтың бұған дейін тыңдап жүрген өлеңдерінің мазмұнында Алла, дін, ақырет, иман жайлы айтылмады. Олардың бәрі көбінше көркем сөзге құрылатын. Кенет мұсылмандар келіп, Алла тағаланың қасиетті кәләм шәріптерін оқып бергенде, естіген жұрт ерекше таң қалып: «Бұл адамның сөздері емес» дегеннен өзге ештеңе де айта алмай, тұрған орындарына қадалып, бейжай күйге ұшырады. Құран кітаптың ұшқыр қиялдан немесе шалқар шабыттан туатын сөз еместігіне естіген адам бірден иланды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі бір хадисінде Құран Кәрімді былайша сипаттап бергені белгілі:
«Алланың кітабы сондай бір кітап – онда сендерге дейінгі уақиғалар, сендерден кейінгі хабарлар және араларыңда жасалатын үкімдер бар. Ол ешбір әзілі жоқ төреші кітап, оны менсінбей тастап қойғандарды Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан туралық іздегендерді адастырады. Өйткені, ол – Алланың мықты жібі және хикметке толы сөзі, әрі ол – тура жол. Онымен жүргендер адас­пайды, оны арқау еткен тілдер шатаспайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да, әсте тоймайды, көп оқылғаннан ол ескірмейді, ішіндегі ғажайыптары сарқылмайды. Жындар оны естігенде, «Шындығында, біз аса ғажап Құран естідік» деп таңданыстарын жасыра алмады. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе, әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе, мол сауапқа кенеледі, оған шақырған тура жол табады».
Құран Кәрім – мұсылман баласының тура жолдан таймай, табан жолын дұрыс тауып жүруіне арналған басшы кітап. Алла тағала Құран мазмұнына барша ғаламның қыр-сыры мен бүкіл ғылым атаулының негіздерін сыйғызды. Бейнелеп айтқанда, Құран – он сегіз мың ға­ламның адамзат тіліне аударылған түсіндірмесі. Тарих, әлеуметтану, қоғамтану секілді қоғамдық ғылымдар да, математика, физика, химия, биология сынды жаратылыстану ілімдері де әу баста осы Алладан түскен иләһи кітаптан негіз алатынын қазір көптеген әйгілі ғалымдар мойындады. Мойындап қана қойған жоқ, Жаратушы Иеміздің шексіз іліміне таң қалып, шын ықыласпен мұсылмандықты қабылдады. Құран Кәрімде үкімдер, шариғат талаптары, мысалдар, өнегелер, аспан әлемінің жүйесі тағы басқалар жөнінде дәлелдеуді қажет етпейтін, бұлтартпас айқын мағлұматтар бар.
Алайда, өкінішке қарай, осы ақиқатты мойындағысы келмей, Құранды адамзат қолынан шыққан жай бір қатардағы кітап ретінде қараушылық болды. Кеңес өкіметінің салқыны да бұған әсер етпей қоймады.
Ал Ислам әлемінің бұл кітапты оқу да, жаттау да, тыңдау да құлшылық екендігін терең сезінген замандар болды. Адамдар Құранның қадірін жақсы түсініп, онымен байланысы күшейген ғасырларда елдің де әл-ауқаты жақсаратынын тарих дәлелдеп үлгерді. Мәселен, Омар ибн Абдул Азиздың кезінде халықтың тұрмысы өрлегенін көреміз. Олай болса, Алланың разылығын көздеп, қасиетті Құранды көбірек оқуға тырысқанымыз жөн.
Құран Кәрімнің 114 сүреден тұратыны мәлім. Олар «Фатиха» сүресінен басталып, «Нас» сүресімен тәмамдалады. Ондағы ең ұзын сүре «Бақара» сүресі болса, ең қысқа сүре «Кәусар» сүресі. Құран сүрелерінің әрқайсысы батпан-батпан салмақ көтеріп тұрғаны анық. Мәселен, бір ғана «Фатиха» сүресі небәрі жеті аяттан тұрғанымен, ол бүкіл Құранның мазмұнын қамтып тұратынын мұсылман ғұламалары дәлелдеген. Оның әрбір сөзінің толық мәнін ашу үшін ғалымдар том-том кітаптар жазуда. Айталық, адам баласы Алла та­ғаланың жер бетіндегі халифасы екендігін білдірген аятты қанша ұзақ түсіндірсек те болады. Дүниедегі өзге жаратылыстардың барлығы адамға қызмет ететінін білдірген бұл аят діни тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да, дүниетаным пәлсапасы тұрғысынан да ашыла береді. Адамның жаратылуы мен ғаламның жаратылуы да өз алдына бөлек қозғалуы тиіс ауқымы кең тақырып.
