Астанада Пайғамбардың (с.ғ.с) туған күніне арналған «Қош келдің, Мәуліт!» рухани кеші өтті

Наурыздыі 11 жұлдызында Астанадағы Конгресс-Холл сарайында Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) туған күніне арналған «Қош келдің, Мәуліт!» рухани кеші өтті.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткен кештің мақсаты мұсылман жұртшылығының басын қосып, таңдаулы тұлғаның тағылымға толы өмірбаяны мен өсиеттерін жан-жақты насихаттау және оған деген үмбеттің сүйіспеншілігін ояту болды.
Кештің бісмілләсі мұсылмандық тәпсімізге сай рухани тірегіміз, бағыт-бағдарымыз бен алтын қазынамыз саналатын Қасиетті Құранды оқудан басталды. Одан кейін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоев кешке жиналған көпшілікке арнап өз лебізін білдірді. Қ.Заңқоев, Мәуліт кешінің мақсаты Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін тойлау емес, жүрегінде иманы бар мұсылманға оның жүріп өткен өмірін үйрету, оның игі істерін бойға сіңіру екендігін атап көрсетті. «Кімде-кім Мәуліт оқылатын жерге қадам басып баратын болса, ол жәннаттың бақшаларының біріне қадам басқандай болады», - деді ол.
Сахна төрінде сондай-ақ, пайғамбардың дүниеден озған 63 жасына тең Астана медресесінің 63 шәкірті Мәуліт салауатын оқыды. Иләһи ән-жырлар кеңінен шырқалды. Өзінің Мәулітке арнауын айтыскер ақын Балғынбек Имашев та жеткізді. Мұхаммед Пайғамбардың өзін Аллаһтың елшісі екендігін мойындату жолында көрген қияметі жайында, өмірінің соңына дейін оның қамқоршысы болған әкесінің бауыры Әбу Тәліп туралы баян ететін көрініс сахналанды.
Одан кейін, Қ.Заңқоев пен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашев университет қабырғасында Пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы шығарма жазудан өткен байқаудың үш жеңімпазын марапаттады.
Келушілер назарына сонымен бірге, 2010 жылы құрылып, бір жылдың ішінде қыруар игі шаруаларды атқарып үлгерген «Мейірімділік жолы» қоғамдық қоры туралы бейнеролик ұсынылды. Қоғамдық қор бүгінде Астана мен қала сыртындағы елді мекендерде тұратын, көптің көшіне ілесуге жағдайлары жоқ отбасылар мен азаматтарға көмек қолын созып отыр. Қор Рамазан айында жамағатқа арнап ауызашарлар беріп, Құрбан айт мерекесінде әлеуметтік әлсіз жандарға азық-түліктермен бірге құрбандық еттерін үлестірді. Қоғамдық қор Қасиетті мерекеде Моңғолияда да құрбандық шалып, ондағы қандастарымыздың көңілдерін бір марқайтып қайтты. Сонымен бірге, Африка елінде ауыз судан таршылық көріп, айықпас кеселдерге душар болып жатқан халыққа бүкіл Қазақ жұртының атынан құдық қазуға қаражат бөлді.
Іс-шара мұсылман жұртында діни сауаттылықты арттыруға негізделгендіктен, «Сүннетке беріксің бе?» сұрақ-жауап ойыны да өткізілді. Жүзден жүйрік суырылып шыққан үшінші-төртінші сыныптың оқушылары мен жас өрендер қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді.
Ал сарайдың фойесінде «Мейірімділік жолы» қайырымдылық қорының көрме-жәрмеңкесі өтті.
Еске салайық, Мәуліт ән-Нәби Пайғамбардың (с.ғ.с.) туылған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі ислам әлемінде һижри IV-V ғасырлардан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, Мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан. Қазіргі таңда бұл мейрамды бір-екі мемлекеттен өзге барлық ислам әлемі ерекше мерекелейді.
Мәуліт - араб сөзі, қазақ тілінде «туған күн» деген мағына береді. Бұл Алла тағаланың ең сүйікті пендесі, Адам атадан (ғ.с.) басталған пайғамбарлардың соңғысы, әрі сардары хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айына атау етіп қойылған сөз. Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла рахымын төгіп, періштелер жарылқау тілейді. Ей, мүміндер! Пайғамбарға (с.ғ.с.) сендер де салауат айтып, сәлем жолдаңдар», - деген.
Сондықтан да әр жылы ай тізбесінің рабиғул-әууәл айында әз Пайғамбарымыздың мәулітін мерекелеп, Алла тағала бізді өзінің сүйікті пайғамбары хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі етіп жаратқанына алғысымызды білдіріп, сүйікті хабибіне жамағат болып салауаттар айтамыз.
Дереккөз: ҚазАқпарат

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован.

*
*