Астанада науқастарға арналған намазхана ашылды

«Орталық жол ауруханасы» елордамыз Астанадағы үздiк медициналық мекемелердiң қатарынан саналады. Мемлекеттiк тапсырыс бойынша, сонымен қатар шаруашылық есепте емдеу жүргiзетiн мекемеде аурудың сан алуан түрi қаралады.
Бұрын қаланың деңгейiнде болған, ал бүгiнгi таңда «Апаттар медициналық темiржол госпитальдары» АҚ филиалы – «Орталық жол ауруханасы» аталған мекеме халыққа медициналық қызмет көрсетудi жаңа заманның талаптарына сай атқарып келедi. Филиал басшылығы дәрiгерлер құрамына танымал мамандарды тартып, аурухананың материалдық-техникалық әлеуетiн жақсартуды жүйелi жүргiзiп отыр. Соның нәтижесiнде емдеу процедуралары көбейiп, күрделi операцияларды жасауға жақсы мүмкiндiктер туындады.
Орталық жол ауруханасында қызметкерлерге әлеуметтiк жағдай қарастыру, мемлекеттiк және кәсiби мерекелерде шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған. Тәуелсiздiк күнi, Наурыз мейрамы, Жеңiс күнi, Конституция күнi, Медицина қызметкерлерi күнi мерекелерiнде тақырыптық кештер өткiзiлiп тұрады. Бұл ретте мекеменiң басшысы Мейiрман Аяпбергенов бас болып, «Нұр Отан» ХДП бастауыш ұйымы және кәсiподақ комитетi бiрлесiп әр шараның маңызды өтуiн ерекше назарда ұстайды.
Жақында аталмыш мекемеде тағы бiр жағымды шара атқарылды. Әр кезеңде емделген науқастардың сұрауы ескерiлiп, аурухананың бiрiншi қабатында шағын намазхана ашылды. Бiр айтарлығы, мұнда келушiлер жетерлiк екен. Емделушiлер мұнда бiр мезгiл келiп, тiзе бүгiп, намаздарын оқып тұрады.
– Ауырған сайын осында келемiн. Дәрiгерлерi өте жақсы. Тек сырқатыңды емдеп қоймай, жаныңа да жылу бередi. Осы жолы келгенiмде намазхана ашылғанын естiп, кәдiмгiдей қуанып қалдым. Ретiне қарай намазымды оқып, жеңiлдеп жүрдiм. Елдiң тiлеуiн ескерiп, имандылықтың ұясын қондырған аурухана басшыларына алғысым шексiз. Бұл – бiр ғана менiң айтқаным емес, бұл осында ем алып жатқан көпшiлiктiң айтып жүргенi. Қазiр намазхана Парламент үйiнде де, әуежай мен вокзалда да, басқа да жерлерде бар ғой. Жалпы имандылық болған жерде iстiң бәрi оңынан болады. Ләйiм солай болғай, – дейдi ауруханада емделiп жатқан зейнеткер Елемес Мұқатова апамыз.
Шағын ғана намазхана iшiне кiрiп шыққан бiз де имандылықтың иiсiн сезiнiп, көпшiлiктiң тiлегiне қосылдық.

Дереккөз: Астана Ақшамы
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Ілмектер: , , , ,

Пікір жазу

Ваш e-mail не будет опубликован.

*
*