Адамзаттың қазіргі биігінен көз салсақ, тарих көшінің бет алысын түзеп, әлемге ұлы өзгеріс енгізген ірі құбылыстарға куә боламыз. Соның Ислам діні екені сөзсіз. Бақытқа бастаймыз деп-бірі де, бірегейі де ұрандатқан күллі идеологиялардың тоқырауға ұшырауы жаңа ізденістерге жол ашып, жыл өткен сайын Ислам дінінің әлемді баурап бара жатқаны баршамызға аян. Бүгінгідей жаһандану ғасырында мәдени-рухани фактор ретінде Ислам дінінің маңызы неліктен еселеп артуда? Ол адамзатқа не берді? Дамуға қандай үлес қосты? Құндылықтары не?
Алғашқы бұйрығы «Оқы!» деп келген Ислам діні ең әуелі адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранға үңілумен қатар мына алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Шебердің құдіретіне саналы түрде бас идірді. Қасиетті Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят); «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11-аят) деген аяттарды, Пайғамбарлардың мирасқорлары» (Әбу Дауыд),-сондай-ақ, «Ғалымдар «Тал бесіктен көр бесікке дейін білім іздеңдер» (Әл-Ажлуни), «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз» (Ибн Мажә. Мұқаддима. 17),-іздеу Алла жолында» (Муслим, Зикр. 38) деген-«Ілім үйренуге шыққан адам секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан. Пайғамбарымыз он мұсылманға оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмылдырған. Алғашқы ілім ошағы әл-Мәсжидул Нәбәуимен басталған.
830 жылы халифа әл-Мәмун тұрғызған Бағдаттағы әйгілі Бәйтул-хикма осының бірі. Бәйтул-хикма аударма орталығы,-(оқу-ағарту үйі) кітапхана, сондай-ақ алғашқы жоғары оқу орны рөлін де атқарған. Тіпті Бәйтул-хикмаға қарасты арнайы обсерватория да салынған. Бұл кезеңде тараған обсерваториялар бір жағы астрономия пәнін үйрететін мектеп қызметін де атқарған.
Бағдатта уәзір Низамул Мүлк тұрғызған «Низамия» медресесі сол кезеңнің ең озық, ең ірі оқу орны міндетін атқарған. Андалусиялық әмәуилер мен Бәни Ахмар мемлекетінде де оқу-ағарту жұмыстарына қатты көңіл бөлінген.
Аббасилер кезеңінде де білім басты назарда тұрған. Халифа Харұн Рашид Анкараны өзіне қаратқан кезде, сондай-ақ халифа әл-Мәмун Византия императоры Мишель ІІІ-ті жеңгенде, екі халифа да төлем ретінде ақша емес, көне жазбаларды талап еткені ой саларлық.
Әсіресе, Әмәуилер кезеңінде Иран, Үнді, Сирия, грек тілдерінен көптеген еңбектер арабшаға аударылған. Ежелгі грек тілінен Аристотель мен Гелен, Птолемей, Пифагор, Евклид, Гиппократ, Платон, Архимедтің өлмес-өшпес шығармалары, парсы және санскрит тілдерінен де терең ой, парасатқа шақыратын талай асыл дүниелер араб тіліне аударылды. Оларға түсіндірмелер жасалды. Аударма жұмыстары Аббасилар кезеңінде тіпті үдеген. Аударудың арқасында көне мәдениеттермен кеңінен танысқан мұсылман ғалымдары бұл мәліметтерді өз білімдерімен байытып, жетілдіре түскен. Ислам әлемінде ғылыми жұмыстар мәселесінде Андалуссия әмәуилері озып шыққан. Бағдат пен Кордовадан бастап, Ислам әлемінің қалаларында кітапханалар мен медреселер көптеп бой көтерген. VIII-ХІІ ғасырларда ғылымның дамуы тұрғысынан мұсылмандарға жетер ешкім болмаған. Еуропадағы мәдениеттің қалыптасуына, ренессанс пен реформалық қозғалыстарға Ислам мәдениеті зор үлес қосқан.
Мұсылмандар тәпсір, қирағат, фиқһ, кәлам, хадис секілді ислами білімдерді дамытқан. Тәпсірде Тәбари, Замахшари, Ибнул Араби, Фаһруддин Рази, Ибнул Касир сынды ғалымдар көзге түссе, фиқһта Әбу Ханифа, Имам Малик, Имам Шафиғи, Ибн Ханбал секілді білімге ерекше терең бойлаған ғалымдар шыққан. Кәлам саласында Имам әл-Ғазали, Ибнул Арабилер өз қолтаңбасын қалдырса, хадис саласында Имам Бұхари, Имам Тирмизи, Имам Муслим, Малик ибн Әнас сынды білгірлер алдына жан салмаған.
Мұсылмандар ислами ілімдермен қатар медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді жаратылыс пәндерін де дамытқан. Әсіресе халифа Харұн Рашид пен Мәмун кезеңдерінде мұсылмандар білімде ешкімге ат оздырмаған. Әр салада әлем мойындаған озық ғұламалар Әбу Бәкір әр-Рази, Ибн Сина,-жетілген. Айталық, медицинада Жәбир ибн- әл-Хорезми, Ибн Жәмшид, әл-Бируни, химияда -математикада Әбу Насыр әл-Фараби, Әл-Кинди;-Хайян, әл-Мақсиди; пәлсапада әл-Масуди, ат-Табари,- әл-Баттани, Али Кушшы, тарихта -астрономияда Ибн Батута, Ибн Хаукал т.б.-Ибн Халдун, географияда
Ислам діні ғалымдарға ерекше құрмет қалыптастырған. Мұсылман үмбеті қай ғасырда да ғалымдарды құрметтеп, әр сөзін алтынға балаған. Ұстазға шәкірттері екінші әке ретінде қараған. Өмірде алған ілімінің берекетін көру үшін ұстазының ақ батасын, ризалығын алуға құлшынған. Хазірет Әли (р.а.) «Кім маған бір әріп үйретсе соның өмір бойы қызметшісі болуға бармын» десе, имам ағзам Әбу Ханифа «Арамызда жеті көше болғанына қарамастан ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін» деп ұстазға, ғалымға қаншалықты құрметпен қарау керектігін білдірген. Шәкірт ұстазды ғана емес, ұстаздың жақындары мен бала-шағасына да құрмет көрсеткен.
Тарихқа үңілсек, батыстықтардан бұрын көптеген ғылыми жаңалықтарды мұсылман ғалымдардың ашқанына куә боламыз. Айталық, алғаш күн сағатын ойлап тапқан Жабир ибн Әфлаһ (орта ғасырда), атом бомбасы жайлы алғаш түсінік берген Жабир ибн Хайян (721-805), автоматтық жүйені алғаш ойлап тапқан Жәзари 1136-1206), зоологиялық энциклопедия кітабын жазған Мұхаммед ибн Муса (1349-1405), тригонометрияға тангенс, котангенс, синус және косинус заңдылықтарын қосқан Әбул Уәфа (940-998), алгебра кітабын жазған әл-Хорезми (780-850), агрономия саласында тұңғыш еңбек жазған Ибн Аууам (ХІІ ғ.), алғашқы қағаз фабрикасын құрған Ибн Фазыл (739-805), ішек, құрт микробын тапқан Камбур Уасим (?-1761), Жер шарының диаметрін алғаш өлшеген Мұхаммед ибн Мұса, алгебрадағы «Бином» формуласын тапқан Омар Хайям (?-1123), қазіргі дүниежүзі картасына өте жақын кейіпте дүниежүзі картасын сызған Пири Рейс (1465-1554), алғаш ұшақ жасаған Ибн Фирнас (?-888), тұңғыш рет компасты ойлап тапқан (Кабажаки ХІІІ ғ.), тарих ғылымын алғаш жүйелеген Ибн Халдун (1332-1406), химия саласында Кантитаф тәсілін ашқан Әбул-Қасым әл-Каши (?-1436), 1000 жыл бұрын майда тамырларды тауып, алғаш рет рак ауруына операция жасаған Әли ибн Аббас (?-994) секілді жүздеген ғалымдар мұсылмандар еді (Жолдыбайұлы Қ. «Күдікпен күрес»).
Алғашқы түскен әмірлердің бірі «Киіміңді таза ұста!» («Мүддәссир» сүресі, 4-5-аяттар) болғандықтан, мұсылмандар тазалыққа қатты көңіл бөлді. Күн сайын бес намаздың алдында кемі бес рет дәрет алып, аяқ, қол, бет, жүз, құлақ, мұрын, ауызға дейін шайып отырады. Аптасына бір рет жұма күндері ғұсыл алуды сауапты іс деп ұғады. Пайғамбарымыз «Алла тағала жомарт – жомарт құлдарын жақсы көреді, Алла тағала өте пәк – таза құлдарын жақсы көреді. Ендеше, аулаларыңызды таза ұстаңыздар» (Тирмизи. «Әдәб», 41.) дегендіктен мұсылмандар өзі тұратын үй мен аула тазалығына да көңіл бөлген. Хадисте «Алла тағала қарғыстайтын екі нәрседен сақ болыңыздар: ел жүретін жерлер мен көлеңке жерлерге дәрет сындырып ластамау» (Мүслим, «Таһарат», 68.) делінгендіктен, мұсылмандар қоғамдық орындардың тазалығын да қадағалаған. Құранда «Біз нәсіп еткен таза рызықтан жеңдер» («Ағраф» сүресі, 160-аят) делінгендіктен, мұсылмандар жеген асының адал болуына көңіл бөлген. Харам жолмен пайда табудан жерініп, харам нәрсені ауызға алудан сақтанған. Мұсылман елдеріне саяхаттаған батыстықтар көшедегі бұрқыраған сабын иісіне, мұсылмандардың тазалығы­на таң қалған. Мұсылмандар үшін сүндетке отыру мен қан алдырып тұру әдепкі іс болған. Бұның профилактикалық әрі гигиеналық тұрғыдан пайдалы екендігін батыс енді ғана ұғып жатқаны шындық. ХІХ ғасырға дейін батыстағы патша сарайларының өзінде монша болмаған кезде, Ибн Сина, Рази, Абдулқаһир және Сахир ибн Насруллаһ сынды мұсылман ғалымдар сабынды ойлап табу өз алдына, моншаның адам тазалығына қаншалықты пайдалы екендігін зерттеп те үлгерген.
Х ғасырдың орталарында Кордова қаласының өзінде елу шақты емхана болған. Харұн Рашид дәуірінің өзінде Бағдаттағы емханалар үлгі тұтарлық деңгейге жеткен. Адуд әд-Дәула сұлтан Бағдатта жаңа емхана салдырмақшы болғанда, орын таңдау ісін медицина ілімінің білгірі Әр-Разиге табыстайды. Ол бір жас шамасындағы бірнеше қой сойғызып, әрбірінің мүшелерін Бағдаттың әр түрлі жерлеріне ілгізген. Сөйтіп, бір тәулік бойына тұрған еттің қайсысы ең аз бұзылғанына қарап, сол таза орынға Адуди емханасын салдырған.
Бағдаттағы осы Адуди емханасы, негізгі ғимаратқа кейіннен түрлі клиникалардың қосылуымен тұрғызылған Шамдағы Нури ауруханасы, Каирдегі Мансури ауруханалары Ислам әлеміндегі ең әйгілі медицина орталықтары болған («Мүслүман илим өнжулери», Хейет, Ыстамбұл, 2005, 98 б.).
Емханаларда науқас адамдар бай, кедей деп бөлінбей, ақысыз қаралған. Жатын орын, аспен қамтамасыз етілу тегін болу өз алдына, емханадан шығарда киім мен бір айлық күнкөріске жететін қаражат да берілетін еді. Бұған қоса, дәрігер, ассистент, медбике, науқас күтуші секілді басқа да қызметкерлердің жалақысы қайырымдылық қордан төленетін.
Андалуссияның ең әйгілі дәрігерлерінің бірі, Еуропада операциялар жасаудағы жетістіктерімен аты шыққан Абул Қасис деген атпен танымал Әбул Қасым әз-Заһрәуи (936-1013). Әлемге әйгілі кітабы – «әт-Тасриф ли мән ажизә анитталиф» атты 30 бөлімнен тұратын медицина энциклопедиясы. Ол хирургия саласына да көп үлес қосқан. Әз-Заһрәуидің кітабының хирургияға байланысты бөлімі Герхард тарапынан латын тіліне аударылып, ХVІІІ ғасырға дейін бірнеше рет басылып, Еуропада медицина факультеттерінде негізгі кітаптардың арасында оқытылған.
Жараларды күйдіру, тірі жануарларға операциялар жасау, ішек тігістері, аяқта гангрена болған жерді кесудің тәсілдері, құрттаған тістерді сындырмай жұлу үшін ішін қорғасынмен толтыру, шыққан және сынған жерлерді емдеуге байланысты маңызды жаңалықтары бар. Гинекология саласында өз ғасырының ең атақты хирургі болған. Ол «әт-Тасриф» кітабында Watcher позициясын түсіндірген. Бұған қоса, операциялар жасау барысында 200-ге жуық құрал қолданып, олардың көбісін өзі жасап, суреттерін салғандықтан дәрігерлердің қолдануы үшін жеңілдіктер жасаған.
Ислам діні сыртқы тазалықпен қатар, ішкі рухани тазалыққа да шақырғандықтан мұсылмандар жүрек тазалығына да қатты көңіл бөлген. Сол себепті өтірік, өсек, біреуді біреумен шағыстыру, балағат сөз, күндеу, қызғаныш секілді нашар қылықтардан бойды аулақ ұстаған. Әрдайым өзіне берілген несібені қанағат тұтып, ешкімнің ала жібін аттамауға тырысқан. Батыстықтар армандаған утопия мұсылман­дарда іс жүзінде орнағаны шындық.
«Ештеңеден сұралмайтын шейіттердің өзі ақыретте кісі ақысынан сұралады» (Мүслим) деп ескертілгендіктен, мұсылмандардың түсінігінде кісі ақысын жеу үлкен күнә саналған. Хазірет Омардың мемлекет ісін мемлекеттің майшамын, жеке ісін жеке майшамын жағып қарағаны осының айғағы. Хадисте: «Біреуді жұмысқа жалдасаңыздар, маңдайының тері құрғамай тұрып еңбекақысын беруге міндеттісіздер» (Хайсами, «Мәжмау зәуаид», 4/97.) деу арқылы мұсылмандардың ешкімнің ақысын жемеуіне қатты мән берген.
Құранда «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең болады» («Маида» сүресі, 32-аят) делінгендіктен, мұсылмандар бейбіт өмірді, тату-тәтті тірлікті жақтаған. Сол кездегі көршілес еврей, христиан халықтарымен жақсы келісімде, өзара ымыраластықта өмір сүрген. Алғашқы ата заң, яки адам құқықтарының декларациясы іспетті «Медине келісімінің» 2, 25-баптары йаһудилерге дін еркіндігін тану мәселесін қамтыған. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Сендерге кітап иелерін, яғни христиан мен йаһудилерді аманат етемін», – деп кітап иелерін жәбірлемеуге (Суюти, Әл-Жамиус-Сағир, ІІ, 473) шақырған.
Кітап иелерінен (христиандар мен йаһудилер) қыз алуға болатыны, бүкіл Пайғамбарларға құрметпен қарауға шақыруының өзі де Исламның басқа дін өкілдеріне қаншалықты ілтипатпен қарағанына дәлел. Халифалар дәуірінде де мұсылмандарды паналаған өзге дін өкілдеріне ешқандай қысым жасалмаған, қайта олардың құқы әркез қорғалып отырған. Осының әсерімен мұсылмандардың әділеттігі мен діни төзімділігі ерекше бағаланып, (йаһудилердің Абдуллаһ ибн Сәләм атты ғалымы секілді) өзге дін өкілдерінің көптеп Исламды қабылдағаны белгілі.

Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және
Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы,
Бас мүфти.

Ілмектер: , , ,

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован.

*
*